Өзенді өрлеп ақ кеме

0 201

Кеше Есілде  кемемен серуендеу маусымы салтанатты түрде ашылды

Оған Астана әкімдігінен, Көлік және коммуни­кация министрлігінен қонақтар, қаламыздың ар­дагерлері мен мүгедек балалар үйінің тәрбие­ле­ну­шілері қатысты.
Ашылу салтанатында сөз алған «Жолаушылар тасымалдау орталығы» директорының міндетін атқарушы Жомарт Дәуменовтың айтуынша, қала тұрғындары мен қонақтарына биыл алты шағын кеме қызмет көрсетеді, олардың төртеуі – жолаушы тасымалдаушы, қалған екеуі – құтқару және сүй­ретпелі кемелер.

Есіл-навигацияның биылғы жаңалығы – жаңадан 65 адамдық «Есіл» кемесі өзен бойымен өрге тартады. Сондай-ақ, «Есіл-Астана» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны былтырғы 9,4 шақырымдық серуен жолын 18 шақырымға ұзартуды, кемелерді экскурсиялық мақсатта ғана емес, жолаушы тасымалдауға, яғни су таксиі ретінде пайдалануды да жоспарлап отыр.

Қонақтар атынан сөз сөйлеген астаналық ардагер Алексей Фролов кеме командасына жаңа маусымда сәттілік тіледі. Маусымның салтанатты ашылу қоңырауын «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Серік Тұрғынбеков соғып, өлеңдетіп тілек айтты. Сосын жалауын желбіреткен, Есіл суын толқындата қозғалған қос кеме қонақтарды алып өзен бойымен өрге тартты.

Назерке Әбікеева,
Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 − two =