ӨЗІН ЖАЗЫП, ӨЗГЕНІ ОЙЛАНДЫРҒАН

0 889

Көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына – 90 жыл

фото-3

Өмір құбылыстарын қаз қалпында шынайы сурет­теу­дің өзі жазушы­ның сурет­керлігіне, табиғи талантына, сезім-түйсігіне байланысты. Бердібек Соқпақбаев – туған топы­рағынан, қимас балалық ша­ғы­нан, жас кезінде бастан кеш­кен­дері­нен табиғи түрде жаратыл­ған жазу­шы, тума талант. Соқпақбаев жал­ған жазуға жоқ, өзі бастан кешіп сезін­ген, жанын ауыртып, жүрегін тебі­рентпеген тақырыпқа қалам тартып көрмеген текті талант иесі.

Кешегі кеңестік идеология қалам қайраткерлерін еркін ойлауға, «ауа жайылуға» жібермей, қақпайлап қай тақырыпқа салмады. Өзінің жаны ауырған, жүрегін сыздатқан жәйттерді жазғызбай, коммунистік партияның өктем қаулы-қарарларына орай бағыт сілтеп, нұсқау беріп, өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етіп, «қалыптан шықпай», «тәртіп бұзбай», «өміршең» шығарма жазуға итермелеп отырды ғой.

Сол кеңестік дәуірдің өзінде ком­партияның нұсқау бағытына пысқырмай, оның қыспағын сезіне тұра, өзінің жүрек соғысын ғана тыңдап, жалғандықтан қашып, тек шындықты жазып өткен жазушының бірі және бірегейі – осы Б.Соқпақбаев. Шындық, шыншылдық дегенiмiз бұл жерде жазушының өзi көрiп, әбден көзiн жеткiзiп, басынан кешiрген жәйттер. Бұл жөнiнде Бекеңнiң өзi де былай әңгiмелейдi: «Бiр сөзбен айтсам, сол өзiн жазатын жазушы менмiн. Алыстан арбалап материал жинамаймын, архивтiң шаңын жұтпаймын. Жақыннан, өз басымнан кешкендi, өзiм байқап-түйгендерiмдi, өзiмдi, өз айналамды тербеткен жайттарды дорбалап жинаймын. Солар туралы жазамын. Бұл тұрғыдан алғанда тағдыр маған көп «көмектестi», қутақыр қалдырмады. Өмiрде, адам басында болатын не ғаламат жайттарды, қиын-қыстау оқиғаларды қабырғам қатпаған кезiмнен-ақ менiң үстiме аямай үйiп-төктi».

Бекеңді көбіне «балалар жазушысы» дейді жұрт. Онысы орынды да шығар. Бірақ кімге арналса да ол шығарманың жұртты иландыра алатын шынайылығы жетпесе, оның ешкімге керегі де жоқ. Мәселе сурет­керлікте. Әрбір суреткер жұртына айтсам, жеткізсем деген ойын балаға арнай ма, ересектерге арнай ма, бәрібір. Әйтеуір, оқыған адамды бей-жай қалдырмайтын тұшымды ой, үлкен сөз болса, мақсаттың орындалғаны. Б.Соқпақбаев жас пен жасамысқа бірдей ортақ суреткерлік сөзін әлдеқашан айтып берген жазушы. Өйткені, Бекең кейіпкерін қолдан жасамаған, өмірдің өзінен ойып алған. Турасын айтсақ, басты кейіпкері өзі. Сараптау-сұрыптауы болғанымен, қоспасы, әсерлеуі, жасан­дылығы жоқ. Адам баласына, пенде біткенге тән ерекшеліктерді балаға тән тума қасиеттерден, ба­лаға тән аңғалдықтан, тазалықтан іздейді. Сол байқағандарын боямасыз көрсетіп, жалғаны жоқ жасампаз образдар жасайды. Сөйтіп, табиғилықты, жасан­дылықсыз шынайы өмірді насихаттап өткен жазушының өзі де жаратылысынан жинақы, болмысы таза адам. Өтірікке, көпсөзділікке о бастан жаны қас. «Ол өсекті, жауыздықты, арамдықты, жағымпаздықты, екі­жүзділікті жек көрді, – деп еске алады жазушының қызы Самал Бер­дібекқызы, – Адамдардың бойынан ондай қасиеттерді байқап қалса, онымен ат құйрығын кесіп, пышақ кескендей тыйылатын».

