ӨЗГЕ ТІЛДІҢ БӘРІН БІЛ, ӨЗ ТІЛІҢДІ ҚҰРМЕТТЕ

0 6  084

Ақын Қадыр Мырза-Әлі бұл жолдарды ұлт ойшылдары Шоқан Уәлихановтың, Ыбырай Алтынсариннің, Абайдың, Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірлерін үлгі тұтып айтқан. Бүкіл түркі әлемінің ұлы перзенті Мұстафа Шоқай әлемнің жеті тілін жетік білген, сол тілдерде жаза да алған. Бірақ, осы тұлғалардың қай-қайсы да ана тілін құрметтеген, тұғырынан түсірмеген, биіктеткен.

Бүгінде ана тілінде сөйлемейтін орыс, ағылшын, француз, жапон азаматын көрмейсіз. Ал, өз тілінде сөйлегісі келмейтін, сөйлей алмайтын қазақ толып жүр. Неге? Әрине, әлемдік ағымнан қалмауымыз керек, шет тілдерді білгеніміз пайдалы. Алайда, ата-бабаның киелі рухы мен күші ана тілімізде емес пе?! Ендеше, неге әлі күнге дейін басқа ұлттарды есептемегенде, әр қазақ өз тілінде сөйлемейді? Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін, қазақ тілі – рухани негізіміз» деді ғой.

Осы түйінді мәселеге байланысты Қазақ гуманитарлық заң универ­си­те­тін­дегі Саяси дискуссиялар клубы арнайы сауалдама жүргізді. Мұнда барлығы мың респондент қам­тыл­ды. Оларға қазақ және орыс тіл­де­рінде бес сұрақ қойылды. «Сіз қазақ тілін білесіз бе?» деген сауалға қаты­су­шы­лардың 72,8 пайызы «иә» десе, 27, 2 пайызы «жоқ» депті. Бұл көрсеткіш көпшілігіміздің қазақ тілін білетіндігімізді айқындайды. Екінші сұрақ: «Қазақ тілін қаншалықты дең­гей­де білесіз?». «Көбінесе орыс тілінде сөйлеймін» деген жауап нұс­қа­сын сұралғандардың 33,9 пайызы белгілесе, 25,7 пайызы «Қазақ тілінде ойлаймын, жазамын, сөйлеймін» нұсқасын таңдапты. Сауалдама қорытындысынан қатысушылардың үштен бірі ғана қазақ тілді телеарналарды көретіні анықталды. Ал, 54 пайызы өз тілінің мемлекеттік те, ресми де тіл болуын қолдаса, 45,7 пайызы бұған қарсы.

Сауалдама қорытындысынан түй­ге­німіз, елімізде қазақ тілінде сөй­лей білетін адамдар жеткілікті, бірақ көпшілігі орыс тілінде сөй­ле­ген­ді қалайды. Біздіңше, әрбір үлкен­ді-кішілі ұжымда қазақ тілін оқыту курстарын кеңейте түсу қажет. Батыс елдері мен АҚШ-та қонақ­та­ры­на тегін тіл оқытатын арнайы ор­та­лық­тар жұмыс істейді. Дегенмен, әрқайсымыз мемлекеттен, өзгеден жәрдем күтпей, ана тілін жетік меңгеруге күш-жігер салуымыз қажет.

Елбасы бір сөзінде: «Ел мен үшін не істей алады?» деп сұрамаңыз, «ел­ үшін өзім не істей аламын?» деп сұраңыз» деген еді. Ендеше, әр қазақ­стан­дық, алдымен өзіміз, қазақ жас­тары осы сұрақты өзімізге қойып, жауа­бын тауып, тегіс қазақ тілінде сөй­леуіміз қажет. Мәселен, Қазақ гуманитарлық заң университеті Президент Н.Назарбаевтың «Қазақ­стан­ның болашағы қазақ тілін­де» деген сөзін ту етіп, әр айдың үшін­ші аптасының сәрсенбі күнін «Ана тілі күні» деп белгілеген. Бұл күні студенттердің ана тілінде сөй­леу­ле­рі­не айрықша мән беріледі. Игі бағыт­тағы бастама келелі нәтижесін беретініне сенеміз.

Диана МАДИБЕКОВА,

Қазақ гуманитарлық заң университетінің курс студенті

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − seven =