Өзекті мәселелер тұрғындармен бірге талқыланады

0 20

Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаевтың кезекті халыққа есеп беру кездесуі №86 мектеп-гимназияда өтті. Қала әкімінің орынбасары Ермек Қизатов ашып берген кездесуде аудан басшысы өткен жылдың даму көрсеткіштеріне тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті.Ауданды дамытудың негізгі ошақтарының бірі «Мыңжылдық» аллеясы аумағында шоғырланған. Ол Тәуелсіздік сарайынан басталып, «Нұрлы жол» вокзалына дейін созылады. А.Байтұрсынов және Ж.Нәжімеденов көшеле­рінің ортасында орналасатын аллея абат аймаққа айналады.
– Аллея аумағында көптеген тұрғын үйлер, 10 мектеп, 17 балабақша, емханалар бой көтереді. Бұл жобаны жүзеге асыру қарқынды жүргізіліп жатыр. Сол аумақта қазір саяжайлар орналасқанын білесіздер. Олардың бәрін сүріп, жаңа заманға сай келетін нысандарды саламыз. Алдағы үш-төрт жылда бұл аймақты танымай қаласыздар. Аллеяның сәнін осы күндері салынып жатқан қазақ драма театры келтіреді, – деді Ә.Сәрсембаев.
Әкім өзінің баяндамасында ауданды абаттандыру, тұрғындардың өмірін жақсарту жұмыстарына көбірек тоқталды. Мәселен, ауданда 2003 жылдан бері 80 апатты үй сүрілді. Бұл үйлердің тұрғындары жаңа үйлерге қоныстанды. Өткен жылы Серікбаев көшесі, 14 мекенжайындағы ескі үй сүріліп, онда тұрған 18 отбасы көшірілді.
Алдағы жоспарлар қатарында «Сарайшық» шағын ауданында, атап айтқанда, Т.Жүргенов, К.Әзірбаев, 23-30 көшелері бойында басталған жолдар мен гүлбақтың құрылысын аяқтау, инженерлік желілерді ретке келтіру болып отыр. Көшелерді жарықтандыру мәселесі де бар. Жалпы өткен жылы ауданда 2500 шам ауыстырылып, 1100 баған қалпына келтірілді. Алты көшеде 435 және аудан сая­бақтарында 1500 жарықдиодты энергияүнемдегіш шамдар орнатылды. Бұл жұмыс электрэнергияға жұмсалатын бюджет қаржысын 3 млн теңгеге үнемдеуге мүмкіндік берді. Үнемдел­ген ақша жарықтандырыл­маған көшелер мен нысандарға бағытталады. Биыл Б.Момышұлы көшесі мен Абылай хан даңғылы, Нұр-Сұлтан-Қарағанды тас жолы бойларында 1 мыңнан астам шамды ауыс­тыру жоспарланып отыр.
Тұрғындар, негізінен, жолдар мен тротуарларды салу, абаттандыру мәселелерін көтерді. Немересін мектепке апаратын бір әжей көктем, күз мезгілдерінде Т.Жүргенов көшесінен №86 мектеп-гимназияға жету мұң болып отырғанын айтып, тротуар болмаған соң, батпақты кешуге тура келетінін жеткізді. Көше бойында бірде-­бір ағаш көрінбейтініне налыды.
Әкім осы аумақты абаттандыру биылғы жоспарда тұрғанын, ағаш та отырғызылатынын, бәрі қаржының бөлінуіне қарай рет-ретімен жасалатынын айтты.
Ақтоты Сахариева деп өзін таныстырған тұрғын №74 мектеп-гимназия маңайындағы №20 және №41 автобустардың соңғы аялдамасында павильон орнатуды, №3, №21 бағ­дар­ларды соған дейін созуды сұрады. Тұрғындар №24 және №31 бағдарлар тоқтайтын «Бастау» тұрғын үй кешені маңында жылы аялдама орнатуды, осы жерден сол жағалауға қатынайтын автобус жіберуді өтінді.
Нұркен Қайыров ақсақал «Қайнар», «Апато» тұрғын үй кешендері тұрғындары атынан аудан әкіміне аулаларын абаттандыруға көмектескені үшін алғысын айта келе, Успен кафедралды соборы маңайында жылы аялдама орнату, қоғамдық көлік мәселесін көтерді.
– №38 бағдар бұрын біз жаққа қатынайтын. Бұл бізге, зейнеткерлерге ыңғайлы болатын. Сол автобуспен азық-түлік алу үшін «Шанхай», «Алаш» базарларына баратынбыз. Кейін оны алып тастады. Соны қайтар­саңыздар, – деді ол.
Автобус бағдарларына қатысты қала әкімдігі 100 электроавтобус сатып алғаны, көктемде қалада осындай автобустар көбейетіні, сонда бағдарлар қайта қаралатыны айтылды.
Әділбек Сәрсембаевтың қорытынды есеп беру кездесуі кеше №72 мектеп-­лицейде өтті. Онда да негі­зінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қоғамдық көлік қатынасы мәселелері көтерілді.
Аудан әкімі өзінің баяндамасын оқи келе, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізу жоспарларына тоқ­талды.
– Аудан аумағында қазір алты саябақ бар. Осы жылы Триатлон, Президенттік және Есіл өзені жағалауындағы саябақтарды дамытудың бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеп, осы үш саябақты жаяу жүргіншілер жолдарын, жүгіру және веложолдарды салу арқылы қосамыз. Ыңғайлы болу үшін ол жерлерде тамақтану, душ қабылдау, басқа да тұрғындарға қажетті нысандар салынады, – деді Ә.Сәрсембаев.
Қазіргі өзекті мәселелерді талқылау және оларды іске асыру жоспарларын қалыптастыру бойынша тұрғындармен күн сайын кездесулер өткізіліп тұратынын айтқан әкім 2019 жылдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері ауданның дамуындағы оң динамика байқалғанын, алдағы жоспарланған жұмыстардың толық жүзеге асатынына сенімді екенін атап өтті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды