ОЗЫҚ ИДЕЯЛАР – ОРТАҚ ИГIЛIК

0 184

IMG_9879

Академик Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектепте педагогтардың біліктілігін арттыру курстарының бағдарламаларын зерделеу мен меңгеруге арналған түрлі семинар, коучинг, пікір алмасулар жүйелі түрде өткізіліп тұрады.

Кезекті коучинг барысында Кембрижд университеті ғалымдарының ой-толғам­дары­ның қазақ ұлылары еңбектерінде көрініс табуы, шәкірттерді көшбасшы болуға тәрбиелеу, ақпарат ағымынан оқушыға керекті дүниелерді таба білуге талпындыру жолдарын іздестіру мәселелері қарастырылды. Осыған орай, Қайыргелді есімді тарих пәнінің мұғалімі бүгінгі таңда жаңашылдық ұстанымы қандай болуы керектігін ұстаздар назарына ұсынып, қатысқандарға ой тастады.

Расында да, бүгінгі шәкірт­терімізге сапалы білім мен саналы тәрбие беруде ұлыларымыздың XX ғасырдың басында айтқан ой-пікір, толғамдарын еске алуымыз – әлемдік білім беру үрдісінде «Қазақ елінің» ұр­пағын оқыту, білім беруге ұмты­лудың бір көрінісі. Мәселен, Мұхтар Әуезов 1929 жылы қазақ поэ­зиясының атасы Абайды сүйетіндігін айта келіп, «Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Еуро­па­шылдығын, жарқырағын, әшекейін сүйемін. Қазақ ақын­да­­рының қара қордалы ауылында туып, еуропадағы мәдениет пен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан Арқа қызын көріп, сезгендей боламын. Мағжан –
культурасы зор ақын» деген.

«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» демекші, 1922 жылы Ахмет Байтұрсынов: «Қазаққа қызмет қыламын деген жастарға жалғыз-ақ айтарым: істеген жұ­мыстарың халық үшін болсын! Менің ісім тарихтың сынына түсер. Бірақ өз тәжірибемше…  жастар түзу жолмен барады. Менің сүйенішім – осы» деген екен. Олай болса, бүгінгі ұстаздардың оқушы үніне құлақ асуы, сабақтардың оқушының жас ерекшелігі мен деңгейіне лайықталып өтуі – уақыт талабы ғана емес, білімді ұрпақты болашаққа жетелеп, мәңгілік ел сатысына апарар жолдың соқ­пағы, бастауы.

Демек, дамудың жаңа сатысына көтерілген қазақстандық балаларға отбасы, мектеп, қоғамда тең талап қоюмен қатар, ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеуде ға­лымдарымыз бен ұстаздарымыз «жылтырағанның бәрі алтын емес» екенін есте ұстап, әлемдік озық идеяларды ұлттық санамен сараласа дейміз. Бүгінгі ұстаздар алдында ұрпақты ұлттық білім уызына қандырып, сананың тазалығын сүзгіден өткізгендей етіп тәрбиелеу, өсіру ұлағаты тұр. Мектеп, оқушы, ата-ана қоғамды толғандырар көкейкесті мәселелерде бірлесе ойласып, ортақ шешім қабылдаулары керек. Ең бастысы, біліктілікті арттыру бәрімізге бірдей қажет екені айқын.

 

Мағрифа СЕЙІТБАТТАЛОВА,

Қазақстан білім беру ісінің үздігі

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − fourteen =