Өзекті жайттар ортаға салынды

0 76

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатында Есіл ауданының әкімі Берік Жәкенов пен Сарыарқа ауданының басшысы Есет Байкеннің аудандарда бұрын атқарылған, алда жүзеге асырылатын жұмыстар туралы есептері тыңдалды. Олардың баяндамаларынан кейін мәслихат депутаттары қаланың өзекті мәселелері бойынша сұрақтарды қойды.

Депутаттар қаланы абаттандыру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, көгалдандыру, т. б. көптеген маңызды мәселелерді көтерді.
Депутат Ерлан Дәкеновтың көшелерді жарықтандыру және Үркер» тұрғын алабындағы аула клубы туралы сұрағына Есіл ауданының әкімі Берік Жәкенов жауап берді.
«Ә.Бөкейхан көшесі Сығанақ көшесінен басталып, Ұлы Дала даңғылына дейін баратын үлкен көше екенін айта келе, мұның Керей-Жәнібек хандар көшесіне дейінгі бөлігіне асфальт төселгенін, жолдың қалған бөлігін реттеу жоспарға енгізілді, жарықтандыру да шешіліп жатыр, ал «Үркердегі» аула клубы Жастар саясаты мәселелері басқармасының балансына беріледі. Бұл жұмыс аяқталған соң нысан әрі қарай дамытылады» деді аудан басшысы.
Есіл ауданында алдағы екі жылда 15 орта мектеп салынып, Оқушылар сарайы да бой көтереді.
Сарыарқа ауданына кезек келгенде, мәслихат депутаты Бауыржан Жанқонақов «Көктал-1» және «Көктал-2» тұрғын алаптарын газдандыру барысын сұрады.
– «Көктал-2» тұрғын алабындағы 41 көшеге газ тартылды. Яғни елді мекенге газ тарту жұмыстары 100 пайыз орындалды. Тұрғындарға енді газға қосылуға болады. Осы күнге дейін 61 үй «көгілдір отынды» қосып алды. «Көктал-1» тұрғын алабындағы 91 көшенің 88-і газбен қамтылып, тиісті жұмыстардың 98 пайызы жасалды. Осындағы 156 үй газдың игілігін көріп отыр. Мұнда саяжайлармен мәселе туып отыр. Себебі қолданыстағы заңнама бойынша оларды газға қосуға тыйым салынған. «Агроқалашықта» 112 үйдің жанына газ құбыры әкелінді. Жалпы ауданды газдандыруды биыл толығымен аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді аудан әкімі Есет Байкен.
Мәслихат депутаты Айтжан Әбдіров Жеңіс даңғылы мен Ә.Молдағұлова көшесінің қиылысына жылы аялдама орнату керектігін айтты. Аудан әкімі өз тарапынан тиісті басқармамен бұл мәселені қарастыратындарын айтып өтті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four + 8 =