Балалар үшін жалаң дидакти­ка­дан гөрі нанымды да нақты штрих-детальдың әсері мен пайдасы әл­де­қайда зор болмақ. Осы ретте, бұл мәселелер жөнінде тағы да автор­дың өзіне сөз берудің ыңғайы келіп тұрған сияқты. Жазушыға «Ба­лалар өміріне арнап шығарма жазу­дың өзіне тән қыры мен сыры туралы айтып берсеңіз» деген сұрақ қойылғанда, ол: «Мен, мысалы, өз шығармаларымды бірінші жақтан жазам. Бұл өмір құбылыстарын – жақсы мен жамандықты, ақ пен қараны бала көзімен көру, бала түйсігімен түйіндеуден туындайды. Содан кейін баланы зеріктіретін суреттемпаздықтан, тәптіштеп ұсақ-түйек татымсыздықты тасыта берушіліктен аулақ болам. Бала ойына лайық шығармалар жазуға тырысам» деп жауап берген. Жазушы шығармаларының шыншылдығы мен қарапайымдылығының бір сыры осында болса керек.

Б.Соқпақбаевтың балалық шағы елiмiздегi түрлi әлеуметтiк өзге­рiс­терге толы дәуiрге дәл, тұспа-тұс келдi. Сол бала кезiндегi көзбен кө­рiп, бастан кешiргендерiнiң, сезiп-сезiнгендерiнiң, түсiнiп-түйсiн­ген­де­рiнiң негiзiнде «Балалық шаққа саяхат» повесiн жазды. Автор мұнда ауыл балаларының тыныс-тiршiлiгiн сөз ете отырып, отызыншы жылдардағы ауыл өмiрiн бүкiл қайшылығымен көрсетiп, үлкен бiр дәуiрдiң тұтас бей­несiн көз алдымызға әкелдi.

Аталған кезеңдегі қазақ ауылының шындығын – ашаршылыққа ұшы­ра­ғанын біз енді ғана айта бастасақ, ал Соқпақбаев балаларға оны ерте­ректе-ақ айтып қойған. Жазушы шығар­маларының өміршеңдігі де сонда.

Автор адам мiнез-құлқын, портретiн табиғи қалпында берiп отырады. Өз төңiрегiндегi – әке-шешесiнiң, ағасы мен жеңгелерiнiң, нағашыларының, жолдас-достарының, т.б. мiнез-құлқы, болмысы қолмен қойғандай шебер жасалынған.

Сонымен, «Балалық шаққа саяхат» повесi шынайы, өмiрбаяндық деректерге құрыла отырып, өмiр құбылыстарын табиғи қалпында суреттеген көркем туынды.

Балалар әдебиеті туралы айта келіп, акедемик-сыншы С.Қирабаев былай дейді: «Балалар кітаптарында әре­кеттің нақтылылығы мен образдың көрнектілігі, лириктік сезімталдық, характерлер мен уақиғаның дина­микалық түрде дамуы, тіл тазалығы мен тартымдылығы қажет. Бала ойы мен ұғымы абстракциядан гөрі нақтылықты сүйеді. Сезіміне әсер ете білу арқылы оны адамды сүюге, гуманистік әрекеттерге тәрбиелеуге болады. Жазушы тілі де бала ұғымына лайық, түсінікті, таза болуға тиіс».

Осы орайда жазушының балалар өмірін арқау еткен кез келген шығармасына кішкентай кейіп­кер­лердің ой-көзқарас, психологиясын нақты ашып көрсететін, тап басып танытатын қарапайым да сәтті, шымыр да шынайы шрих-детальдарды көптеп кездестірер едік.

