Өзен суын қашан өнімді пайдаланамыз?

0 452

20 қазан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм ­Мырзағалиевті қабылдады. Кездесуде Мағзұм ­Мырзағалиев Президентке Экология кодексінің Мәжілісте қаралып жатқанын баяндап, су ресурстарының жағдайы туралы мәлімет берді. Мемлекет басшысы аталған құжатқа оң баға беріп, еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған жаңалықтарды атап өтті. Сонымен қатар Президент суды тиімді пайдалану қажеттігіне назар аударды.

Қазақстан – жері кең, жан саны аз мемлекет болғанымен, су байлығы тапшы елдердің бірі. Деректерге сүйенсек, еліміздегі тұщы судың қоры 539 млрд текше метрді құрайды. Мұның 101 млрд текше метрі өзендерге тиесілі. Ал ол өзендердің 19 пайызы – Қытайдан келсе, қалғаны Ресей, ­Өзбекстан, ­Қырғызстан, Тәжікстан елдеріне тиесілі. Былайша айтқанда, ­Қазақстандағы тұщы судың 45 пайызын басқа елдерден келетін өзендер құрайды. Бұл – бүкіл суымыздың тең жартысына жуығы шетелден келеді деген сөз. Оның үстіне соңғы кездері Қытай елі Ертісті бұрып, Ілені бөгеп алғалы елдегі су мәселесі де ұлғая түсті.

ЕРТІСТІҢ ЕРНЕУІ ТӨМЕНДЕП БАРАДЫ

Солтүстік мұзды мұхитқа құятын Обь өзенінің сол жақ тармағы саналатын Ертіс өзенінің басы Қытай мен Моңғолияның шекарасындағы Шегіртай жайлауынан бастау алады. Өзеннің жалпы ұзындығы – 4248 шақырым.
Ертіске Қытай жерінде Қара Ертіс, Бала Ертіс, ­Қыран, Буыршын (Қом, Қанас, Сұмдайрық, Қара Айрық сынды төрт өзеннен құралған), Қаба (Алқабек, Білезік сынды 7 өзеннен құралған) өзендері құяды. Ал Қазақстанда Ертіске қосылатын Есіл, Тобыл, Бұқтырма, Алқабек, Нарын сынды 13 өзен бар.
Соңғы жылдары Қытай батыс өңірді игеру деген себеппен Қазақстанмен іргелес жатқан Шынжаңға ішкі Қытайдан халықты көптеп көшіріп, тың игеріп, Шынжаңның жер қойнауындағы қазба байлықтарды көптеп ашуға кірісті. Бұл онсыз да су қайнары аз Шынжаңның суға деген сұранысын арттыра түсті. Сонымен Қытай билігі Шынжаңнан көптеген су бөгендерін салып, халықаралық транс өзендердің арнасын бұра бастады. Соның бірі Қытайдың Ертіс өзеніне салған 635-құрылысы. 20 миллиард юаньнан астам қаржы жұмсалған бұл нысанның жұмысы 1997 жылы басталған. Көктоғай ауданының Қызылқабақ өңіріндегі су қоймасы салынған жердің теңіз деңгейінен биіктігі 635 метр болғандықтан, құрлыс­тың атын «635-құрылыс» деп атаған. Қытай бұл құрылысты салуға 10 жыл уақыт жұмсады. «Халықаралық шарт бойынша трансшекаралық өзеннің 30 пайызын пайдалану құқығымыз бар» деп сылтаурататын көрші ел бұл құрылысты әлі күнге дейін құпия, жабық ұстап келеді. Тоғанды, су қойманы фотоға, бейнебаянға түсіртпейді. Әлеуметтік желілердің өзінде 635-құрылыс жайлы жазу мүлде шектелген.
635-ыншы су қоймасының қима бетінің кеңдігі – 20 метр, тереңдігі 12 метр (бұдан да кең әрі терең болуы мүмкін) келетін ірі тоған Көктоғайдың Дүре ауылы мен Бурылтоғайдың Қарамағай ауылының ортасындағы «Қоржын көлдің» жанынан екіге айырылады. Оның бір бағыты жер үстімен Қарамайлы қаласына қарай кетсе, енді бір бағыты жер астымен, ­Құбының Құмы арқылы «500-су қоймасы» деп аталатын Фукаң су қоймасына жеткізіледі. Бұл су қоймасы 4 миллион халқы бар Үрімжі қаласын ауыз сумен қамтамасыз етіп, Фукаң, У Жиячүй, Санжы қалаларының маңындағы көптеген атыздарды суаруға пайдаланылады. Соңғы жылдары Бурылтоғайдағы Үліңгір көлінің суы да азайған соң, Қытай Ертістен тоған алып, Үліңгір көліне бұрды. Ертіске құятын Буыршын өзенінің жоғарғы бөлігінен Шұңқыр су қоймасын салды. Енді Ертістің суын Жеменей жеріне жеткізудің, Құмыл қаласына апарудың үлкен жоспарын жасап отыр. Демек «Қытай Ертіс өзенінен жылына 1 млрд текше метр су алып жатыр» дегенімен су саласының мамандары бұл көрсеткіш қазір жылына 4,6 миллиард текше метрден асып кеткендігін алға тартады.
Көрші ел Ертісті ғана бөгеп отырған жоқ, Қазақстанға өтетін Іле дариясын да қас бойынан бұрып алды. Басы Текес өзенінен басталып, Күнес, Қас, Іле өзендерімен қосылып, Қазақстан аумағына өтетін Іле дариясы (жалпы ұзындығы – 1236 шақырым, еліміздегі ұзындығы – 815 шақырым) Балқаш көліне құяды. Балқаш көліне жыл сайын құйылатын 23,8 млрд текше метр судың 17,4 млрд текше метрі осы Іле өзенінен келеді.СӨЗБҰЙДАМЕН СУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛМЕЙДІ

Су мәселесіне байланыс­ты Қазақстан Қытай тарапымен талай рет келіссөз өткізді. Екі ел арасындағы «Жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету туралы» бірлескен декларацияны іске асыру мақсатында (2013 жылғы қыркүйек) бірлескен комиссияның 12-отырысында (2014 жылғы қараша, Алматы) трансшекаралық өзендердің суын бөлу туралы ҚР Үкіметі мен ҚХР үкіметі арасындағы келісім жобасын талқылайтын арнайы жұмыс тобы да құрылған. Аталған жұмыс тобының жұмыс істеу ережесіне сәйкес отырыстар жылына 2 рет өткізіледі. Содан бері екі ел арасында 9 мәрте келіссөз өтсе де, БҰҰ-ның 1992 жылғы халықаралық көлдер мен трансшекаралық су көздерін пайдалану мен қорғау туралы конвенциясына қосылмаған Қытай айылын жияр емес, «Мен өгіз терісі талыспын, сен бұзау терісі шөнжіксің» дегендей сыңай танытып, сөзбұйдамен созып келеді. Осы мәселе туралы жақында Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне «Қытайдың Ертіс суын бұрып алуына байланысты Ертістің ернеуі төмендеп бара жатқанын ескертіп, Қазақстан бұл мәселені шешудің жолын қарастырып жатырма?» деген сауал қойған едік. Күтпеген жауап алдық. «Ертіс өзенінің 70 пайыздан астамы Қазақстан аумағында, 30 пайызға жетпейтін бөлігі Қытай аумағында қалыптасады. Ертіс өзенімен келетін орташа ұзақ мерзімді су ағыны 9500 млрд текше метрді құрайды, соңғы 5 жылда бұл көрсеткіш өзгерген жоқ» делінген министрліктің жауабында. Ал экологтар Қытайдың өзен суын аса көп пайдалануы – Қазақстан үшін апатты жағдай тудыруы мүмкін деп дабыл қаққанына біраз уақыт болды. Солардың бірі эколог Мелс Елеусізов 2006 жылы «Азаттық радиосына» берген сұхбатында «Қытай екі өзеннен 15 пайыз су алса да, онда Балқаш көлі жаңа аралға айналады. Экология­лық босқындар пайда болып, біз мұнда өлі шөл далаға ие боламыз. Алдымызда аса үлкен апат болады» депті. Ресейлік экологтар да ­қазақстандық маманның бұл айтқандарымен келіседі. «Ресейлік қоршаған ортаны қорғаушылар мен билік өкілдері Ертіс төңірегіндегі жағдайға алаңдаушылықпен бақылау жүргізген. Қазір де Ресейге құйылатын судың көлемі екі есе азайған. Оның салдары Қазақстанға ғана емес Ресейге де тиіп жатыр» дейді Ресейдің экологиялық саясат орталығының президенті міндетін атқарған Алексей Яблоков осыдан 10 жыл бұрынғы мәлімдемесінде. Демек өткен 10 жылда Ертістің суы онан әрі азайғаны айдан анық. Алайда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бұл шығынды есепке алмай, «Ертіс суының 70 пайызы Қазақстанда құралады» деп Қытайдан келетін үлкен өзенді бір құлақ судай елемей отырғанының себебі бізге мүлде түсініксіз.
Ертіс суы азая беретін болса, Қарағанды, Семей, Павлодар, Екібастұз, Теміртау, Орталық Қазақстанның ауылшаруашылығын сумен қамтамасыз ету қиынға соғады. Оның үстіне Балқаш – Алакөл су көзінің тағдыры тағы да Қытайға байланып тұр. Балқашқа құятын өзеннің тең жартысы Қытайдан келетінін жоғарыда айттық. Егер Іленің суы да кеми берсе, Балқаш та Аралдың күйін кешуі мүмкін. Қазірдің өзінде Балқаш еріген мұздықтардың арқасында тұр. Сондықтан бұл мәселелерді шешуде Қазақстан Ресеймен бірлесе отырып, Қытаймен ортақ келісімге келуі керек. «Ол 30 пайызға жетпейтін су» деп әсте немқұрайлы қарау­ға болмайды. Өйткені су тапшылығы тек экологияға ғана емес, ел экономикасына да айтарлықтай зардап әкелері анық.

