Панчер

0 15

Кәсіпқой бокста қазақ жанкүйері үміт артқан боксшының бірегейі – Садриддин Ахмедов. 2016 жылы Санкт-Петербургте өткен жастар арасындағы әлем чемпионатынан алтын медаль әкелгенде бокс мамандарымен қатар көпшілік те «Осы бала бұйырса Олим­пиаданың да, әлемнің де чемпионы болады» деп жарыса айтып жүретін. Осы тұста Қазақстан ұлттық құрамасы сапына да шақырылған еді. Алайда, жас боксшы ойламаған жерден кәсіпқой боксқа ауысып кетті…Кеше «қазақстандық панчермен» елордамызда кездесіп, біраз әңгіме өрбіттік.

– Садреддин, қал-жағдайы­ңыз жақсы ма, демалыста жүрсіз бе?

– Иә, қазіргі жағдайға қарай, яғни, спорт жарыстарының шектелуіне байланысты демалыста жүрмін. Өз елімде, өз жерімде демалғаным дұрыс болар деп шешкен едім.

– Көк туды желбіретіп шығатын әр жекпе-жегіңді көріп тұрамыз. Қазір қайда тұрып жатырсыз?

– Мен қазір Канаданың Монреаль қаласында тұрамын. 2017 жылы осы қалада тіркелген «Eye of the Tiger Management» промоу­терлік компаниясымен шартқа отырған едім. Содан бері Марк Рэмзи деген тәжірибелі бапкермен бірге жаттығып, жарыстарға осы жақта дайындаламын.

Ал жекпе-жектерімді жерлес­терімнің көретініне мен де қуаныштымын.

– Кәсіпқой бокста қанша айқас өткіздіңіз, алғашқы айқас­ты ұмытпайтын шығарсыз, қалай дегенмен жастай кеттіңіз ғой.

– Екі жылдай уақытта 11 жекпе-жек өткізіп үлгеріппін. Бұл көп пе, аз ба, білмеймін, әйтеуір әр жекпе-жекте алдын ала ойластыр­ған тактикалық жоспарларымыз орындалып жатқандай. Ал алғашқы айқасым туралы айтсам, бірінші рет кәсіпқой бокстың шаршы алаңына шығайын деп тұрған соң бір қобалжудың болғаны рас. Дегенмен, мен өзіме сенімді болғанымды да айтқым келеді. Өйткені, осыған дейін ересектер арасындағы бір-екі үлкен турнирлерде («Король Кубогы». 2017 жыл, Тайланд. ҚР Президентінің Кубогы. 2017 жыл, Қазақстан. Ғ.Қ.) жеңіске жеткен едім. Жекпе-жек Квебек-Сити қаласында өткен. Қарсыласым мексикалық Тони Баррерас та осал емес екенін білдім. Бірақ жекпе-жекке шыққанда бәрін ұмыттым да бірден шабуылға кірісіп кеттім… Сөйтіп дүркін-дүркін соққан ұрыстарымнан қарсыласым бірінші раундта нокаутқа түсті.

– Кәсіпқой бокстағы жастар арасындағы чемпион атағын жеңіп алған сәтіңізді еске алып көрейікші… Сонымен қатар жастар арасындағы WBC Asia тұжырымы бойынша да чем­пион екеніңізді білеміз.

– Бұл менің жетінші жекпе-жегім болатын. WBC тұжырымы бойынша жастар арасындағы әлем чемпионы деген атақ та бар екен. Жасым да, көрсеткіш­терім де келіп тұрған соң қатысуға шешім қабылданды. Он раундтық бірінші жекпе-жегім еді. Сондықтан да өте қызу дайындық жүргіздік. Қарсыласым мексикалық Абрахам Хуарес болды. Бұл жекпе-жекті төртінші раундта аяқтадым. Төрешілер техникалық нокаут деген шешім шығарды. Бұл жекпе-жек Монреальда өткен еді, ал бұл қалада менің жанкүйерлерім көп, «панчер» деп еркелетіп қояды. Иә, кәсіпқой бокстан жастар арасындағы Азия чемпионы атанғанмын.

– Соңғы жекпе-жегіңіз қашан өтті? Келесі жекпе-жекті қашан өткізуді жоспарлап отырсыз?

– Соңғы жекпе-жекті 2019 жылы 7 желтоқсанда аргентиналық Хосе Антонио Вильялобос есімді боксшымен өткіздім. Жетінші раундта нокаутпен жеңіске жеттім. Ал алдағы уақытта өтетін жекпе-жектерім туралы нақты ештеңе айтқым келмейді. Негізі шарттарға сәйкес осы күзде шығуға тиіспін. Бірақ қазіргі пандемия жағдайына байланысты нақты айту қиын. Құдай бұйырса уақытында көрерсіздер. Жалпы, менің басты мақсатым кәсіпқой бокстағы негізгі тұжырымдардың бірінде чемпион болу. «Канело» деген боксшымен «төбелессем» деген арманым бар.

– Боксқа қалай келгеніңізді айтып өтсеңіз?

– Мен Оңтүстіктің Жетісай қаласында туғанмын. Астанаға көшіп келгеннен кейін боксқа бардым. Он жасымда Мәулен Мұстафин есімді бапкердің қол астында жаттығуды бастаған едім. Сегіз-тоғыз жылдай жасөс­пірімдер мен жастар арасындағы жарыстарда шыңдалдым. Шамалы уақыт ересектер жарыстарына қатыстым да, біржола кәсіпқой боксқа ауысып кеттім.

– Әңгімеңізге рақмет, жеңісті күндеріңізді көре берейік.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 5 =