«Өзiн жазатын жазушымын» деп жоғарыда өзi айтқандай, автор шығармаларының қай-қайсысында өмiрбаяндық деректерді пайдаланып, басқа туындылармен сабақтастырып отырады. Әсiресе, қазақ балалар әде­биетiнде үлкен құбылысқа айналып, өзiндiк бiр жаңа леп, жаңаша бет ала келген «Менiң атым Қожа» пове­сiнiң де алғаш «Өзiм туралы по­весть» аталғанын бүгiнде бiреу бiлсе, бiреу бiлмейдi. Бұл шығарма туралы оқырмандар арасында  «Қожа кiм? Өмiрде болған ба?» деген сауал­дар жиi болып тұратын. Ол туралы жазушының өзi былай дейдi. «Егер шынымды айтсам, мiнез-құлық жағынан Қожа өзге емес, менiң өзiме ұқсаңқырайды. Жасымда қой аузынан шөп алмас момын едiм деп, сiрә, айта алмасам керек. Ал бiрақ Қожаның басынан кешкенiнiң бәрi де дәл осы күйiнде менiң басымнан кешкен екен деп ұғылмағаны дұрыс. Жазушылық қиял ақсақты тыңдай, өтiрiктi шындай етiп баяндай бiлсе, ол айып емес, Сұлтан, Жанар, Жантастар да әлгiндей жиынтық образдар. Бiрақ солардың қай-қайсысы туралы жазғанда да автор өзi жақсы бiлетiн бiреулердi көзiне елестетiп отыруы әбден мүмкiн».

Ал ендi повестегi Қожа қандай бала, қандай кейiпкер?.. Шығарма бойындағы жаңалық неде? Жалпы, «Менiң атым Қожа» повесi жарық көргенге дейiн қазақ балалар әдебиетiндегi кiшкентай геройлардың бәрi де бiр қолдан шыққандай шетi­нен тәрбиелi, тiл алғыш, жүрiс-тұрысы әдептi, «белсендi» болып келетiн. Ал осы схематизмдi бұзып, тап­таурын болған көне жолмен жүр­мей, өзiнше келген жазушыға да, жа­ғымды қылығынан жағымсыз қы­лықтары көп Қожаға да жұрт әуелi то­сырқай қарады. Жалпы, қандай да бiр жаңалық, құбылыстың бiрден қабылдана, мақұлдана қоюы қиын ғой. «Балаларға бұл кiтап қандай тәрбие бермек», «Балалар тек жақсы, өнегелi кейiпкерлер болуы керек. Ал Қожа бұзық, жүрген жерiне шөп шықпайтын сотқар оқушы» деп алая қарағандар аз болған жоқ. Тiптi, кейбiрi «Мектептегi барлық баланы «хулиган» етiп шығарғыларыңыз келсе, бұл кiтапты тезiрек басыңыздар» деп те пiкiр айтқан.

Қожа бейнесі – қазақ балалар әдебиетіне қосылған үлкен олжа, ірі табыс. Осы бір қара баланың бейнесі өзіне табындырып, барған сайын биіктеп, Марк Твеннің Том Сойерімен, Аркадий Гайдардың Тимурымен, қазақ ауыз әдебиетінің Тазша баласымен теңеспей-ақ қойсын, дегенмен солардай бір тосын мінез байқатып, қазақ деген халықтың «ақылды тентегі» Қожаның өзгеше танылып, солардай қызық көрсетіп, елге жағуы елімізді де, әдебиетімізді де биікке көтеріп тастағанын неге мақтанышпен айтпаймыз!

