Өзіміздің өндіріс

0 9

Індет кезінде қаладағы көптеген кәсіпорындар жабылып, бірталай жұрт екі қолға бір күрек таппай сарылып қалды. Тек медицина мен құрылыс саласы ғана тоқырауға ұшырамады десе де болады. Көптеген бизнес субъектілері қоғамның іскерлік белсенділігінің төмендеуіне, адамдардың сатып алу мүмкіндігінің шектеулілігіне байланысты өндірістік қуаттарын қысқартуға мәжбүр болды. Енді бірі қатаң бәсекелестікке шыдамай есіктеріне қара құлып ілді.

Мемлекеттің құрылысқа барынша қолдау көрсетуіне қарамастан, бұл салада да жұмысын тоқтатқан кәсіпорындар жетерлік. Мәселен, осыдан 4-5 жыл бұрын елордада 125 бетон зауыттары болса, қазір олардың саны 20-дан аспайды.
– Біздің зауыт 2015 жылы құрылды. Содан бері нарықта 5 жыл жемісті еңбек етіп келеміз. Астанадағы ірі құрылыс компаниялардың көпшілігі біздің өнімді тұтынады. Бетон зауыттарының саны айтарлықтай азайғанмен, одан бәсекелестік төмендеген жоқ. Оған төтеп беру үшін біз өнімнің сапасын кемітіп алмауға бар күшімізді салып келеміз және оны тапсырыс берушілерге дер кезінде жеткізіп береміз. Соның арқасында клиенттерімізді сақтап қалдық, – деді «Баракат Инвест» ЖШС директоры Ержан Баймұқаш.
Бұл кәсіпорында Үкіметтің өндірістік саясатты білікті жүргізуінің нәтижесінде құрылыс жұмыстары қыста да тоқтаған жоқ. Елордада әсіресе үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл 3 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Ол былтырғы көрсеткіштен екі еседей көп. Сондай-ақ халықтың баспана сатып алуы үшін түрлі жеңілдіктер қарастыратын мемлекеттік бағдарламалар іске қосылған. Осының арқасында серіктестіктің өнімдеріне деген сұранысты арттыра түскен.
Кәсіпорын айына 30 мың текшеметр тауарлық бетон шығарады. Өндірісте 51 адам жұмыс істейді. Бетон жасауға қажетті қиыршықтас пен құмды астананың маңайынан алдырады. Құмды – Рождественкодан, қиыршықтасты Волгодоновка мен Аршалыдан тасиды. Цементті Қарағанды облысының Ақтау кентінен әкеледі. Өндіріске қажетті инертті материалдар қоры жеткілікті. Бір айта кетерлігі, өндірісте қазақстандық мазмұнды қатаң ұстанады. Тек бетон шығаратын жабдық қана түркиялық «Elkon» қондырғысы.
– Қыстан қалай дегенмен де құрылыс саябырлайтыны белгілі, қазір екі зауытымыз 60 пайыз қуа­тында жұмыс істеп тұр. Бізде 51 адам жұмыс істейді, одан басқа жүктиегіш, бетон араластырғыш машиналарды жалдаймыз. Оларға да жұмыс тауып беріп отырмыз. Өнімді Нұр-Сұлтан қаласындағы құрылыс компанияларына өткіземіз, жеке тұлғалар да алдыртады. Қостомар ауылындағы, Ерейментаудағы жел электр стансасы біздің бетоннан құйылды. Дегенмен ондай тапсырыстар көп бола бермейді, өйткені бетон құрылысқа ыстық кезінде құйылатындықтан, оны осы жақын маңайларға өткізген қолайлы, – деді кәсіпорын басшысы.
Серіктестік биыл цемент пен гипс негізінде құрғақ қоспалар шығаратын бір желіні іске қосқан. Оған қосымша 10 адамды жұмысқа алды. Мұнда гипс сылағы, құйылатын еден, газоблок желімі, кафель желімі – яғни құрғақ құрылыс қоспаларының барлық түрі шығарылады. Кәсіпорынның негізгі бағыты тауарлық бетон өндірісі, дегенмен құрылыстық қоспаларға деген сұраныстың жоғарылығына байланысты өз қаржыларын салып, бұл желіні қосымша ашқан. Бүгінде тәулігіне 1500-2000 қап қоспа шығарады. Оның жабдығын Қытайдан әкелген.
Кәсіпорын жұмысшылардың жағдайын жақсарту үшін жаңадан диспетчерлік үй салыпты.
Әлі де қаупі сейілмей тұрған індеттің қалада іскерлік белсенділікке кері әсер еткені жасырын емес. Әсіресе шағын және орта бизнес көп жапа шекті. «Баракат Инвест» ЖШС-нің қосымша шығын шегуіне де тура келді. Індеттен сақтану мақсатымен цехтарға аптасына екі рет санитарлық өңдеу жүргізеді, жұмысшыларды тасымалдайды. Жұмысшыларымыздың 60-70 пайы­зы коронавирусқа шалдығып, олардың өздерінің, отбасыларының емделуіне қаржылай көмек көрсетті. Кәсіпорынға флюорография машинасын шақыртып, персоналды түгелдей тексеруден өткізген. Оған қоса қызметкерлерінің жыл сайын медициналық байқаудан өтіп тұруды міндеттеген. Сондай-ақ әлеуметтік жауапты компания ретінде індетке байланысты демеушілік көмек сұраған жұмысшыларға қол ұшын созған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 − 4 =