Озық тәжірибе өнімі – отандық екпе

0 149

Вакцина технологиясын жүзеге асыру кезінде Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары ұзақ жылғы ғылыми зерттеулер нәтижесінде қол жеткізілген озық тәжірибені қолданды. Мұндай тәжірибе көптеген елдердің биотехнология саласында бар. Екпе жайлы өзгеден емес, оны жасаған саланың өз маманынан сұрау үшін ветеринария ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, аталған институттың бас ғалым хатшысы Хайрулла Абеуов Біләлұлын сөзге тарттық.– Лауазымдық қызметіңізге сәйкес институтта орындалатын ғылыми бағдарламалар мен жобаларды үйлестіресіз. Соның ішінде коронавирусқа қарсы вакцина технологиясын әзірлеу бағдарламасы туралы айтып берсеңіз.
– Елімізде коронавирус инфекциясының алғашқы жағдайы тіркелген бойда біздің институт ғалымдары осы індетке қарсы қолдан не келеді деген сұраққа жауап іздеді. Сөйтіп былтыр 23 наурызда Алматы қаласында ауырған адамнан биологиялық материал сынағын ала салысымен ауру қоздырғышқа қатысты ғылыми зерттеулермен айналысып кетті. Бұл жұмыстармен қатар ғалымдар 2020-2022 жылдарға арналған «COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы вакцинаны әзірлеу» ғылыми-техникалық бағдарламасын дайындап, сол бойынша жұмыс­тарды жоспарлады. Тауарлық белгісі «QazVac» болып табылатын «QazCovid-in» вакцинасы инактивтелінген екпелер қатарына жатады. Оның технологиясын әзірлеу барысында құрамындағы вирустың зардабы инактивантпен жойылған және ағзаға енгенде иммунитетті күшейту мақсатында қосымша күш беретін адъювант қолданылған. Отандық вакцинаның басқа шетелдік препаттардан ерекшелігі – оның қауіпсіздігі мен тиімділігінің дәрежесі салыстырмалы түрде алғанда жоғары болуында және біздің отандық вакцина 2º С-тан 8º С-қа дейін жететін температуралық режимде, жарық түспейтін жерде сақталып, тасымалдана береді. Бағдарлама бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру барысында институттың 200-ге жуық ғалымы мен ғылыми қызметкерлері уақытпен санаспай, халықтың денсаулығын сақтап қалу үшін індетке қарсы вакциналық препарат технологиясын әзірлеумен күндіз-түні айналысты.
– Осындай озық технологиямен жасалған екпеге неге кейбіреулер әлі де сенбейді?
– Бүгінгі ақпараттық технологияның қарқындап дамыған заманында ғаламтор жүйесінде, әсіресе әлеуметтік желілерде тексерілмеген, бейресми, біреуден біреу көшіріп жіберетін вакцина құрамы мен жағымсыз әсерлері туралы жалған қауесеттер көп. Шынымен де халық кімге сенерін білмей әбігерге түскен кез болды, қазір соған бір тосқауыл қоятын уақыт келді. Негізінде халық ел үкіметі мен министрліктер тарапынан таралатын ресми дәлелді, уәжді ақпаратқа сенгені жөн.
– Қазір ең көп айтылатын қауесет – екпе бедеулікке әкеледі деген сөз…
– Бұл да – тексерілмеген қауесет, ақпар. Ешқандай екпе бедеулікке әкеп соқтырмайды. Ол айдан анық нәрсе. Кез келген індетпен, вирус­тық инфекциямен күресудің ең сенімді жолы вакцинация екені көзі ашық адамға түсінікті жайт. Қазіргі пандемия жағдайында бұл мәселенің маңыздылығы артып отыр. Сондықтан «QazVac» вакцинасын шығару – отандық ғылымның жетістігі әрі мемлекет үшін саяси мағынасы жоғары деп түсіну қажет. Өйткені вакцинаны қолдану арқылы әр мемлекет өз халқының саны мен оның денсаулығын сақтап қалады.
