Өзгеріс жасайтын кез келді

0 31

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 75-сессиясында өткен жалпысаяси дебаттарында бейне байланыс форматында сөз сөйледі. Президент Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығы аумалы-төкпелі әрі күрделі сын-қатерлерге толы кезеңде өтіп жатқанын атап өтті. Қ.Тоқаевтың пікірінше, қазіргі кезеңдегі ең басты проблема – жаһандық экономикаға орасан зор зиянын тигізген COVID-19 пандемиясы. Бұл індеттің ауыртпалығынан әлем халқы зардап шегуде. «Адамзат тарихындағы осындай нәубетке қарсы тұрып, бізді ауыр індеттен қорғау үшін алғы шепте болған дәрігерлерге барша отандастарымның атынан шынайы ризашылығымды білдіремін» деді Мемлекет басшысы.

Президент сауда протекционизмі мен саяси ұлтшылдықтың белең алуы халықаралық ынтымақтастыққа кері әсер етіп, «жаһандық тоқыраудың» күшейе түсуіне алып келді деп санайды. Бұл жағдай орнықты дамудың келешегіне нұқсан келтіріп, миллиардтаған адамның жарқын әлемге деген үмітін үзді. Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа әлем» парадигмасын құруға байланысты ортақ адамгершілік парызды атқару мәселесін ойлануға шақырып, қазіргі таңда өзгеріс жасайтын кез келді деген пікір білдірді.
Мемлекет басшысы табысты жаһандық ықпалдастыққа қатысты өз формуласын ұсынған қазақтың ұлы ақыны, данышпан Абай Құнанбайұлының нақыл сөздерінен қазақ тілінде үзінді келтірді. Бұл ерекше есте қалатын сәт болды. «Адамзатқа не керек: сүймек, сезбек, кейімек, қарекет қылмақ, жүгірмек, ақылмен ойлап сөйлемек». Ақынның бұл ой-пікірінің мәнін «өзара үйлесімге қол жеткізу үшін адамзатқа сүйіспеншілік, рақымшылық, батыл әрекеттер және байыптылық керек» деп түсінуге болады» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, халық­аралық қоғамдастық пандемиямен күреске бұдан да көп күш жұмсауы керек. Ең алдымен, оның айтуынша, денсаулық сақтау ісінің қуатты жаһандық жүйесін құру мақсатында дамыған елдер мен БҰҰ агенттіктерінің уақытылы және үйлесімді қолдауы арқылы дамушы елдердегі ұлттық институттар мен медициналық мекемелерді жаңғыртуға басымдық беру қажет. Індетке қарсы вакцина әзірлеу мәселесін саясиландыруға жол бермеуді айтты. Осы ретте, жаһандық деңгейдегі вакцина өндірісіне және оны жеткізу барысында логистикалық тасымалдың тиімділігіне септігін тигізетін инвестиция және сауда жөніндегі жан-жақты халықаралық келісімге келу қажет екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымының, сондай-ақ пандемияның алдын алу және оған қарсы күрес саласында жекелеген мемлекеттердің әлеуетін арттыру мақсатында Халықаралық медициналық-санитарлық ережелерді қайта қарау қажет деп санайды. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ аясында Аурулар мен биологиялық қауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру идеясын мұқият зерттеуді ұсынды. Президент осындай орталықтың бірін Қазақстан аумағына орналас­тыруға дайын екенін жеткізді. Мемлекет басшысы биологиялық қаруға бақылау жасайтын жүйе әзірлеп, оны іске қосудың өзектілігін атап өтіп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алдында есеп беретін арнайы орган – Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік экономиканы қайта қалпына келтірудің келешегіне қатысты өзінің ой-пікірін ортаға салды. Президент БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің әлемдік экономиканың 10%-ын құрайтын ынталандыру жөніндегі шаралар топтамасын жүзеге асыру қажет деген үндеуіне қосылатынын жеткізді. Сонымен қатар оның пандемияға қарсы күрес баршаға бірдей және мол мүмкіндік жасау­ға бағытталған Жаңа ғаламдық келісім әзірлеу керек деген пікірін қолдады. Президент 2030 жылға дейінгі орнықты дамудың күн тәртібін жүзеге асыру мәселелеріне де арнайы тоқталды. Мемлекет басшысының пікірінше, әлемдегі аштықты толық жою аталған бағыттың басты мақсаты саналады. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бастамасымен құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының ауқымды халықаралық гуманитарлық науқан өткізу үшін азық-түлік қорларын құруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін хабарлады. Сондай-ақ ­Президент ядролық қаруды таратпау, климаттың өзгеруі, халықаралық терроризммен бірлесіп күресу, өңірлік ынтымақтастық сияқты өзекті мәселелерге қатысты өзінің орнықты ойларымен бөлісті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + 19 =