Өзекті өртеген өкініш

0 140

Сәния көрші келіншек екеуі шай ішіп отырған. Орталарында күні кеше ғана жылдық асын өткізген марқұм күйеуінің жақын туыстары бар, бір топ адам кіріп келді. Екі келіншек лып етіп орындарынан көтеріліп, қонақтарды төрге өткізіп жіберді. Самаурынын ала ұмтылған Сәнияны қайын ағасы тоқтатты.– Отыр, қарағым, әуре болма. Өзіңмен ақылдасқалы келдік, – деді.
Сәния ақырын қолындағы орамалдың қыртысын қолымен жазып, қонақтарға тіке қарамастан дастарқан шетіне жайғасты. Қайын ағасы жөткірініп, сөзін бастады:
– Қарағым, келін болып түскелі ерсі қылығыңды көргеніміз жоқ, алдымыздан аттап өткен жерің болған емес. Қосағыңмен қоса ағарып, ұлдарың мен қызыңның қызығын көретін ретің еді, тағдырға не шара?! Артын күттің, жылы өтті, аруақ алдындағы парызыңды атқардың. Енді, қарағым, тірі адам тіршілігін істейді. Ағайындар кеңесе келе, қайның Мәлікті қаладан біржола алдырғымыз келіп отыр. Ағасының балаларын жетімсіретпесін. Қарсы болмасаң, өзіңмен некелеп қосқалы отырмыз. Тағдырдың жазуы солай шығар, күйеуіңнен жас қалдың, шекесі торсықтай ұлдарыңды кісінің қабағына телміртпей, ағайынның ортасында өсір дегіміз келеді. Мәлік те жас емес, бауырларын жатқа қисын ба, оның келісімін алып келіп отырмыз. Жауабын асықпай ойланып айтарсың!
Екі беті қып-қызыл болып, сөздің соңына дейін әзер шыдаған Сәния жауабын табан астында айтып салды.
– Ағалар-ау, не айтып отырсыздар?! Өзім мұғаліммін, ескіліктің жолы деп қайдан келісе қоямын. Мәлік те жылы орнын суытып не істейді? Қаласында жүре берсін. Ел ішінде отырмыз ғой, бір жөні болар.
– Қарағым-ай, жастықпен айтып отырсың ғой, ойланарсың. Келген ағайындар кідірместен орындарынан тұрды. Көрші келіншек те солардың ізімен зып берді.
Есеңгіреп қалған Сәнияны балалар бөлмесінен естілген ұлының әлсіз дауысы селт еткізді. Егіздің сыңары ұйқысынан ояныпты. Маңдайын ұстап көрсе жанып тұр екен. Бірнеше күнгі абыр-сабырда балаларына қарауға мұршасы болмаған Сәния мектептен келген үлкенін фельдшерге жүгіртіп жіберді. Артынша Мәлік те келді. Әне-міне дегенше келіп жеткен фельдшер баланы қарап, қызуын өлшеп, «дереу ауруханаға жеткізу керек» деді. Мәлік аңтарылып қалған жеңгесіне «Жинала бер, қазір көлік тауып келемін» деп шығып кетті. Көп ұзамай көрпеге оралған баласын құшақтаған Сәнияны көлікке жайғастырып, «алаң болма» деп шығарып салды.
Сәния ұлымен ауруханада бір айдай жатып шықты. Бұл жоқта Мәлік бас-көз болып жүрсе де, әйелі жоқ үйдің сиқы белгілі емес пе, балалары жүдеп қалыпты. Аналарын көріп алдынан жүгіріп шықты, Сәнияның да күйеуі қайтқалы үйден ұзап шыққаны осы еді. Балаларының маңдайын иіскеп, көзіне жас үйірілді.
Келген бетте балаларының кір-қоңын жуып болып, бөлмелерді асықпай жинастырып жүріп Мәліктің бөлмесіне кіргені сол еді, бұрышта тұрған чемоданды көріп ыршып түсті. Есіне өткен жолғы қайын ағасының сөзі түсіп, беті дуылдады. «Біржола келдің бе?» деді бөлмеге кірген Мәлікке. «Иә, ертең жұмысқа түсемін». Сәния бөлмені асығыс жинастырып үндеместен шығып кетті.