СУАРМАЛЫ ЖЕР АЗ, АСТЫҚ ТҮСІМІ ТӨМЕН

Қазақстанның су ресурс­тары өңірлер бойынша әркелкі орналасқан. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында су мол болса, Маңғыстауда су тапшы. Оның үстіне ел территориясының үштен екісін шөл және шөлейтті аймақтар құрайды. Өкініштісі, бетіне соры шыққан, құмдауыт жерлер көлемі жыл өткен сайын ұлғаюда. Оның басты себебі біріншіден, табиғи фактор болса (ғаламдық жылыну), ал екінші жағынан, адам факторынан су қайнарлары суалып, құнарлы жер көлемі барған сайын кемуде. Мәселен, Атырау облысы Жылыой ауданындағы Жем өзені жойылып кетудің алдында тұр. Кезінде арнасынан асып жатқан өзен суы соңғы 3 жылда тартылып қалған. Елімізде Жем сияқты тартылып кеткен өзендер аз емес, әрине.
Судың аздығы, жердің шөлейттігі ауыл шаруашы­лығын өркендетуге де салқынын тигізіп отыр. Еліміздегі 22,7 млн гектар егістік жердің 2,224 миллион гектары ғана суармалы жер. Басым көп санды егіс алқаптары қар мен жаңбыр суына ғана тая­натындықтан, астықтың шығымы да төмен. Мәселен, Еуропа елдері әр гектардан 60-70 центнерге дейін астық алса, Қазақстанда керіп созғанда әр гектардың түсімі 15-16 центнерден аспайды. Шетелдерде қолданылып жатқан бүркіп суару, жаңбыр­латып суару, тамшылатып суару сынды осы замандық суару техникалары елімізде жаппай қолданысқа енген жоқ. Қазақстан Ауыл шаруашылық министрлігінің мәліметінше, су үнемдеу техникасы қолданылған суар­малы жердің көлемі не бәрі 210 мың гектар ғана. Дәстүрлі суару әдісі қолданылатын аумақ та шамалы. Былайша айтқанда, Қазақстанның егін шаруашылығының түсімі әлі күнге дейін қар мен жаңбырға тәуелді. Оның үстіне Кеңес одағы кезіндегідей, қыста атыздарға қар тоқтатып, жердің дымқылдығын арттыру әдісі де қолданыс­тан қалған. Жазғытұрым еріген қар суларын жиып алып, пайдалану жұмысы да ескерілмейді. Есесіне көктемде бейберекет кеткен су көптеген елді мекендерді шайып кетіп жатады. Билік жыл сайын тасқыннан сақтану шараларын жасағанымен, қар суына тоспа жасап, тас­қыннан сақтанып, ауыл шаруашылығын суландыру сынды «Екі жеп биге шығатын» тәсілді пайдалануға асығар емес. Қар суын қойып, ағып жатқан өзендерге су қойма салып, ауыл шаруашылығын суландыру жұмысының аяқ алысы да сылбыр.
Су қоймасы демекші, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегіне сүйенсек, қазіргі уақытта Қазақстанда 335 су қоймасы бар екен. Олардың ішіндегі ірілері Бұқтырма, Іле, Шардара, Тобыл және Есіл өзендеріне салынған. Сондай-ақ еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында 22 жаңа су қоймасын салу жоспарланған. Аталған нысандар Ақтөбе, Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында салынбақ. Бұған 58 миллиард теңге жұмсалады деп межеленуде. Алайда енді қалған бір жыл ішінде 22 су қойманың түгел қолданысқа берілмейтіні түсінікті шаруа. Демек судан пайдалануға қатысты жоспарлар жасалғанымен, қолға алынып, қолданысқа берілгені шамалы. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Есіл өзенінде «Есіл су реттегішін салу» жобасы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеп жатқан көрінеді. Бұл нысан іске қосылса, Ақмола облысында 25 мың гектар жер суармалы алқапқа айналып қана қоймай, су тасқыны апатының шығынын 50 пайызға дейін азайтуға және алдын алуға үлкен мүмкіндік береді дейді мамандар. Бірақ оның да қашан қолданысқа енетіні жайлы да нақты уақыт шегі белгіленбеген секілді.
Еліміз Ертіс өзенінен де өнімді пайдалана алмай отыр. Жылдық ағынын реттеу және әлектр энергиясын алу үшін Бұқтырма, Өскемен, Шүлбі бөгендері салынып, Сарыарқа аймағындағы табиғи қорларды игеру мақсатында Ертіс-Қарағанды каналы тартылғаны болмаса, Ертістің суы әлі күнге дейін игерілмей жатыр. Тым құрығанда Ертістің жағасындағы неше мың гектар алқапты суармалы жерге айналдыру мәселесі күн тәртібіне қойылған жоқ.

