ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕГІ ЖҮКТІЛІК

0 109

Жүктілік кезеңі – бұл отбасы, әсіресе ана үшін қуанышты сәттерге толы ерекше уақыт. Бірақ бүгінде пандемия болашақ аналар үшін қорқыныш, алаңдаушылық және белгісіздік тудырып отыр. Коронавирус індетінен және соған байланысты енгізілген карантин шектеулерінен жүкті әйелдер мен өмірге енді келген сәбилер де зардап шегіп жатыр. Аяғы ауыр әйелдің ағзасы онсыз да әлсіз келеді, сол себепті вирусты жұқтыруы оңай, ал емделу қиын.

ҚР ДСМ 13 тамызда шыққан №506 хаттамасы бойынша әр әйел жүктіліктің соңғы апталарында, негізінен, 37 аптаға жеткен соң COVID-ке ПТР тест тапсыруы қажет. Егер гинекологиялық асқынуларға байланысты тест тапсыруға үлгермей қалса, талдауды перзентханада тапсырады.
Қазіргі таңда коронавирус жұқтырған жүкті әйелдерден инфекцияның аса ауыр белгілері байқалмады. Болашақ ана бірден екі ағза үшін жауап беретіндіктен, олар өзіне ерекше көңіл бөлуі тиіс. Бұл инфекцияның алдын алу үшін дұрыс тамақтануға, жақсылап ұйқы қандыруға және ағзаны дәруменмен байытуға мән беру керек. Күнделікті су ішу теңгерімін сақтап, өзгелермен байланысты азайту, қолды үнемі жуу, яғни барлық қажетті шараларды ұстану қажет. Егер жүкті әйелде коронавирустың алғашқы белгілері байқалса, дереу тұрғылықты жерінде тіркелген дәрігер-гинекологқа хабарласуы керек. Коронавирус инфекциясы расталса, әрине, оның жеңіл немесе ауыр түріне байланысты ауруханаға жату қажет. Ал егер жүктілік 36 аптадан асса, оны міндетті түрде ауруханада емдеу қажет болады. Жаңа босанған сау әйелдердің және Қазақстанның ірі қалаларындағы дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін перзентханаларда жедел респираторлы вирустық инфекциялар, COVID-19 белгілері бар жүкті әйелдерді уақытша ауруханаға жатқызуға жағдай жасалған.
Босану алдында тексерілу қауіпсіз бе?
Жүкті әйелдердің өздерін және дәрігерлерді жұқпалы аурулардан қорғау үшін медицина мекемелеріне сирек, тек қажет болған жағдайда барғаны дұрыс. Пандемиялық жағдайға бейімделіп, акушер-гинеколог дәрігерлер телефонмен консультация өткізуді дағдыға айналдырып келеді. Эпидемия кезінде үйде болғандары абзал, аса қажеттілікпен көшеге шыға қалса, қашықтық сақтауға бейімделулері керек. Ал босанған соң жоспарлы екпелерді қалдырмай алған жөн. Дәрігермен ақылдаса отырып, ана мен баланың медициналық қызметті ең тиімді және қауіпсіз алу жолдарын ақылдасып алу керек.
Жүкті әйелден инфекция балаға жұғуы мүмкін бе?
Вирустың жүктілік кезінде анадан балаға өтуі мүмкін екені әлі дәлелденбеген. Әлем ғалымдарының зерттеулеріне сүйенсек, ана сүтінен, қағанақ суынан вирус анықталған жоқ. Бірақ сәби иммунитетінің әлсіз болуына байланысты перзентханада жаңа туған баланы анасының ПТР тест нәтижесі шыққанша оқшаулайды. Бұл жағдай босанатын анаға алдын ала ақпарат бергеннен кейін жүзеге асырылады. Баланы оқшаулауды ЮНИСЕФ ұйымы қолдамайды. Ұйымның жүктілік пен жаңа туған нәрестелердің жағдайына арналған нұсқаулығында коронавирустың ананың жыныстық сұйығында, кіндікте және омырау сүтінде табылмағаны айтылған. Осыны негізге алған ЮНИСЕФ «емізудің қаупінен гөрі пайдасы басым» дейді.
Жаңа туған сәбиді коронавирустан қалай қорғаймыз?
Бала дүниеге келгеннен кейін үйге қонақ шақырмай, тек отбасы мүшелері ғана болғаны жөн. Үлкен балаларыңыздың басқа балалармен қарым-қатынас жасамауын қадағалаңыз. Жақындарыңыз қолын жуып, өздеріне жақсы күтім жасауы тиіс. Жүкті әйелдерге, босанатын әйелдерге, жаңа босанған әйелдерге және барлық жастағы гинекологиялық науқастарға акушерлік-гинекологиялық көмек көрсету ҚР ДСМ клиникалық хаттамаларына сәйкес жүзеге асырылады. Акушер-гинекологтар әйелдерге жүктілік кезінде, босанғаннан кейін акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетеді және ұйымдастырады, отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулық сақтау қызметтерін, сондай-ақ репродуктивті жүйенің гинекологиялық ауруларының алдын алу, диагностикалау және емдеуді жүзеге асырады.
Жүктіліктің асқынуының қауіпті факторлары
Жасы 35-тен асқан соң жүкті болған әйелдерде балаға өтетін хромосомалық ауытқулардың көп болуының салдарынан денсаулығына төнетін қауіп жоғары болады. Сонымен қатар бұрын сәтсіз босанған әйелдерде де қауіп жоғары. Тәуекел тобына жүрек-қан тамырлары, зәр шығару, тыныс алу, эндокриндік жүйелер, тірек-қимыл аппараты аурулары бар әйелдер жатады.
Пандемия кезінде жоғары қауіпті факторлары бар барлық әйелдер жүктілікті үлкен жауапкершілікпен жоспарлауы керек. Себебі жүктіліктің кез келген кезеңінде инфекция жұқтыру қаупі жоғары. Белгілі бір жағдайларда уақытылы медициналық көмектің болмауы, аса ауыр жағдайлардың жоғары ықтималдығы әсер етуі мүмкін. Аса ауыр жағдайлар дегеніміз – өміріне қауіпті айқын белгілері бар жүкті, босанған немесе босанған әйелдің түсік жасағаннан кейінгі 42 күн ішіндегі жағдайы.
Осыған байланысты ЮНИСЕФ ұсынған алдын алу шаралары бар. Атап айтқанда, мүмкіндігінше қоғамдық көлікті пайдаланбау, мүмкін болса, қашықтан жұмыс жасау, қоғамдық жерлерде, әсіресе, жабық және адамдар көп шоғырланған жерлерде жүрмеу, достарыңызбен және туысқандарыңызбен кездесулерді шектеу, акушерге, гинекологқа және басқа да қажетті мамандарға хабарласу үшін телефон, мәтіндік хабарлама немесе желідегі қызметтерді пайдалану керек.

Қалдыгүл СЕЙТБЕКОВА,
ҚР Президенті іс басқармасы ауруханасының гинеколог дәрігері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 − 3 =