Орнында бар оңалады ғой. Кішкентай егіздерді балабақшасына орналастырып, өзі мектепке жұмысқа тұрды. Мәлік мамандығымен қызметке кірісті. Бір үйде тұрған соң жеңгесіне қаржылай да, ұлдарының тәрбиесіне де қарайласып тұрды. Күн артынан күн өтіп, жетімдердің қам көңілі орнығып, тіршілігі бір арнаға түсе бастағандай. Ұлдары есейген сайын үйірсектеп Мәліктің жанынан шықпайды. Тумысынан біртоға, балажан Мәлік те қолы қалт етсе, ұлдарды ертіп алып балық аулап, суға шомылып бірге демалатын. Олар да ағасының айтқанын қалт еткізбейді.
Сәнияның да көңілі демделіп, ертеңін ойлай бастады. Ағайындары содан қайтып мазаламаған. Мәлік те өткенді еске алған емес. Қызметіне тік барып, тік қайтады. Сыбай-сылтаң жүрісін де аңғармады. «Қайтсін, жетімнің қамын ойлап жүр ғой. Не болса да өзім аяқтандырайын» деп, жеңгесі ешкіммен ақылдаспастан шешім қабылдады. Өзі сабақ беретін мектепке институтты жаңа бітіріп келген қызбен қайнысын таныстыр­мақ болды. Жастары қатар болса да өмір көргені бар емес пе, ертеңгілік қайнысына тіс жарып ештеңе демесе де, ерте келуін өтінген. «Жай ма?» деген сұрағына «Жай, қызметтес қыз-келіншектерге шай беріп жіберейін деп едім» деп қоя салды. Жұмыстан әдеттегісінен де кешірек келген Мәлік сыпайы амандасып, бөлмесіне кіріп келді. Қыздың құлағын бұрап қойған Сәния аузы-аузына жұқпай әңгіме айтып, жаюлы дастарқанның шырайын келтіруге тырысты. Сәлден соң телефон шылдырап, «жұмыстан шақырып жатыр» дегенді сылтау қылып, Мәлік асығыс кетіп қалды. Ол кеткен соң отырыстың да мәні кетті.
Ауылдың бір шетінде тұратын қонағын Сәнияның өзі шығарып салды. Қайта оралғанша түннің бір уағы болып қалды. Балалары жатып қалса керек. Есік алдындағы сәкіде Мәлік күтіп отыр екен. «Сен үшін есім қалмай жүрсе, бізді адам құрлы көрмей кетіп қалғаның не?» дегендей қабағын түйіп, тұсынан өте беріп еді. Мәлік шап беріп қолынан ұстай алды. Сәния аузын ашып үлгергенше, қайнысы ештеңені естігі келмейтінін білдіріп, саусағының ұшымен жеңгесінің ернін басты. Кештің салқынынан күзгі жапырақтай қалтыраған Сәнияны иығынан қаусыра құшақтады. Байғұс келіншек еркектің ауыр қолдарын сезініп, ыстық кеудеден қорғаныш іздегендей, Мәліктің құшағына тығыла түсті. Жетім көңіл мен жүдеу жүрек бірге соғып, мұңайып біраз отырды. Бірте-бірте толықсыған келіншектің қаны басына шауып, алқына бастады. Мәліктің қолы тиген жер өртеніп барады. Ысып жанған Сәнияны қауырсын құрлы көрмей, Мәлік көтеріп алды…
Ертесіне Сәния апыл-ғұпыл балаларды мектепке жинап, бұлардан сәл кештеу шығатын Мәлік пен егіздердің таңғы асын үстел үстіне қалдырып, асығыс кетті. Есіктің алдынан қарсы жолыққан Мәліктің жанарынан көзін тайдырып әкетті. Мәлік еріксіз жымиып, Сәнияның соңынан қарап, басын шайқады.
Бірде күні бойы бақшада болған егіздер үйге келген соң да алысып ойнап, көпке дейін тыншымады. Ақырында мамасына келіп, «ертегі айтып берші» деп жабысты. Әншейін­де жұмыстан шаршап келсе «көкелерің айтып береді» деп ысыра салатын. Бұл жолы балаларын төсегіне жайғастырып, ертегісін бастады.
«Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде бір қарттың үш ұлы болыпты. Ұлдары ержетіпті. Сонда әкесі былай депті: «Мен қартайдым, енді сендердің өз алдарыңа отау құратын кездерің келді. Міне, мына садақты алып, алысты көздеп тартыңдар. Жебе кімнің үйіне қадалса, сол үйдің қызына үйленіңдер» депті. Үлкен ұл мен ортаншы ұл садақтарын кезегімен тартып қалғанда жебенің бірі – байдың, бірі саудагер үйінің қабырғасына қадалыпты. Кенже ұлдың кезегі келгенде садақтың жебесі көз жетпейтін алысқа ұшып жоғалыпты. Оны көл жағасынан тауып алады. Қараса, бір құрбақа аузына тістеп алыпты. Ол адамша тіл қатып, «мені өзіңмен бірге ала кет!» деп жалыныпты.
