«ӨЗЕН ӘУЕНДЕРІНДЕ» ӨЗГЕШЕ СЫР БАР

0 127

jjjj

Астана тойында «Өзен әуендері» шырқалады. Дәстүрлі классикалық музыка кештері 5-7 шілде аралығында сағат 21:00-де Есіл өзені үстінде өтеді.

Ашық аспан аясындағы «Өзен әуендері» мерекесі жеті жылдан бері елорда думанының ажырамас бөлігіне айналды. Бұл фестивальді бүгінде Астананың мыңдаған қарапайым тұрғыны мен қонақтары асыға күтеді. Өйткені, мұндағы музыканың академиялық жанры көрермендеріне керемет әсер сыйлайды.

Сахна әдепкі дәстүрмен өзен үстіне құрылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ол шығыс стилінде бой көтереді. Көрермендердің бірі оны шатыр іспетті қабылдаса, енді бірі шығыс сарайына теңейтіні сөзсіз. Оның сыртқы пішінінен сиқыр мен көне аңызға жетелейтін шығыс реңкі байқалады.

«Өзен әуендері» классикалық музыка кештерінің бағдарламасы былай өрбиді:

5 шілде күні кеш шымылдығын симфониялық музыка концерті ашады. Биыл Түркиядан келген арнайы қонақтар – танымал дирижер Зафер Гюндогдудің жетекшілігімен Анкара қаласының Мемлекеттік опера және балет театры оркестрі өнер көрсетеді. Анадолының бай музыкалық мұрасының інжу-маржанын терген оркестр классикалық және ұлттық туындыларды шебер біріктіріп, тыңдарманның құлақ құрышын қандырады.

6 шілде күнінде көрермендер табиғат аясындағы тамылжыған музыка мен әсем бидің үйлесіміне куә болмақ. Дәл осы күні Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театры танымал балет труппасының орындауында екі балет қойылымы көрсетіледі. Олар – екі көріністі, бір актілі «Шехерезада» (Н.Римский-Корсаковтың музыкасына жазылған А.Бенуаның либреттосы) қойылымы және Ж.Бизе мен Р.Щедриннің музыкасына жазылған бір көріністі «Кармен-сюита» балеті.

7 шілде күні «Өзен әуендері» кеші камералық музыка концертімен жалғасады. Биыл Халық әртісі, көрнекті скрипкашы Гаухар Мырзабекованың жетекшілігімен Мемлекеттік камералық оркестр сахнаға шығады.

Ерке Есіл үстінде қалықтаған ән кешінде көрермендер сан алуан сәулелі жарық ғажайыптарын тамашалап, әртүрлі образдарға қанығады. 5-7 шілде күндері «Өзен әуендері» аясындағы көріністер «3D mapping» жарық шоуымен сүйемелденеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − 18 =