Өзіміз емес, өреміз кедей

0 259

Осы күні ғалымдар кедейліктің барша адамзатқа қатері туралы айтып жүр. Адамның тұрмысы нашарлап, бақуаты кеміп, жасампаздық қасиетінен айырылғанда тұлғалық кейпінен де дым қалмайды екен. Осы орайда, кедейліктен алып-шығатын жақындарының қамқоры, еңбектің рөлі, ыстық қайраттың жөні туралы сөз еткелі отырмыз.

Қазақ, өзбегі аралас ауыл болатын. Бір күні түс ауа ауылдың шетіндегі ауласы ашық-шашық, құлағалы тұрған ескі үйдің жаман кемпірі өліп қалды. Марқұмның үйі тола тасырлаған, берекесі жоқ, еркек бала болатын, шетінен жұмыссыз, кержалқау, бірі түрмеде отырып келген, бірі араққұмар дегендей. Мұндай байғұстардан не үміт не қайыр деген болар, өзбек молда өлікті кешкісін көміп тастайық депті. Қазақ молда: (менің танысым) «Жоқ, болмайды не болғанда да қазақтың кемпірі, жоқ-жітік болып ағайынынан ажырап қалған шығар, руластарына хабар берейік» дейді. Содан кемпірдің қазасын естіген қашықта тұрып жатқан рулас-аталастары жетіп келеді. Олар көршілеріне айтып, тез арада үйді тазалап, есіктің алдын жинатып, марқұмды оң босаға қояды. Мал да сойылады, дастархан да жайылады.
Өмірінде мұндай ықылас көріп, ағайын түгіл көршімен араласпаған жабайы ұлдары қымсынып, адам қалпына келіп, есіктің алдында тізіліп тұра қалып, қолдарына таяқ ұстап анасын жоқтайды. Мына көрініске ауылдастарының да іштері жылып, аналарын шын жоқтап тұрғандарға көңіл айтып, көздеріне жас алады. Сол жолы екі молда екі жақтан кемпірдің ұлдарына жеткізіп уағызын айтып, оларды ағайындарына тапсырып, «ендігі жерде сіздерге сын, ет жақын болмаса да қаны бір бауырларың» деп салмақ тастайды.
Қазақтың болмысын біліп, намысын оятқан молдекеңдікі дұрыс. Өзгенің айтқанына салып, кемпірді өлген кешінде көміп қойса не өзгерер еді? «Ағайын-туыстың бары бір өлік, бір тойда» дейтіні тағы бар. Жоққа риясыз қамқорлық, қатарына қосып кемшілігін түзеп жақсыларға теңелуіне де осындай оқиға әсер етеді. Намысты ағайындары да жерге қарап қалған жоқ. Тепсе темір үзетіндер емес пе, олардың да көкірегіне сәуле түсіп, көптің көмегімен қатарға қосылып, бастары бүтінделді.
Осы күні жасы-кішісі жарысып «қол жайғандар» әлеуметтік желіде қаптап жүр. Ватсабына мың теңгеңді бір саларсың, екі саларсың одан кедейліктің қамытынан құтқаратыныңа сенімің бар ма? Жаныма батып кететіні – осы кедейліктен ұялмайтын, өздерін өзі бүтіндеуге тырыспай бөтенге алақан жаюға еттері үйреніп қалғандардың көбейгені. Қазақ болған соң осылардың артында бірге туған-туыстар, ағайын-жегжаттары, әрі кетсе руластары бар. Әншейінде мен пәленбаймын деп көкірек соққанда жақсымыз. Біреуге итеріп салмай, арадан шыққан бір бейшараның жағдайын түзеп, тура жолына түсіп кетуіне осындайда неге қол ұшын бермеске?!
Осыдан біраз жыл бұрын, елімізге сырттан көшіп келген белгілі жазушымен сұхбаттас болдым. Әңгіме кедейшілікпен күрес жағына қарай ұласқанда, Қытайда құрамындағы елу ұлтты кедейшілік көрсеткішімен салыстырып отыратын айтты. Сондағы қазақтар жаман атқа ілікпес үшін, сүйекке таңба деп кедейлікке түскенінің екі қолына күрек беріп, тұрмысының жақсаруына барынша жағдай жасайды екен. «Біз кедейі жоқ қазақпыз» деген сөзді зор мақтанышпен айтып еді.
Қазіргі күні «сұраушылардан емес, берушілердің қатарынан ете гөр» деген сөздің мағынасын жадымыздан шығарып алған сияқтымыз.
Жап-жас болып алақан жаюға ұялмайтын болдық, егер көшеге шыққандардың естиярлары болса, қой деп тоқтатпайтын болды. Қайта, жан-жағын жұлып жеп, екпіндеп тұрғанның әрекетін дәріптеп, одан сайын отқа май құюға етіміз үйреніп барады. «Сенікі жөн, жыламаған балаға…» деп арқасынан қағып қоямыз. Намысты елдің ісі осы ма?! Шашын жайып, жылап еңірегендердің соңына еріп, құрдымға кетіп бара жатқан жоқпыз ба?!
