Палау жей береміз бе?

0 153

Басын ашып алайық, өзбектің палауына өштігім жоқ. Өзім де палауды олардан кем пісірмеймін. Айтпағым, қалада палау орталықтары өртеңге шыққан сүйріктей қаптап келеді. Табақ толы палауы бар, бір шәйнек шайы, қызанақ пен пияз араласқан салатына тағы бір тандыр нан қоссаңыз, бар-жоғы мың теңгенің айналасында шығады.Өзбек акаларым қаламыздың қоғамдық тамақтандыру жү­йесіндегі олқылықты біліп, оның орнын толтырғандай. Қаланың шеті, қайнаған ортасы демей, дәу қазандарын қайнатып, орталықтар ашып тастады. Көше бойлай жел үрген местей адам сұлбалары қайда палау барын меңзеп, қол бұлғап шақырып тұрады. Бірден танисыз, әлгі меске өзбектің шапанын кигізіп қойған. Кіре қалсаңыз өкінбейсіз, асықпай түстеніп көңіліңіз де, қарныңыз да тойып шығады.

Неге өзбек палауының шыра­йын шығарып мақтап отырмын? Түсінген боларсыздар. Сұраныс бар. Мысалы, тек біздің газетіміз орналасқан сол жағалауда мен білетін 4-5 палау жеу ішін іздеп баратын жер бар. Егер осы жағалауды жайлағандардың дені мемлекеттік қызметкерлер, осындағы бизнес-орталықтардың жұмысшылары десек, әлі келгені осында түстенеді. Тек түстік пе? Осы күнгі келіншектер де үйіне қонақ шақырып шаршағанды қош көрмейді. Дос-жарандар, ауылдан келген таныстардың, одан қалды құрбылардың жиі бас қосатын жері палаухана болды. Кешкісін де бұл орталықтар бос емес. Жай сұхбаттасып не асығыс кешкі асын жейтіндер де осында келеді. Демалыс күндері кішігірім шақырыспақ, туған күндерді осы орталықтарда атап өтеді. Аса қымбат емес, қолжетімді. Палаушылар да, палауды жақсы көретіндер де риза. Астаналықтардың асқазанына тек палау ғана жағады ма деп ойларсыздар. Жоқ, әрине. Майы сорғалаған күріштің көбімізге кері әсері бар, бірақ көк шаймен тоқ басамыз. Осындайда өзіміздің ет болса екен деп армандаймыз. Алайда әлі де біраз армандайтын шығармыз. Өйткені палауды ығыс­тырар қазақы ет орталықтарының ашылатын күні туа қоймас.
Жылқының сүр етін, қазысын қаламайтын жан жоқ болар. Сор­пасына құрт езіп ішсеңіз қандай! Аузыңда еритін бағланның етінен жасалған қуырдақ қалай палауға қарсы тұрар еді! Әрине, мұның бәрі асүйімізден асып шықпай жатыр. Елімізге келгендерге «елдің асы» деп орталықтарға апарып палау ұсынатымыз да сондықтан.
Осыған қарап қазақтың ұлттық асын дәріптейтін қоғамдық тамақтандыру желісін жетілдіріп, оларға қала төрінен ойып тұрып орын беретін уақыт жеткен жоқ па деп ойлайсыз. Барға қанағат дейтін болсақ, «Қағанат», «Шымкент», «Тағам», «Тайқазан» дейтіндей тамақтандыру желілері бар. Олардан да не қалағаныңды алып ішесің. Дегенмен салыстыра келсең, палау орталықтары бәрінен алға озып шыққан сияқты.
Осы орталықтың тәжірибесін пайдаланып, неге қазақтың етін жеп, қымызы мен шұбатын ішіп, ірімшікпен сүт қатқан шайын ішіп, ыстық бауырсақтан дәм тататын орталықтар ашпасқа? Мүмкін алғашқы кезде қала басшылығы мән беріп, қазақы брендіміздің асқақтауына көңіл бөліп, қажет болса, осындай оймақтай отау ашатындарға жеңілдік қарастырса, аяғынан тұрып кетер еді.
Осы күні әлеуметтік желідегілер «қазақы тағамның құнарлығы соншалықты, ешқандай вирус алмайды» деп шулап жатыр. Ендеше дәл осы кезде халықты құнарлы тағаммен қамтамасыз ететін қолжетімді орындарға кез келген шығар. Ойланып көрейік. Жайлы жайда қазақы орталықтар ашылып жатса, палау жеп неміз бар?

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 + seven =