СУДАН ҚАЙТАРЫМ АЛАТЫН КЕЗ КЕЛДІ

Қазақстанда су үнемдеуге және судан өнім пайдалануға ден қоятын мезгіл келді. Ол үшін шетелден келетін өзендердің жоғарғы ағысын азайтпау үшін Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдерімен тең тұрғыдан өнімді келіссөздер жүргізудің мәні зор. Өйткені Ертіс, Іле, Сырдария сияқты өзендердің ағысы азайса, оның дертін ертеңгі ұрпақ тартады. Оның үстіне іргеңе салған су қоймасының елдің қауіпсіздігіне де қатер екенін Өзбекстанның Сардоба су қоймасының ағытылып кеткені анық аңғартты. Демек шекаралық өзендердің бойына салынған бөгеулер су тапшылығына ғана емес, халықтың бас амандығына да қатысты іс болғандықтан, бұл мәселеге әсте жеңіл-желпі қарауға болмайды.

P.S: Жақында БҰҰ «бүгінгі таңда әлемде 1,4 миллиард адам таза суға зәру. 2025 жылға қарай әлем халқының 40 пайызы үшін бір ұрттам таза су үлкен мәселеге айналады» деген мәлімет таратты. Мұхиттан алыс, Еуразия құрлығының кіндігінде орналасқан Қазақстан үшін де су мәселесі аса өзекті тақырыптың бірі. Сондықтан суармалы жерлердің көлемін арттыру еліміздің ауыл шаруашылығын дамытудағы жаңа мүмкіндік екені белгілі. Суармалы алқап молайса, егін шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығының дамуына да тың серпін береді. Егіннің түсімі артса, бидай, нан бағасының жыл сайынғы қымбатауын тежейді. Сондықтан ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында Қазақстанда өзен суларын өнімді пайдаланып, су қоймалар салып, су үнемдеу техникаларын жаппай қолданысқа енгізу керек. Бұл ретте құмды шөлді жасыл алқапқа айналдырған Израиль елінің тамшылатып суару техникасын енгізудің тиімділігі орасан. Сондай-ақ Қытаймен Ертіс, Іле төңірегінде келіссөз өткізумен бірге олардың да су үнемдеу, егіс алқаптарын суармалы атызға айналдыру барысын, әдісін зерттеген дұрыс. Ірі қалаларда лас суларды тазартып, қайта пайдалану мәселесіне де осы бастан кіріскен абзал. Құдықты беталды әрі таяз қазып, өсімдік суын сарқып пайдаланудың да жердің су қабатын төмендете беретінін ерте ескерген жөн. Өйткені судың да сұрауы бар. XXI ғасырдың ең құнды тауары – су. Ал сусыз тіршілік тұл. 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 + 16 =