Ертегішінің қоңыр дауысына елітіп, егіздер жатқан жерлерінде ұйықтап қалыпты. Сәния басын көтеріп, Мәліктің бөлмесінің ашық қалған есігінен түсіп тұрған жарықтан оның ұйықтай қоймағанын байқады. Егіздерінің басынан кезек-кезек сипап, кеудесіне кептеліп қалған өксікті, пысылдап ұйықтап жатқан балаларын оятып алмаймын деп зорға басты. Қанша жатқаны белгісіз, көзін бір ашқанда қайнысының көрпені қымтап жатқанын көрді. Басын көтере бастап еді, басын шайқап, «ұйықтаңдар» деп шығып кетті.
Уақыт өте келе күйеуімен қатар жүрген күндердің елесі ескірді. Түн шымылдығын түсірсе, жұбанышты да қорғанышты да содан іздеп, Мәлікке баладай еркелеп, мауқын басатын. Кейде сезімі жанартаудай атқылап, ерік бермей кететін. Ал таң атса болды, қызметі бар, балаларының анасы әрі қамқор жеңгеге айналып шыға келеді. Өзі де білмейді, екіұдай өмірінің қалай пайда болғанын. Оны да Мәліктің өзі айтпаса, санасына жетер ме еді! «Қараңғы түнді жамылып қашанғы жүреміз? Біз неге елдің алдында ерлі-зайыпты болып, басымызды неге ашып алмасқа?! Сәния үзілді-кесілді шорт кесті. «Жұрт не дейді, балаларға не айтамыз?» Әйтеуір сылтау тауып, ештеңені өзгерткісі жоқ. Жанарына жас толып, «бір-бірімізді ұнатқанымыз айып болып па дегендей қиылып қараған кезде оның дымы құрып, басын шайқайды. Ақыры «өзімшілсің-ау» деп іштен тынады. Сәния да Мәлікті бөтенге кимаса да, кейде «көңілі басқаға ауса не істеймін?» деп ойға кетеді. «Жарым көңілімді жұбатқаныңа рақмет! Басқаша болу қолымнан келмейді, теңіңді табарсың» деп ағынан да жарылып көргісі келеді. Бірақ ештеңе өзгерген жоқ.
Сөйтіп жүргенде олар арада өткен жылдардың санынан жаңылып қалды. Бірде Мәліктің шашының ағарғанын көріп шошып кетті. Ол зілсіз ғана:
– Сен ғой ағартқан, – деді.
– Мен бе?!
Сәния сол кезде ғана шындап ойланды, қайнысы екеуінің арасындағы болған жағдай санасына жетіп, бағамдай бастады.
– Кешірші мені, – деп Сәния Мәліктің мойнына орала кетті.
– Сенің не кінәң бар? Өзім ғой. Мәлік рахаттана күлді. – Есіңде ме құрбақа туралы ертегің?
– Түнде адамға айналатын бақа туралы ма?
– Иә, ең алғаш әлсіз әйелге айналып, қойныма тығылған кезде, қабығыңды өртеп жіберуім керек еді…
– Неге өртемедің? Тағы да сылқылдап күлді.
– Ертесіне қайтадан өз қабығыңды киіп алыпсың, көңіліңді қимадым.
Осы жарасымды кештен кейін бірнеше күннен соң қайнысының жүрегі ауырып ауруханаға түсіп, артынша қайтыс болды. Соңғы демі үзілгенше жанында болған оның көзінен бір тамшы жас шыққан жоқ. Мүрдені жер қойнына беруге алып кеткенде құр сүлдері қалған байғұсты қолтығынан демеп, оңаша бөлмеге апарды.
Бір кезде ащы дауысқа жүгіріп келгендер Сәнияның екі бетін басып егіліп отырғанын көрді. Алқызыл бетін тырнақтарымен осып жіберіпті. Саусақтарының арасынан саулай атқылаған қан көз жасымен қосылып бетін жуып кетіпті. Есіктің алдында іркіліп қалған әйелдердің арасынан кәрі абысыны: «Күйеуі өлгенде де бұлай қайғырмап еді, байғұс-ай» деп күбірлеп басын шайқады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − 7 =