«Қазақ деген халықта да бала бар, оның тентегі де, телпегі де болады, байқап көріңдерші, адамзат! Баланың бәрі бала емес пе!» деген оймен «қазаққа да осындай шығарма керек-ау» деп барып дүниеге келген туынды. Осының өзі Бекеңді сол дүниежүзілік классиктермен теңестірер еді. Сол дүниежүзі таланттарының бірі Сингрид Ульгер (Нобель сыйлығының лауреаты), «балалар әдебиетінсіз бейбітшілік болмайды» депті.

«Менің атым – Қожа» бүгінде бірнеше ұрпақты тәрбиелеуге қызмет етті, әлі де талай ұрпақтың тамырына нәр беретіні сөзсіз.

«Өмірдің өзіндей сұлу, өмірдің өзіндей мінезді, өмірдің өзіндей нақты, қарапайым, өмірдің өзіндей ыстық, ұлттық бояуы қанық, қалыптан қапысыз шыққан бұл туынды Б.Соқпақбаевтың атын әдебиетке мәңгі қалдырды» (Т.Сыдықов).

Жас өрен характерiнiң орны­ғып, қалыптасуын, азаматтық өсу, өрлеу жолын көрсетуге арналған повестiң бiрi – «Жекпе-жек». Бұл – ауыл спорты­ның, әсіресе, бокстың дамуына үлкен төңкеріс жасаған, құрыштай шыныққан саңлақтардың дүркіреп шығуына соны серпіліс, күшті серпін берген айтулы көркем дүние. Шы­ғарма кейiпкерi Мұрат Батырбаев спортқа берiлген, боксты жан-тәнiмен сүйетiн жас. Ол iзденгiштiгiнiң, тау­дай талабының арқасында талай шай­қастарда жеңiмпаз атанып, 16 жасында Парижде өткен студент бокс­шылардың халықаралық бiрiншiлiгiнде әлем чемпионы деген атаққа ие болады.

Бүгiнде бокстан атағы әлемге жайылған қазақ жастарының өнерiн тамашалаған кезде осы Мұрат Батырбаев еске түсiп, жазушы көрегендiгiне тәнтi боласың.

Жазушының көбiрек тер төгiп, көп iзденiп жазған күрделi де көлемдi туындысы – «Өлгендер қайтып келмейдi» романы.

Әуелi осы романның аты жөнiнде: оқушылар хаттарында немесе кездесулерде – сiз романыңызды неге бұлай атадыңыз? Өлгендер қайтып келедi деп бiреу сiзбен дауласты ма? Бұл кiтапта ешкiм өлмейдi ғой, ендеше неге олай аталған деген сияқты сұрақтар жазушыға жиi қойылады екен. Бұл жөнiнде автор былай дейдi: «Өлетiн тек адам ба? Iске аспаған арман, қол жетпеген мақсат, бiр нәрседен түңiлiп, талақ ету, үзiлген үмiт… Осының бәрi өлген емей немене? Шығарманың бас геройы Еркiн – жас жігіт. Мақсатыма жетемiн деп жүрiп, көп сүрiнедi. Өмiр жолы бұралаң қиын жол екен, кiтаптан жаттап алған қағидалар кейде кәдеге аспай өлi жүк болып, далада қалып қоятынын бiртiн-бiртiн түсiнедi. «Осындағы Еркiн өзiңiз емессiз бе?» деп сұрайды түсiнгiш оқырманым. «Тоқсан процентi өзiм» деп жауап берем».

Мiнеки, повестерiндегiдей негiзгi кейiпкер автордың өзi немесе оның өмiр тәжiрибесiне негiзделiп жасалған бейнелер болатыны сияқты мұнда да орталық қаhарман автордың өзi екен. Осылай бәрi өзi бастан ке­шiр­ген, өзi көзiмен көрген уақиғалар болғандықтан, жазушының әңгiме, повестерiндегi өзiндiк ерекшелiгi, өмiр шындығын айқын да нақты көр­сетуге қабiлеттiлiгi бұл романында да бiрден бой көрсетедi.

«Өлгендер қайтып келмейдi» романында Екінші дүниежүзілік соғыстың алды-артындағы, соғыс кезiндегi алыстағы қазақ ауылының шындығы бар қыр-сырымен жан-жақты суреттеледi.