Адамзатқа берілген еңбек ету атты қабілетінен айырылғанның басы осы болар. Еңбектің не екенін білмеген халық деградацияға түсіп, ақырында өркениетке қолы жетпей, біреудің есігінде қалмай ма екен?!
Бізде «капиталша» айтсақ, адамды адам еткен еңбек деген сөздің қасиет-қадірі неге жоқ. Маңдай терімен нан тауып, жер қазып, дән егіп жүргендерге миығымыздан күліп қараймыз. Мына даланы малға толтырып, жемісін жеймін дегендерді жынды көреміз. Билік те жылағанның аузына емшек тосып, үнін шығармауға бейім, ал қолыңа қармақ берейін дегенде суырылып шығатынымыз бар ма?
Ер-азамат осыдан жиырма шақты жыл бұрын қара базарларда арба тасып жүруші еді, әлі де көбінен сол арбасын ешкім қолынан алмаған болар. Қазіргі еркектің жұмысының ең төресі – есік күзеткен қарауылдық болып қалды. Егер денсаулығында кінәрат болып, бұрын ішкі істер органдарында қызмет етіп зейнетте ермек болса, сөз жоқ. Кейде кірген есігіміздің босағасында отырып, төбеңнен қарап сөйлейтіндерге намысың келеді. Жасыңда талпынып игілікке қол жеткізбегеннен кейін босқа өткен өмір-ай дейсің.
Еңбек дегеніміз не, етікші болсаң да кәсібіңді жақсы білсең, сені сол асырайды. Қолыңнан келетін бір істі бар ынта-жігеріңмен орындап, соның маманы болсаң, еңбек нарығында орның бар. Одан қалды басыңыздың жеке қасиеттері артып, адал болып, адамдармен тіл табысып, ұжымда бірлесіп еңбек ете білсеңіз де, көштен қалмайсыз.
Бұдан да басқа адамды адам ететін қасиеттерден жұрдай болсаңыз, оны отбасында көрмесеңіз, өмірдің сынақтары сабақ болмаса, болашағыңыз бұлдыр, кісіге сүйкіміңіз қалмай, көшеге алақан жайып шыққаннан басқа амалың қалмайтынына сеніңіз.
Кедейлік өреде болса, жан баласы байыта алмас. Қазіргі әліппеде бар ма, жоқ па білмеймін. Бұрын біз оқыған кітапта мынадай тәмсіл бар еді. Жалқау баласына әкесі ашуланып ақша тап деп жібереді. Салаңдап бос келген баласына жаны ашыған шешесі қалтасына ақша салды. Міне, тапқаным деп оны әкесіне береді. Әкесі баласының қолындағы ақшаны алып отқа тастап жібереді. Екінші күні де шешесі берген ақша отқа жанады. Үшінші күні баласы өзінің тапқан тиынын отқа тастаған әкесіне қарамай, жанып жатқан жалынға қолын күйдірсе де ақшасын суырып алыпты. Сонда ғана әкесі баласының маңдай терімен тапқан ақшасы екенін сеніп, батасын берген екен.
Маңдай термен келген дүние­нің берекесі бар.
Сөз соңында: Бірде мешіттің жанында бір келіншек бір баласын шанаға салып, жасөспірім болып қалған екінші қызын қасына алып, өткен- кеткеннен садақа сұрап тұр екен. Мен де жанына жақындап, мына суықта неғып тұрсың, балаларды ауыртасың ғой деп ұрысқан болдым. Байқаймын, есі кіріп қалған қыз намыстан жарылардай болып тұр. Жүрегім ауырып кетті. «Айналайын, сабағыңды жақсы оқысаң, дүниенің бар байлығына қолың жетеді» деп иығынан құшақтап, арқасынан қақтым. Қолына садақа емес, сыйлық деп ұстаттым. Сосын анасына: «екі баланы сүйрелемей, өзің тұрсаң да бұйырғанын аласың ғой, екінші рет осы жерде балаларыңмен қайыр сұрағаныңды көрсем, балалар құқығын қорғайтын орындарға хабарласамын» деп қорқытып қойдым.
Ондағым, екі көзі мөлдіреген жасөспірімді еріксіз қинап, қайыр­шылыққа үйретпесін дегенім еді. Әйтпесе, балалар құқығын қорғайтын органның бар-жоғынан өзім де хабарсызбын. Менің әрекетім «кедейшілікке» алып келетін жолдан итергенім ғана. Бұл жолдың төрге шығармайтынын түсінсе, өз күшіне сеніп, тығырықтан шығатынына сенімдімін.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − sixteen =