ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ ӨЗГЕШЕ ӨРІСІ

0 98

Бұрнағы күні халықаралық саясаткерлер, сарапшылар, шетелдік, қазақстандық журналистер мен қоғам қайраткерлері қазақтың Астанасына жиналды. Биыл он бірінші мәрте ұйымдастырылған Еуразия медиа форумы елордада шымылдығын екінші рет ашты. «Қазмедиа» ғимаратында екі күнге созылған алқалы жиынға алыстан ат шалдырып жеткен делегаттардың қатары былтырғыдан қалың. Әлемнің 46 елінен 600-ге жуық делегат келген. Талқыға түскен тақырыптар да сан қилы, өзекті. Айталық, Ауғанстандағы соғыстың аяқталуы, Таяу Шығыс елдеріндегі төңкерістер, «ЕХРО-2017» көрмесі, «жасыл» экономиканың жақсылықтары, дағдарыстан есеңгіреген Еуропа, Кипр«синдромы», ақпараттық қауіпсіздік, әлеуметтік желілердің ғаламдағы саяси ахуалға ықпалы, ХХІ ғасырдағы медианың бағыты… Қай-қайсы да ауқымды, қай-қайсына да әлемнің құлағы түрік. Сондықтан, бұл форум бұрынғыдан өзгерек.

Сонымен он бірінші медиа форумның пердесін Президент Нұрсұлтан Назарбаев ашып, мәртебелі меймандарға: «Қазақ жеріне қош келдіңіздер!» деп сөз бастады. Елбасы Еуразия медиа-форумы он бір жылдық тарихында саясаткерлер мен сарапшылар, журналистер қауымының пікір алмасу алаңына, ал Астана Еуразия кеңістігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығына айналып отырғанын әңгімеледі. «Мен форумға қатысушылар тізімімен танысып шықтым, аса танымал саясаткерлер, журналистер бар. Баршаларыңыздың жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін» деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Елбасы ел егемендігіне, азаттығына көңіл аударды. Қазақстан өзінің жүздеген жылғы тарихында алғаш рет тәуелсіздікке қол жеткізгенін, тұңғыш рет бостандықтың, еркіндік пен тәуелсіздіктің дәмін татқанын әңгімеледі. «Біз бұл тәуелсіздікті ештеңемен айырбастай да, ешкімге беріп те қоя алмаймыз. Егер қандай да бір бірлестіктер еліміздің тәуелсіздігіне, Ата заңымызға кесірін тигізетін болса, біз дереу ол ұйымнан шығатын боламыз» деді Мемлекет басшысы. Ол мұндағы мәселе таза экономикалық ықпалдастық тұрғысында екеніне тоқталды: «Бұл – әлемде бар үдеріс. Соңғы мысал, Еуропалық одақ. Алайда, біз соның өзінде көптеген кемшіліктер мен олқылықтарды байқап отырмыз. Ал бірлестік құру барысында біз ондай кемшіліктерге жол бермейміз».

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның антиядролық қозғалыста көшбасшы болуға хақы барын сөз етті. Президенттің пікірінше, ядролық бомбалар кез келген мемлекеттің қауіпсіздігіне кепілдік бере алмайды, себебі, олар әлемде мыңдап саналады. Сонымен қатар, Елбасы әлемдік БАҚ-ты Орталық Азиядағы жағдайға салмақты қарауға шақырды. «Ауғанстаннан коалициялық күштер кеткеннен соң, Орталық Азияда тұрақсыздық орын алады дегенді кейбіреулер қатты алаулатқысы келеді. Бұндай тарихта болды. Ең бастысы, Орталық Азияда ішкі мәселелермен айналысу керек» деген ол орталық азиялық мемлекеттердің бірігуіне әрекет ететін кез келген мемлекет пен саясаткерге алғыс айтатынын жеткізді.

Форумда Мемлекет басшысы Қазақстанды Ауғанстан мәселесін шешудің халықаралық алаңы ретінде ұсынды. Сондай-ақ, көмекке мұқтаж елдердің көбеюі ғаламдық дамуды ұзақ уақытқа тежеуі мүмкін екенін әңгімеледі. «Мұнда Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдері туралы айтып отырмын. Кейбір мемлекеттер өзге елдерге көмек беріп, донор болып келсе, қазіргі уақытта өздері реципиенттерге айналды. Бұл алдымен жаһандық экономикаға әсер етіп, қуатын әлсіретуде, кейбір Азия елдеріне тұрақсыздық қаупін төндіруде» деді ол.

Президент өз сөзінде мемлекеттерді «ЕХРО-2017» көрмесінің дайындық жұмысына қатысуға шақырды. «Біздің болашаққа сенімділігіміз еліміздің даму стратегиясында айқын көрініс тауып отыр, – деді. – Онда Қазақстан 2050 жылы әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына енуді мақсат етіп отыр. Осы кезең ішінде саясат, экономика өзге де салаларда атқаратын барлық жұмыстарымыз аталған мақсатты іске асыруға бағытталатын болады.

Көздеген мақсатымызға біз саналы түрде, жаһандық экономикалық және саяси трендтерге сәйкес келіп, өзіміздің жеке міндеттеріміз бен мүмкіндіктерімізді әлемдік тәжірибемен сабақтастыра отырып қол жеткізбек ойдамыз».

«ЕХРО-2017» көрмесінің басты ұраны «Болашақ энергиясы» екенін көптің есіне салған Мемлекет басшысы «жасыл» экономика бағдарламасы қабылданатынын мәлімдеді. Елбасының ойынша, соңғы озық инновациялар – «жасыл» экономикаға өту жолы. Оған ескірген технологиялар қатыса алмайды.

Форумда көтерілген мәселелерге орай Ауғанстан президентінің кеңесшісі Мұхаммад Яһия Маруфи, Иран Ислам Республикасы президенттігіне үміткер Хушанг Әмірахмади, Қырғыз Республикасы Парламентінің депутаты Қаныбек Иманәлиев, америкалық журналист РойГатман, Ұлыбритания Парламентінің мүшесі  Джордж Галлоуэй, Мысырдың «Әл Аһрам» газетінің атқарушы редакторы Мұхаммед Сабрин, сириялық журналистер Әкрам Хузам, Нәбил Омран, Түркияның «Todey Zaman» газетінің бас редакторы Бүлент Кенеш және басқа да қатысушылар пікір білдірді. 2017 жылы елордада өтетін «ЕХРО» көрмесі, «жасыл» экономиканың шынайылығы бағытында Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров, Орталық Азия жүйелі зерттеулер қорының президенті Майра Салықова сөз қозғады.

Асхат РАЙҚҰЛ,
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 3 =