ПАРАСАТҚА ІҢКӘРЛІК

0 169

Жомарт ага

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі журналист-публицист, көрнекті философ Жомарт Әбдіхалық кездейсоқ жол апатына ұшырамағанда биылғы көктемде 70 жылдығын атап өтер еді-ау…
Алайда, қатал тағдыр осыдан он жыл бұрын асыл азаматтың өмірін күрт үзіп кетті…
Біз бүгін белгілі қаламгер Жылқыбай Жағыпарұлының жайсаң аға туралы жүрекжарды жазбасын өз оқырмандарымызға ұсынуды жөн көрдік.

«Ар ұялар іс қылмас ақыл зерек» дейтін Абай адамгер­ші­лікті Сократтық деңгейде байыптаған.

Ғажап!

«Зерек ақыл» – демек, бұл те­рең ақыл, өте жоғары нұсқада дамыған ақыл. Ондай деңгейге жете ақыл-ой қалыптастырған адам «Ар ұялар істен» іргесін аулақ салмақ.

…Бұған керісінше қанша дәлел тапқанымызбен, оның бірде-бірі Ар мен Ақылдың өте байланысты деңгейде болатынын ешбір жоққа шығара алмайды. Сондықтан бұл заманның адамынан да талап еті­­ле­тін қорытынды-түйін біреу ғана: «Арлы адам – ақылды Адам».

Бұл – ірі публицист, дарынды философ Жомарт Әбдіхалықтың көзі тірісінде жарыққа шыққанын көре алмай кеткен «100 толғам, 1001 түйін» атты пәлсапалық еңбегінің бір толғамы.

О, опасыз дүние-ай, десеңізші!

Ол «101 толғам, 1001 түйін» атты еңбегін бір-бірімен ажыра­ғы­сыз тоғысып, өрімдесе ұш­тас­қан үш арқау, жеті желі, жиырма бір түйінге бөліпті. Болмыстан басталып, Тіршілікке жалғасқан осы үш арқау, жеті желі «Ғұмыр» атты он жетінші түйінмен аяқталмай тоқтапты… Сол бір «Ғұмыр» атты тарауды түйіндеуге зерделі ойдың зергері, сұңғыла қаламгер Жомарт Әбді­халық­тың ғұмыры жетпеді?!

«Сенімді шыңдап, сынау үшін Таным мәселесіне мықтап мойын бұрып, әуел бастан соны нық­тап, мығымдай беру керек. Се­німің­ді Шарболаттай шымыр, серпінді ету – ұзақ жол, үздіксіз еңбек, тынымсыз ізденіс пен талпыныстың жемісі.  Ол жемістің кәдеге жарап, жарамайтын кез­дері де аз болмайды. Дегенмен, Ақи­қатты әйгілеген шынайы Сенімнің жемісі – өлшеусіз игілік».

Бұл – Жомарт Әбдіхалықтың  «Шарболаттай сенім» атты кіта­бында айтқан оқырманға уәжі, ал өзі мағыналы ғұмырында бұл­жымас қағидаға айналдырған – Темірқазығы.

Замана толқындарында қайық­ша тербелген жұмыр басты пен­де мына болжаусыз өмір, тұр­лаусыз уақыт ағымында өзінің ер­теңгі күніне тиянақ болар Сенім іздеп, өз болмысының мәні мен қоршаған ортадағы халін айқындау мақсатындағы санасын сандалтқан сансыз сұрақтарға жауап іздеп, шарқ ұрады. Таным құпияларының қатпарларын кезіп, саналы болмыстың сансыз сұрақтарына жауап іздейтін өмір­лік ілім философия болса, ықылым заманнан бергі ақыл-ойдың озық өкілдері адам атаулыға өмір сүру өнерін ұқтырумен келеді. Ал осы бір өмірлік ілімнің қазақ топы­рағындағы қабырғалы өкілдерінің бірі Жомарт Әбдіхалық болған­дығы даусыз.

