«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Өзекті өртеген өрт

Бұл оқиға ешкімді де бейтарап қалдыра алмаса керек

0 358

Наурыздың 25-і күні түс ауа Ресейдің Кемерово қаласындағы «Зимняя вишня» атты сауда-ойын-сауық орталығында жан түршігерлік қайғылы оқиға орын алды. Орталықтың төрт қабатты ғимараты аяқ астынан отқа оранып, санаулы сағаттарда шаңырағы ортасына түсті. Нәтижесінде 64 адам жалмаңдаған осы алапат оттың құшағында тірідей жанып кетті. Бұлардың 70 пайызға жуығы – 44-і балалар болған.

Аталмыш трагедияға байланыс­ты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол күні Ресей Президентінің атына жеделхат жолдап, болған аса ауыр қайғылы оқиғаға орай көңіл айтты.
Өрт балалар мультфильм көріп отырған төртінші қабаттағы кинотеатр тұрған блоктан басталған. Ал залдың есігі сыртынан кілттеніп тұрған. Сол мезетте билет тексеруші әйелдің аяқ астынан жоқ болып кеткені де анықталып отыр. Түтін иісі келе бастағаннан үрейге бой алдырған балдырғандар есік жабық болғандықтан, сыртқа шыға алмай қалған. Сол бүлдіршіндердің жаппай жайлаған алас-қапас сәтінде ұялы телефон арқылы ата-аналарына смс-хаттар жазып, қоштасу нобайын білдірген сөздері адамның жүрегін шеменге толтырып, көкіректі шерлі етіп жібереді…
Қайғылы оқиға орын алған күннің ертеңіне таңертең Ресей президенті Владимир Путин елдің «көмір орталығына» ұшып келді. Жалғыз келген жоқ, Ресей тергеу комитетінің 100 қызметкерін өзімен бірге ерте келді. Мемлекет басшысы келген бойда осы оқиғаға байланысты құрылған азаматтық белсенділер тобының мүшелерімен кездесіп, жағдайға біршама қанықты. Содан кейін сау­да-ойын-сауық орталығы жанында стихиялы түрде пайда болған мемориалға гүл шоғын қойып, трагедияның себебі мен салдарын талқылауға арналған мәжіліс өткізді. Ол орталықта қаза тапқандарды үнсіз еске алудан бастады.


Аталмыш мәжілістің барысында Владимир Путин тиісті салалар басшыларының есептерін тыңдады. Ол адамдардың қаза табуына сауда орнындағы салдыр-салақтық пен бетімен кетушілік себеп болғанын мәлімдеді. «Бізде не болып жатыр, мұнда ұрыс қимылдары болған жоқ, шахтада күтпеген жерден метан бұрқ ете қалған жоқ. Жұрт, балалар мұнда тынығуға келген. Біз демография туралы айтып жатамыз да, осыншама адамнан аяқ астынан айрылып қаламыз» деді ел басшысы.
Өкінішке қарай, өртте қаза тапқандар санын әлдеқайда көп етіп көрсетіп, қайғылы оқиғадан ұпай жинағысы келетін қаскөйлер де табылып жатыр. Осындай фейк, яғни жалған атпен шығып жатқандардың бірі украин пранкері Евгений Вольнов екені анықталды. Ол өзінің YouTube желісіндегі арнасында әртүрлі дауыспен, біресе өрт сөндіруші, біресе аурухана қызметкері болып сөйлеп, орталықта «300 адамның ажал құшқаны» туралы ұдайы хабарлап отырған. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері ақырында фейктің иесін тапты. Ал Кемеровоның бес адамнан тұратын бастамашыл тобы мәйіт­ханада, сондай-ақ, аурухана мен салқындатқыш комбинатта болып, әлеуметтік желілерді кезіп жүрген жоғарыдағыдай мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтініне көз жеткізіп қайтты.


Владимир Путин «Зимняя вишня» сауда-ойын-сауық орталығында орын алған өрт оқиғасына кінәлі деп табылған мамандардың ешбірі лауазымы мен атағына қарамастан жазаға тартылатынына жұртты сендірді. Ол 28 наурызды «бүкілресейлік аза күні» деп жариялады. Осы күні оқыс оқиғаның құрбаны болғандар жер қойнына берілді.
Кемероводағы бұл сұрапыл сұмдық біздің еліміз үшін де сабақ болуға тиіс. Республикада қазір 1151 осындай ірі сауда-ойын-сауық орталығы бар екен. Енді олардың апатты жағдайға дайындығы қандай екенін тексеріп шығатын кез жеткен сияқты. Мұны Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер мәлімдеп, өрт қауіпсіздігін бұзған сауда орталықтарына салынатын айыппұлдың мөлшерін атап көрсетті. Ондағы баға көп болса, фильмнің бір сеансынан түсетін ақшамен шамалас қана екен…

Серік ПІРНАЗАР

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды