ӨЗГЕШЕ ҚАРСЫ АЛУ…

0 123

… Бұл өзі менің танысымның басынан өткен қызықты уақиға. Бірақ, кім-кімге айтпайын бәрі рахаттанып күліп, сондай бір жақсы күйге түседі. Жаңажылдық ертегі сияқты…

Мараттың үй кезегін күткеніне және өзі жұмыс істейтін мекеменің жатақханасында екі қызымен, әйелімен тұрғанына біраз болды. Өзі қатарластар Астананың сол жағалауынан мемлекеттік бағдарламамен салынған зәулім үйлерден пәтер алып, қоныс тойын тойлап жатыр. Бұл болса күнде барып тұрғын үй департаментінің есігін тоздырып бітті. Әйелі де, балалары да «қашан жаңа үйге көшеміз» деп қыңқылдап қой­майды, достары да «қашан-қа­шан» деп мазасын алып бітті. Содан оған бір тамаша ой келді. Неге осы Жаңа жылды басқаша қарсы алмасқа? «Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, бүкіл жыл солай болады» дейді. «Жылда жатақханада қарсы аламыз, сосын осы жерден кете алмай жүрміз-ау осы» деп, әйеліне өз ойын айтты. Сұлу келіншегі мұны дереу құптады, қыздары да қол шапалақтап мәз болды. Бірақ, бұл жайында бәрі де ешкімге тіс жармауға келісті. Содан…

Қайда кетпей жатқан ақша деп Астананың қақ ортасындағы бес жұлдызды ең қымбат қонақүйден 31 желтоқсан күні отбасына бір люкс нөмір алды. Әйелі бассейн, шаштараз, тағы басқа сұлулық салонында жүрді, өзі «ақсүйектердей» рахаттанып тынықты, балалары лифтімен әрлі-берлі қонақ үйдің бәрін аралап, асыр салып ойнады. Кешке бәрі отырып, сол қонақүйдегі жаңажылдық қойы­лымды тамашалады. Бәрі риза. Ешкім мазаңды алмайды. Рахат. Ең бастысы таңға дейін бірінен кейін бірі жүзге тарта түрлі тәтті тағам әкелген шығар. Айта-айта жүретін бір таң-тамаша ғажайып жаңажылдық түнді осылайша өткізді. «Жаңа үйге қоныстану үшін» деп әйелімен қайта-қайта аққайнар көтерді. Ертесіне такси бұларды өзінің «туған үйіндей» болып кеткен жатақханаға әкеліп салды. Сонымен мың бір түнге бергісіз, ешқандай күндерге ұқса­майтын ғажап ертегі осылайша аяқталды. Кешегі керемет көңіл-күйді басталған жылдың алғашқысын кәдімгі күңгірт, бірі­нен бірі аумайтын күндері жал­ғастырды.

Кенет сізге өтірік, маған шын он төртінші қаңтар күні алдындағы жұмыс телефоны безек қақты. Тұтқаның ар жағындағы дауыс «ертең бізге келіңіз, төрт бөлмелі үйдің құжаттарын алыңыз» деді.

Сенерін де, сенбесін де білмей, орнында отырып қалады.

Сосын ұялы телефонынан келін­шегіне «жаным, сен құлап қалма, біз үй алдық» деп қуана әрі қорқа қоңырау шалады.

Қазір ол кісінің жағдайы жақсы, жаңа үйде тағы бір нәресте дүниеге келді. Қызметі де өсті, қыздары да оқуда жетістіктерге жетіп жатыр. –

Аллаға шүкір, осының бәрі сол ғажап түннен басталған сияқты,- дейді ол.

Сіз де ғажайыпқа сеніңіз, ең бас­тысы өзіңізге және жақын­да­рыңызға тамаша көңіл-күй сыйлаңыз, ағайын!

Дәметкүл ҚҰМАҚБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty + 17 =