Ол барлық саналы ғұмырында әлемдік философияның мол мұра­ларын жалықпай зерделеп, құныға зерттеп, осы іңкәрлік ізденісінің же­місін қазақ жұртшылығының игі­лігіне жаратуды мақсат тұтты. Оған Жомарт Әбдіхалықтың тіке­лей бастамасымен жарық­қа шыққан «Ой-қазына антология­сының» алғашқы томы дәлел. Ұлы ойшылдардың қатпар-қат­пар асыл қазыналарының құл­пын ашып, адамзат ақыл-ойы­ның кәусарларынан қазақ оқыр­­ман­­дарын сусындатуды ол үнемі ар­мандайтын. Ақыры осы арма­ны­ның жемісі ретінде әлем философиясының үздік өкіл­де­рі­нің шығармалары жинақтал­ған жүз томдық антология құрасты­рудың жобасын жасады. Оның алғашқы томын құрастырып, бас­­­паға әзірлеп, редакторлық жа­­­сап, жарыққа шығарды. Осы кітап жарыққа шыққанда қо­ғам қайраткері, ақын марқұм Кәкім­бек Салықов: «Ой-қазына антологиясы» – теңдесі жоқ ұлы еңбек, бұл мәдени-рухани өміріміздегі маңызды құбылыс, әлем­дік философияны қазақ қауы­мына жеткізу жолындағы алғашқы тума, тұңғыш қарлығаш» деп ой түйіндеген еді.

Жалпы, жиырма жеті жыл бір ұжымда еңбек етіп, бірге жүр­генде менің түйсігіме темір­дей орныққан бір пайым – Жөкең, Жомарт Әбдіхалық қырық жыл­­дан асқан қаламгерлік ең­бек жолында адамның өмірге де­ген көзқарасының байсалды, бола­шаққа деген сенімінің шы­мыр болуын жалықпай жазып, жанында жүргендерге ерінбей үйретіп кетті. Жарық дүниедегі соңғы сәтіне дейін пенде­ліктен биік осынау асыл қа­сиетіне адалдығынан айны­ма­ды.

«…Енді Кімге? Неге сене­тініңді тиянақта. Ештеңеге сен­беу – ол адамгершілік емес. Өзің­ді бірдеңеге зорлап, күштеп сендіруге және болмайды. Тек сенуге лайық тиянақ тапқанда ғана Сенім жаныңа ұялап, жігеріңді жани бастайды.  Содан соң ба­рып қайғы-уайым кеми бермек, қажыр-қайрат үдей бермек…

Міне, Тағдыр, міне, Жол!» деп ой түйді Жомарт Әбдіхалық.

Енді бірде: «Ойлау – акт, құрал, әдіс, ал «ақиқат» дегеніміз – сол арқылы жеткен нәтиже. Оның өзі әр адам үшін алуан түрлі сипатта болатынын аңдаймыз…» десе, тағы бірде: «Мәжбүрлікке көніп, не оны «жеңген» тәрізді болып қана өзіңді «Бақытты» сезінесің. Бәрібір Тіршілік талабына тәуел­дісің. Басқаша ойлаудың бәрі – иллюзия» деп, шындықты шы­найы түрде ашып берді.

Жомарт Әбдіхалық саналы ғұ­мы­­рында табанды ізденіспен жи­наған энциклопедиялық білімін бойындағы табиғи парасаттылық пайымымен ұштастырып, қоғам бол­мысына сындарлы сын ай­та­тын сұңғыла ойшылдық биік­ке көтерілді. Ұзақ жылдар өрі­сін­де сұхбаттас болған сансыз сәттердегі айтылған ойлар, риясыз көңілден шыққан ағалық ақыл-парасат оның ойлау жүйесінің пла­нетарлық деңгейге дейін кө­терілгеніне тәнті ететін. Басқа-басқа, Жомартпен жарты сағат ашық дидарласқан жан оның адамзат, ұлт, ел болашағын ойлап ширыққан жан күйзелісін сезініп, түйсік тұңғиығының тылсымын түсінгендей болар еді: «…жан жүрегімізді күйзелтіп бара жатқан адамгершілік эрозиясына қарсы бүкілқоғамдық, бүкіладамзаттық үніміз әзірге өте саябыр. Жағдай­дың асқынғаны сондай, жанкешті лаңкестік, атып-асу… үйреншікті болып барады. Бұл – нағыз апаттың басы, құлдыраудың айғағы» деп ышқынады Жомарттық жан­ай­қайы. «Адамгершілік эрозия­сы­нан» елін қорғап, ұлтын сақтан­дыру жолын жанкештілікпен іздей­ді. Әттең!?. Селт еткен сезім аз, сананы сыздатып, әрекетке бастар түйсік керең.