Кiтап үш бөлiмнен, яғни, үш дәп­терден тұрады. Әр дәптер өз iшiнен шағын-шағын көрiнiстерге бөлiнген. Бұдан жалпы Б.Соқпақбаев творчествосына тән жинақылық, ықшамдылық сипаттарын айқын аңғаруға болады.

Аталмыш роман – боямасыз ашық та айқын шындыққа, психологиялық анализге бай шығармалардың бiрi.

Жалпы, Б.Соқпақбаев қарапайым тiлмен қарапайым баяндап отырып-ақ характер ашып тастайтын суреткер. Оның кез келген шығармасынан өзiне тән стильдiк өрнек байқалып тұрады. Жазушы стилi – нағыз «тiлге жеңiл, жүрекке жылы» тиетiн стиль. Өйткенi, оның сөз қолданысы, тiл өрнектерiнен жасанды, жаттанды тiркестердi кездестiрмеймiз. Ол сөздi сырлап, сылап жатпайды. Бәрiн қарапайым, табиғи қолданады. Сонымен-ақ ащы шындықты жерiне жеткiзе айтып бередi, типтiк құбылыс пен шынайы  уақиғаны суреткерлiкпен сезiне отырып, көркем образға айналдырады.

Жоғарыда айтқандай, жас кезінде шешесі өліп, жетімдікпен көп тау­қымет тартып өскен Бердібек Соқ­пақбаев – сол өзі өмір кешкен қоғамның әділетсіздігін, бар ауырт­палық, қиындығын шынайы көрсетем деп тағдырдың көп қиянатын көріп өткен жазушы.

Атақты «Менің атым – Қожа» повесінің қандай қиындықпен жарық көргенін айтып өттік кой. Тіпті, ел өміріндегі кезеңдік оқиғалардың шынайы суретін салған «Өлгендер қайтып келмейді» романының жа­рыққа шығуы да оңай болған жоқ. Шындықты шырылдатып, жеріне жеткізе айтқан тұстарын «Мұндайды айтуға болмайды, бұл жағдайлар со­веттік шындыққа қайшы, жат» деп, шығарманың үштен бір бөлігі аяусыз туралды.

Осындай қиянаттардан, жалпы тоқырау жылдары өмірімізді жайлаған келеңсіздіктерден жаны ауырып, қажыған жазушы бір уақ өзімен-өзі болып, томаға тұйық, бәрінен түңіліп жүріп алды. Шаршады, қажыды. Қисынсыз қиянат титықтатты.

Даңғазалық пен жасанды дабыраны жаны қаламайтын Бекеңнің көзі тірісінде 50, 60 жылдық мерейтойлары да аталмады. Бұл ол кісінің өзінен де болған сияқты. «Алматыны менің 60 жылдығыма байланысты дүрліктірмей-ақ қойыңдар. Оның бәрі басы артық дүние. Даңғазалықтың не қажеті бар. Маған оқырман сүйіс­пеншілігінен қымбат та құрметті ешнәрсенің керегі жоқ» дегендей өтініш білдіріпті. Оны былай қойыңыз «Экран алдында отырып, өзің жайлы берілген сұрақтарға жауап бергеннен не шығады. Тап-таза жасандылық қой» деп теледидарға түсуге ша­қыр­­ған кісілерге де бармаған.
Бе­кең­­нің бұл пікірі Әуезовтің:
« … Әде­­биет үшін реклама керек емес. Бұл реклама өзімшілдік, күншілдікті туғы­зады. Ал жеке адамды рекламалау – талантсыздықтың белгісі, ол – пендешілік» деген сөзімен үндесіп жатса керек.

Бекең үлкен отырыстарға да бара бермейтін. Табиғатынан көпсөзділікті, бөспелікті, жағымпаздық пен даңға­залықты жек көргендіктен, әлгіндей жиын-тойда сондайлардың көсілетіні көңіліне тікендей қадалатын еді.

