©2020 Астана Ақшамы
Паралимпиадашылар мектебі шақырады
Паралимпиялық жаттығу орталығында Астана қаласы әкімдігінің мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылды.
Салтанатты шараға қатысқан елордалық Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұловтың айтуынша, жаңа мектепте арбамен би билеу, пауэрлифтинг, бочча, голбол, таэквондо, жүзу, футбол дзюдо секілді 17 спорт үйірмесі жұмыс істейді. Жүзушілер мен жеңілатлеттер «Алатау» спорт кешенінде жаттықса, басқа спортшылар Паралимпиялық жаттығу орталығында дайындалады. Бүгінде мұнда 24 бапкер тәлім-тәрбие береді.
Тағы бір айта кетерлік жайт, Астана қаласында тұратын мүмкіндігі шектеулі жандар жасы мен мүгедектігінің тобына қарамастан Паралимпиялық жаттығу орталығында тегін жаттыға алады. Бұл үшін мүгедектігі бар екендігін растайтын анықтама, мекенжай анықтамасы және жеке куәлік қажет.
– Орталыққа келген мүмкіндігі шектеулі кісілер тәні мен жанын сауықтыруға арналған спорт түрлерімен емін-еркін айналысады. Спорт нысаны күніне 600-дей адамды қабылдай алады, бірақ қазіргі келушілер саны одан әлдеқайда аз. Сондықтан бұл орталық туралы барынша көпшіліктің құлақтанғанын қалаймыз, – деп атап өтті қалалық Мәдениет және спорт басқармасының басшысы.