Қазақ топырағында, Алматы ау­қы­мында айқындалған фило­со­фиялық орта Жомарт Әбдіхалық­тың тұғырлы тұжырымдарына тосырқай қарады. Толғамы тосын, түйіні тұңғиық философиялық трактаттарын елеусіздеу қабылдап, шынайы назардан тыс қалдырды. Жоғары ғылыми атағы жоқ, философиялық еңбектері кеңінен танылмаған деген желеумен шек­теді. Ақиқатында атағынан ат үр­кетін академиктердің түсінуі қиын, тұжырымы тоқсан том-том кітаптарына кемел ойдың жауһарларын түзген Жомарт Әбдіхалықтың «101 толғам, 1001 түйін» атты жалғыз-ақ еңбегі пара-пар келді. Ендеше, талғамы күмәнді том-том кітап шығарып, танылмаған Жомарт кінәлі емес, қазақ философиясының көкжие­гіне түйдек-түйдек ойларын қал­дыр­ған тұлғаны танымаған, тани алмаған қоғам кінәлі.

Бұл туралы қазақтың ғұлама ғалымы, қабырғалы қайраткері мар­құм Ақселеу Сейдімбек былай дейді: «Жомарт Әбдіхалықтың ең бір құныға ден қойып, құмарта көңіл бөліп, барша саналы ғұмырын арнап келе жатқан саласы – философия. Мұны жай ғана «даналыққа іңкәрлік» («philo-sophos») деуге болмас, ол үшін философия – өмір-тіршіліктің бар­лық түйінін түсінуге мүмкіндік беретін құдірет. Жомарт Әбді­халық – осындай санаттағы кәнігі философ. Бұл жерде мәселе, том-том трактаттар жазып, әлдебір проблеманың түйінін шешкенсіп, одан атақ-лауазымға қол жеткізуде емес. Гәп – өмір туралы тегеурінді таным қалыптастырып, ақиқат шындықтың жолына қол тигізуде болса керек».

Қалай болғанда да, Жомарт Әбді­халық­тың танымдық өресі терең, философиялық трактаттары тас-түйін, аз да болса жазып қалдырған еңбектерінің ғылымдық маңызы өлшеусіз. Оның дүние тануы тұр­ғы­сынан айтқан ойларын, маз­мұны терең философиялық тұжырымдарын ұрпақ игілігіне ай­нал­дырып, жоғары оқу орында­рында дәріс берілсе. Жомарт Әбдіхалықтың қалдырған мұрасы қазақ философиялық ғылымы үшін таптырмас құнды қазына екені анық. Осы қазынаны бола­шақ игілігіне жарату – бүгінгі фи­лософия ғылымының басы-қа­сында жүрген азаматтардың парызы.

Өмірінің соңғы жиырма жылдан астам уақыт бедерінде Жомарт Әбдіхалық Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінінің бас­шы­лық қызметінде болды. Газет тағдыры да адам тағдыры сияқты небір аумалы-төкпелі кезеңдерді бастан кешіреді екен. Жомарт Әбдіхалық бас редактор болып тұр­ған сонау тоқсаныншы жыл­дары «Арқа ажары» газетінің талайына күрделі сын, үлкен ауыртпашылықтар тап келді. Міне, осы кезеңде бас редактор басылымның идеялық, танымдық мазмұнын тереңдету, тақырып аясын тәуелсіз ел мүддесімен қабыстыру, көркемдік безендірілу сипатын оқырман талғамына сай ету мақсатына күш салып, газеттің өз беделін өзі көтеруі арқылы таралымын арттыруға қол жеткізді. Қаржы тапшылығы жағдайында «Арқа ажарын» бүкіл облыстық газеттердің ішінде форматын да, сипатын да өзгертпеген бір­ден-бір қос бояумен шығатын басылым ретінде сақтап қалды. Сол бір кезеңдегі Ахаң – Ақселеу Сейдімбектің бағасына жүгінетін болсақ, «Арқа ажары» газеті көп­шілік қолды бұқаралық сипатымен, байсалды да орнықты мазмұнымен ел өмірінің айнасына айналған Респуб­ликадағы көрнекті басы­лым­дардың бірі екенін атап өткен ләзім. Халық бұл газетке сенеді, бұл газетті өздеріне тірек тұтады».