– Институтта қолданыстағы вакцинадан басқа да отандық екпелер дайындалып жатыр, олардың бұрынғыдан айырмашылығы неде?
– QazVac» – отандық инактивтелінген вакцина, бұдан басқа жоғарыда аталған ҒТБ шеңберінде тағы 4 вакцинаны әзірлеу технологиясын жасап шығару жоспарланып отыр, оның біреуі – суббірліктік вакцина, екеуі – векторлық вакцина және соңғысы аттенуирленген тірі вакцина.
– Осындай алмағайып заманда жұмыс жүктемесі де, жауапкершілігі де көбейген институт қызметкерлерінің жағдайы өз деңгейінде жасалып отыр ма?
– Иә, институт қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы біршама жақсарды. Олардың орташа жалақысының көлемі жоғарылады, сонымен қатар институт қызметкерлеріне арнап 60 пәтерлік 3 үй және спорт сауықтыру кешені салынып жатыр.
– Жаңадан салынып жатқан вакцина өндіретін зауыттың қуаты қандай болмақ?
– GMP халықаралық стандарттарына сәйкес жаңадан салынып жатқан биологиялық препараттарды өндіру бойынша биофарм зауыты толық іске қосылғанда оның қуаты жылына жылына 30-60 млн доза вакцина өндіруге жетеді.
– Елдің бұрынғы қалыпты өмірге қайта оралуына мүмкіндік беретін ұжымдық иммунитет қашан қалыптасуы мүмкін?
– ДДҰ мәлімдемесі бойынша әр мемлекет халқының арасында коронавирус инфекциясына қарсы иммунитеттің деңгейі 70 және одан жоғары пайыз көрсеткішіне жеткенде ұжымдық иммунитет пайда болады.
– Отандық екпеден кейін антидене қанша уақыт бойымызда жүреді, тағы егу керек пе? Оны еге беру зиян емес пе?
– Екпені салдырғаннан кейін коронавирусқа қарсы антиденелер деңгейін белгілі бір кезеңдер арасында тексеріп, анықтап отыру керек. Олардың деңгейі тиісті мөлшерден төмендеген жағдайда ревакцинация жүргізген дұрыс және қайта салдырғанмен, вакцинаның адам ағзасына жағымсыз әсері болмайды.
– Болашақта балаларға да осы дертке қарсы екпе салынуы мүмкін бе?
– Иә, мүмкін. Ол үшін қосымша клиникалық сынақтар нәтижесі негізге алыну керек.
Індет келгелі ғана елімізде вирусолог мамандар жоқ деп дабыл қағып жатырмыз. Оларды енді қалай дайындап үлгереміз?
– Пандемия кезінде вирусологтардың тапшылығы шынымен көрініп қалды, өкінішке қарай, мамандандырылған вирусолог мамандарын республикамыздың бірде-бір жоғары оқу орны дайындамайды. Осыны ескере отырып, институт басшылығының бастамасымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Вирусология» мамандығын дайындау мақсатында жоғары білімнен кейінгі магистратура және докторантура ашу жөніндегі өзара ынтамақтастық туралы Меморандумға екі тараптың басшылары өткен жылдың 9 қарашасында қол қойып бекітті. Аталған меморандумның негізінде ЖОО-дан кейінгі білім беру бағдарламалары шеңберінде магистратура және PhD докторантура арқылы «Вирусология» мамандығы бойынша кадрлар даярлау ғылыми-білім беру консорциумын құру туралы институт пен университет арасында Консорциалды келісімшарт жасалды. Қазіргі кезде магистратура және докторантураның мемлекеттік тізбесіне енгізу үшін аталған мамандық бойынша білім беру бағдарламалары әзірленіп, ҚР БҒМ ресми базасына тиісті құжаттар ұсыну бағытында екі тараптан да қарқынды жұмыстар жүргізілуде.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 5 =