Па, шіркін, Патрисия Каас

0 114

Patricia_Kaas

Биылғы Қазақстандағы Франция жылының басты жаңалығы – әлемге әйгілі Патрисия Каас Астанаға ат басын бұрады. Осылайша елордалық ағайын дүниежүзіне есімі мәшһүр әншімен бетпе-бет жүздесіп, тағы бір француз тарланын еске алуға арналған «Каас Пиафты жырлайды» атты тамаша шоуды тамашаламақ.

Бұл мәдени шараның бұлайша аталуы да тегін емес. Тыңдарманын қарлыққан дауысымен баурап алған француздық өнерпазды көпшілік Эдит Пиафқа жиі ұқсатып жататын көрінеді. Ендеше, француз мәдениетінің майталманына айналған тұлғаны оқырмандарға таныстырсақ…
Ол Францияның Форбак деген шағын қаласында дүниеге келген. Әкесі қарапайым шахтер, анасы үй шаруасындағы әйел болған. Патрисияға әншілік өнер қайдан келді деп отырған шығарсыз? Иә, бұл сауал төңірегінде оның өзі былай дейді: «Бала кезімізде анамызды ренжітсек, оның ащы даусы құлағымызды жаратын. Десе де, үнінде жанға жағымды әуез бар еді. Сол үн жанымызға жағатын». Патрисия ән айтқанды жақсы көретін әкесін, сабырлы да салмақты анасын, отбасылық мерекелерді аса үлкен сезіммен еске алады. Ол бала кезінде кәмпит немесе түрлі ойын-сауық шараларының билетін алу үшін сатушыларға ән салып береді екен. Өзінің дене бітімі өте нәзік. Тіпті, кейбіреулер оның әнді өзі айтып тұрғанына сенбейтін кез де болыпты. Өйткені, көз алдыңызға елестетіп көріңізші, талдырмаш дене, басқа бір әлемге жетелей түсетін қарлығыңқы, әуезді дауыс.
Анасы Патрисияның өнер адамы болатынын іштей сезген көрінеді. Әрі өзі солай болғанын қалайтын, әр қадамына, жетістігіне қуанатын. «Қиындықты көп көрген отбасынан бір қызымыз өнер жолына түседі. Францияны аузына қаратады, кедейліктен құтыламыз» деп көп үміт күткен екен. Ол 8 жасқа келгенде анасы Форбактағы жалпықалалық конкурсқа жетелеп әкеледі. Патрисия көптің арасынан озып шығып, жеңімпаз атанады. Осы байқаудан кейін қаршадай қызды сыра мерекесіне ән айтуға шақырады. Бірақ, мерекенің аты айтып тұрғандай, ол жерде Патрисияны тыңдайтын ешкім болмаған екен. Бұған көңілі қанша құлазығанымен, қажымады, уайымға берілмеді. Отбасына қаражат керек болғандықтан, ол ән айтуын жалғастыра берді. Бірақ, сабақ оқуына, білім алуына уақыты болмады. Кейін анасының рұқсатымен мектептен шығуына тура келді. Үйдегі кенже бала енді отбасының асыраушысына айналды. Оның тапқаны шахтер әкесінің табысынан кем болған жоқ. Әнші 13 жасқа толғанда Форбакқа немістердің енді-енді танылып келе жатқан музыкалық тобы келеді. Сол концертте Патрисия өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады. Оның дауысына таң қалған аталмыш топтың продюсері Бернар Шварц бірден бірге жұмыс істеуге шақырды. «Сенің деңгейің сыра мерекесінде ән салу емес. Сен әлі-ақ бүкіл Парижді жаулап аласың. Дауысыңда ерекше әуез бен тартымдылық бар» деді ол. Осылайша үлкен сахнаға қадам басады.
Кейіннен әншінің талантын байқап, қаржылық қолдау көрсеткен белгілі актер Жерар Депардье болған. Талантты актер өнерге қадам басқан дарынды қыздың «Mademoiselle chante le blues» атты әнін шығаруға көмектеседі. 13 жасынан-ақ үлкен сахнаның шымылдығын түрген талант иесінің 1988 жылы осы әнмен аттас алғашқы жинағы шығады. Франциялық хит-парадта екінші орынды еншілеген альбом екі ай көлемінде, 64 апта бойы тыңдармандардың таңдауы бойынша үздік әндер қатарын толықтырып тұрған. Алғашында жүз мыңға таяу данасы сатылған жинақ француздықтар үшін «алтынмен» бағаланады. Ал, үш ай көлемінде тағы 350000 данасы сатылған альбом осылайша әншіге өнерде үлкен мүмкіндіктер ашып береді.
Сонымен қатар, осы ән жинақ әйгілі актер Ален Делонның жүрегін жаулап алды. Кейін ол Марлен Дитрихтің «Мен жақсы көретін Ален Делонға» деген кітабын «Мен сүйетін Патрисия Каасқа» деп өзгертіп сыйға тартты. Сол уақыттан бастап актер мен әншінің арасында өзгеше сезім оты тұтанған еді. Ал, Францияның белді басылымдары «Нәзік те талдырмаш жас қыздың дауысы Марлен Дитрихтен аумайды» деп жазып жатты…
Бүгінде әнші өзінің гастрольдік сапарларын сәттілік формуласы ретінде бағалайды екен. Ол рас, Каас бірнеше жылдан бері шетелдерде үздіксіз концерт берумен келеді. Мәселен, оның 2013 жылғы кестесінде шетелде өткізілетін 150 концерт белгіленген. Каастың репертуарында поп-музыка мен классикалық шансон көп кездеседі.
Дей тұрғанмен, әншінің жеке өмірі дәл шығармашылығындай жақсы бола қойған жоқ…

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 + eighteen =