Турашыл ғалым ақиқатты тап басқан. Қазақ мектептерінің қа­та­рын көбейту, қазақ тілінің мәртебесін өсіру, неміс автоно­миясы деген сұрқия идеяға тос­қауыл қою, Арқада ақындар ай­тысын жандандыру, Ақмола атауы­ның қайтарылуы сияқты ел­дік бастамаларға ұйытқы болып, ұлттық ұстанымдағы істерді жүзеге асыру «Арқа ажары» газетінің орныққан дәстүрі еді. Целиноград қалалық партия комитетінің бюро мүшесі бола жүріп, алғаш қалалық қазақ басылымы – «Астана ақшамы» («Ақмола ақшамы») газетінің негізін қалаған Жомарт Әбдіхалық болғанына да куәміз.

Табиғи парасаттылығына ұшан-теңіз білімнің кемеңгерлігі қо­сылған Жомарт Әбдіхалық өз ортасының рухани ырысы, ой бөлісер қазынасы еді. Арқа өңірін­де оның салиқалы пікірі мен азаматтық ақылына жүгінбеген адам кемде-кем. Осы ретте айта кетер бір мәселе, кейбіреулер жел беріп жүрген «астана көшірілер қарсаңда, одан бұрынырақта да Ақмолаға (Целиноград) келген ақын-жазушылар мен ғалымдар атбасын тірейтін қазақи зиялы орта таба алмай қайтады мыс» деген желеудің шындықпен қа­быс­пайтындығы. Қай кезеңде де Ақмолаға жолы түскен зиялы қауым өкілдері өңірдегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағы – «Арқа ажарына» бас сұғып, Жомарт Әбдіхалықпен жүздеспей кеткен емес. Оның ағалық ақыл-кеңесі мен кәсіби шеберлігінің шапағатын көрген журналист әріптестері де жетерлік…

…«Самарқанның көк тасын еріткен» ару көктем биыл да қытымыр қыстың соңғы таңын жібітіп, тіршілік атаулыны тағы да түрлендіріп жіберді. Сәуір­­дің бірінші жұлдызында Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, белгілі публицист, көрнекті философ Жомарт  Әбдіхалық жетпісінші көктемін қарсы алар еді. Жазмышқа не дауа?!

2004 жылғы қаралы 28 қазан күнгі таңертеңгі сағат 9.00-де «Арқа ажарына» жай түскендей! «Жомарт Әбдіхалық жол апатына душар болды» деген суық хабар жетіп, найзағай оты жүрегімізді шарпып өтті. Ғасырға жуық Арқаның шежіресін жасаған қара шаңырақ қайғыдан қайысып кетті. Сәкен салған сара соқпақтың ізгілігін лайықты жалғастырып келе жатқан Жомарт жолы кілт мүдірді, күрт үзілді…

«Көзден кетсе, көңілден де кетеді» дейді көпшілік. Күмәнім көп?! Жомарт Сафиұлының өмір­ден озғанына да он жыл болды. Біраз су ақты, біршама өзгерістер өтті. Бірақ Жөкеңнің – Жомарт Әбдіхалықтың жайсаң да маңғаз бейнесі көзден көмескіленіп, көңіл­ден кетер емес. Қайта зер­делі ой зергерінің қатарластың тұлғалы қасиеттері зорайып, «Ой-қазына антологиясы», «Шар­болат сенім», «101 толғам, 1001 түйін» атты еңбектеріндегі қазыналы қырлары айшықталып, парасатты болмыстың жаңа бір ғұмыры ашылғандай…

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × two =