«Парасат жолына» жемқорлық жат

0 121

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 19 тамыздағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңесте қоғамда парасаттылық идеологиясын ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.Осыған байланысты, өткен жылдың 21 тамызынан бастап Агенттіктің бастамасымен Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академия­лық кітапхана базасында ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысуымен «Жұмадағы жүздесу» атты тікелей эфирлер өткізіле бастады. Қоғамда адалдық қағидаларын енгізу, адам бойындағы парасаттылық арқылы жемқорлыққа қарсы мінез-құлықтың үлгісін қалыптастыру – азаматтық қоғаммен тығыз қарым-қатынаста болғанда ғана мақсатына жетеді. Халық арасында кеңінен таралған мұндай кездесулер сыбайлас жемқорлыққа қарсы азаматтық бастамалардың өзіндік «фабрикасы», жастардың ғалымдармен, ақын-жазушылармен қоғам қайраткерлерімен кездесу орнына айналды.
Осы жұмыстарды жүйелеу мақсатында және де жаңа серпін беру үшін Агенттіктің «Адалдық алаңы» жобасы аясында елордада ағымдағы жылы 8 қаңтарда Ұлттық академиялық кітапханада «Парасат жолы» орталығы ашылды.
«Парасат жолы» – адалдық, парасаттылық, әділеттілік қағидаттарын қалыптастыруға, сондай-ақ ұлттық мәдениет пен руханият құндылықтарын қоғамда ілгерілетуге бағытталған жоба.
Парасаттылық идеологияны насихатау мен ілгерілетудің маңыз­дылығын ескере отырып, бүкіл республика бойынша кітапханалар базасында «Парасат жолы» орталықтарын ашып, елордалық тәжірибені барлық өңірлерге тарату туралы шешім қабылданды.
«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы атап өткендей, «Парасат жолы» орталықтарының руханият шаңырағы, ізгіліктің, әділдіктің, парасаттылықтың ордасы кітапханада ашылуы – ол заңдылық.
Бүгінгі күні республика бойынша барлығы 4077 орталық ашылды, оның 3878-і – кітапханалар базасында, 199-ы – оқу орындарында. Орталықтар ашылғалы бері 8 мыңға жуық шара өткізілді, олардың ішінде кездесулер, тікелей эфирлер, әдеби кештер, пікірталастар, кітап көрмелері, жыр сағаттары, басқа да жиындар.
«Парасат жолы» орталықтарының әдістемелік жұмысын Ұлттық академиялық кітапхана үйлестіріп отыр.
Республикалық «Парасат жолы» орталығының жетекшісі қоғам қайраткері, жазушы Сәдібек Түгелмен бірге наурыз-сәуір айларында Шығыс Қазақстан, Павлодар, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында болып, өңірлердегі орталықтардың жұмыстарымен танысып, зиялы қауым өкілдерімен, тұрғындармен кездесулер өткіздік.
«Парасат жолы» орталықтарының жұмысына еліміздің белгілі зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері белсенді қатысуда. Атап айтатын болсақ, филология ғылымдарының докторлары, профессорлар Әділ Ахметов, Серік Негимов, Шәкір Ыбыраев, Шерубай Құрманбайұлы, Темірхан Тебегенов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет және басқа да зиялы қауым өкілдері осы жұмыстарға ерекше ықыласпен қолдау көрсетуде.
Аталған жұмыстарды жандандыру бағытында мәдениет және спорт саласындағы шығармашылық одақтармен, түрлі ұйымдармен тығыз жұмыс атқаруды жоспарлап отырмыз.

Жазира ЖЫЛҚЫШИЕВА,
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
Агенттігі төрағасының кеңесшісі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − six =