ПӘКІСТАН МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ

0 167

ЭКСПО қалашығында күнара тойланатын әр мемлекеттің ұлттық күнін ұлықтау жалғасуда. Кеше Пәкістан Ислам Республикасы  өзінің тәуелсіздік ал­ғанына 70 жыл толуы­на орай мерекелік бағ­дарлама әзірледі.

Салтанатты шараға қатысқан Пәкістан Республикасының Қазақстандағы елшісі Абдул Салик Хан мемлекеттің тарихына тоқталды.

– 2017 жылдың біз үшін айрықша мәні бар, өйткені бүгін Пәкістанның ел болып құрылғанына 70 жыл толып отыр. Мем­лекеттің негізін қалаушы Куэйд-и-Азам Мухаммад Али Джиннаның басшылығымен жетпіс жыл бұрын Оңтүстік-азиялық субконтиненттегі мұсылмандар өздерінің салтына, мәдениеті мен құндылықтарына сәйкес өмір сүре алатындай азат ел атанды. Тәуелсіздікті қорғау – тәуелсіздікке жетуден де қиын. Осы тәуелсіздікті қорғау үшін жанын құрбан еткендер біздің жадымызда сақталады. Азаттық алғаннан кейін Куэйд Пәкістанның сыртқы саясатының негізгі қағидаларын белгілеп кетті. Ол өз сөзінде жаңа мемлекет бүкіл әлем елдерімен тату өмір сүруге ниетті екендігін, сондай-ақ, басқыншылыққа талпынбайтынын атап өткен. Сол уақыттан бері Пәкістан ұлт әкесінің саясатын рухани жағынан да, іс жүзінде де жалғас­тыруда, – деді елші.

Бүгінде Пәкістан – 200 миллионға жуық халқы бар демократиялық республика. Елде ерекше құлшыныспен жұмыс істейтін парламент, тәуелсіз сот жүйесі және еркін БАҚ-пен қатар белсенді азаматтық қоғам бар. Ал ЖІӨ өсімі соңғы жылдарда үш пайыздан бес пайызға дейін көтерілді.

Ал «жасыл» энергетика саласына келетін болсақ, Пәкістан – жаһандық бастаманың шеңберінде уақытылы жүзеге асқан жоғары сапалы күн карталары­нан пайда көре білген елдердің бірі. Мемлекеттің баламалы энер­гияны өндіре алатындай үлкен әлеуеті бар. Атап айтқанда, Пәкістан шамамен 2,9 млн МВт күн энергиясын және 340 мың МВт жел энергиясын, сондай-ақ 100 мың МВт гидроэлектроэнергияны өндіре алады. Осының бәрі Пәкістан павильонында айшықты түрде көрсетілген.

Кеш соңында пәкістандықтардың мәдени өмірінің көркемдігі мен байлығын Михрам және оның тобы паш етті.

Гүлдана
ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × two =