Өзімді әлі сол ортада, сол ұжымда жүргендей сезінемін

0 90

«Астана ақшамына» қызметке 2013 жылдың көктемінде келдім. Оған дейін бес жыл бойы белгілі журналист, публицист, ғалым Мақсат Тәж-Мұрат ағамызбен бірге «Астана» журналын шығарысып едік. Қалалық басылыммен қанаттас журналда жүргендіктен, бұл ұжым маған бұрыннан бөтен емес. Құрылтайшымыз бір. Қысқалықты талап ететін газет жанрына төселген журналистері ара-тұра біздің журналға әдемі очерк, фотосессиялы сұхбат, қызықты репортаж беріп, «ұзағырақ қашықтыққа бауырларын жазып алатын». Өкінішке қарай, құрылтайшы шешімімен журнал жекешеленіп кетті…«Астана ақшамы» газетінің сол кездегі директор – бас редак­торы Ерболат Қаменов мені жұмысқа шақырғанда, редакцияның «тоғыстырушы торабы» саналатын жауапты хатшылықты сеніп тапсырды. Талғат Батырхан, Ғалым Қожабеков, Мақсот Ізімұлы ағаларыммен бір бөлмеде өмір туралы, арасында «нөмір» туралы әңгіме-­дүкен құрып, әріптестер ортасында өткізген сәулелі сәттер естен кете қоймас.
Пенжәктың шалғайын қайырып қойып, Гиви Сихарулидзе, Нодар Думбадзе туралы сыр шертіп, бізге таңсық гүржілер тарихын тарқатып Талғат ағам тұрушы еді… Ағамыздың «Қиырдағы қазақтар» айдарына кейіпкер іздеп, жат жердегі аты мәлім қандастарымыздан сұхбат алатын жақсы әдеті бүгінгі құр ақпарат таратумен шектелетін «траферет» тілшілерге «Журналист қандай болу керек?» деген тренинг өткізсе, керемет үлгі бо­лар еді. Ақмоланың арғы-бергі тарихын, осы өңірден шыққан жақсылар мен жайсаңдардың, спортшылардың өмірін Ғалым Қожабеков ағамыз жазып, бірнеше кітап қылып шығарды. Ал, әр әріпке мұқият мән бере­тін тәжірибелі редактор Амантай Шәріп, Мақсот Ізімұлы, Ерболат Қаменов ағаларымыздың арқасында басылым оқырманға сауатты сөз, салмақты сараптама жеткізді.
«Астана ақшамының» маған бөтен болмайтындығының тағы бір себебі бар. Тағдыр бізге Ғалым Қожабеков ағамыз, фототілші Сұлтан Сейіт, белгілі журналис­тер Раушан Төлен­қызы, Қымбат Тоқтамұратпен әріптес қана емес, елорданың бір бұрышында құдайы көрші болуды бұйыртты. Сондықтан өзімді әлі сол ортада, сол ұжымда жүргендей сезінемін.
Елорданың бас басылымының 30 жылдық тарихында талай маманның бағы жанып, кәсіби мансап жо­лында, өмірінде өзгеріс­тер болғаны сөзсіз. Соның бірі – өзім. 2015 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев негізін қалаған «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританиядағы Уорвик университетінен Креатив медиа және кәсіпкерлік мамандығы бойынша магистр дәрежесін алдым. Менен соң Ботагөз Икрамова, Гүлдана Талғатқызы секілді қарындастарым «Болашақ» стипендиаты атанды. Арманымыздың орындалуына әріптес аға-әпкелердің қамқорлығы, қолдауы себеп болғаны анық. Кейін оқудан оралып келген соң, басқа салаға ауыссақ деген ниетімізге тілеулестік білдіріп, арқамыздан қағып шығарып салған ұжымға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Алысқа ұзап кетпедік, сол баяғы қағаз бетін шиырлау, сол баяғы өзің жазған шатпақты өзің түзетумен отыратын көнтақым тірлік қой…. Сондықтан «Астана ақшамындағы» әріптестерімізбен жеген нанымыз да бір, күйер жанымыз да бір. Мерейтой құтты болсын, әріптестер!

Әділбек ЖАПАҚ,
журналист

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 − 8 =