1974 жылы «Өлгендер қайтып келмейді» романы Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік сый­лығына ұсынылды. Конкурсқа қатар түскен туындыларынан оқ бойы озық тұрғанымен, жеме-жемге келгенде, сол кездегі бармақ басты, көз қыстымен тағы да шет қақпай қала берді. Ал шығарма шын мәнінде Мемлекеттік сыйлыққа лайық еді.

Бұл да жазушыға оңай соққы болған жоқ. Қажыған қаламгердің одан ары тауы шағылып, күйзелгенін көзіміз көрді.

Бердібек Соқпақбаев қайтыс болардан аз уақыт бұрын бір топ қарт қаламгер «Халық жазушысы» деген атаққа ұсынылды. Олардың ішінде Бекең де бар болатын. Кейін сол атақ алғандардың қатарында Б. Соқпақбаев тағы да жоқ болып шықты.

Қалай болғанда да, сәті түспеді, жолы болмады деп әртүрлі себептер айтылғанмен, шынайы ықылас, қамқор жүрек жетпей қалғандай көңілде бір түйткіл тұрады да қояды.

Сөйтіп, балалар әдебиетінің классигі атанған жазушы ешбір сыйлық алмастан, атақ иеленбестен өмірден өтті.

Қазақ елінің, қазақ рухының тәуелсіздігі үшін өмір бойы басын бәйгеге тігіп, тәуекел еткен қаламгердің ойлайтыны: «Қазақ қашан ел болады?! Қашан басқаның қатарына қосылады? Өзімізді-өзіміз сыйлауды, бағалауды қашан үйренеміз?!» деген сияқты мұңға толы арман еді.

Бүгінде Бекеңнің бұл арманы орындалды. Осы орайда жазушының соңында қалған, ешбір кітабына енбеген «Ергежейлі еліне саяхат» аталған шағын ертегі-повесіне тоқтала кетсек: Шындық пен әділет салтанат құрған «Ергежейлілер елінде» өмір-тіршілік мүлде басқа еді. Халық сайлаған президенттің ойлайтыны тек қана ел-жұрттың қамы. Парақорлық пен ұрлық-қарлық атымен жойылған. Елде халық ешнәрсеге мұқтаж емес. Балалар мен қарттарға жасалған қамқорлықта шек жоқ. Тіпті, ергежейлілер елінде әскер мен қару-жарақ та болмайды екен. Барлық мемлекеттермен тең құқылы қарым-қатынас жасап, өзінің салт-дәстүрін қатаң сақтайтын бейбітшілік сүйгіш ел болатын.

Көріп отырғанымыздай, біздің тәуелсіз қазақ елі қазіргі таңда дәл осы бағытта дамып келеді. Бұл заманды, жан-жақты өркендеген елді көргенде Бекең, әрине, марқаяр еді.

Еліміз егемендік алып, өз шаңы­рағын биік көтерді. Қазақ әдебиеті де еркіндіктен, азаттықтан нәр алып, жаңаша үрдіспен дамып келеді. Бір кезде кеңестік қаулы-қарармен өмірге келген «өміршең» шығармалар заман көшіне ілесе алмай, өз-өзінен ұмытыла бастады. Ал Б.Соқпақбаев шығармаларына деген халықтың сүйіспеншілігі күн санап артып келе жатқандай.

Тәуелсіз қазақ елі барда Бердібек Соқпақбаев та бар, әсте ұмытылмақ емес. Өйткені, ол – туған халқының тағдырын жырлап, оның жүрегіне әлдеқашан жол тапқан жазушы. Ондай қаламгердің өзіне лайық сый-құрметтен кенде қалмайтыны да, мынау шындықты бүкпей, бүркемелемей айта алатын заманда оның шынайы шығармаларының бағы жанып, жар­қырай түсетіні де әбден ақиқат.

Тұрлыбек МӘМЕСЕЙІТ,

халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 + 12 =