Өзекті мәселелер талқыланды

0 92

Астана қаласы ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы Бақытжан Малыбаев көңіл көтеру орындарының жұмысын Біріккен Араб Әмірліктері үлгісімен түнгі 2-ден кейін тоқтатуды ұсынады. Мейрамхана, дәмханалар да көп қабатты үйлердің астыңғы қабатында емес, оқшау орналасуы тиіс. Сол кезде қалада қылмыспен қатар түнгі уақыттарда халықтың тыныштығын бұзу деректері де азаяды.

149370795659082cb4895288-09626664

Кеше қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында есеп берген Б.Малыбаев депутаттардың алдына осы мәселені шығарды. Сессия жұмысына Астана әкімінің орынбасары Андрей Лукин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Сапар Ахметов, Қанат Мусин, Павел Казанцев қатысты.

Жалпы сессия барысында біраз мәселе көтерілді. Соның бірі автобустар жұмысы тоқтаған уақытта Bus Lane жолағына көліктерді қаңтаруға рұқсат беру жөнінде болды. «Осы мәселеге байланысты Жолаушылар көлігі басқармасындағылармен ақылдастық. Қазіргі таңда мұның заңдық жағын қарас­тырудамыз. Бұрын елімізде Bus Lane ұғымы болмағандықтан, енді ғана салалық министрліктерге ұсыныс­тарымызды жібердік. Несі бар, түнгі уақытта арнайы жолаққа көліктерді қоюға болады деп ойлаймын» деді Бақытжан Әсембекұлы.Сессияда қозғалған тағы бір өзекті мәселенің бірі халыққа алғашқы медициналық санитарлық және жедел медициналық көмек көрсету туралы болды. Бұл бойынша қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қамалжан Надыров баяндама жасады.

Оның айтуынша, бала туу деңгейі мен ішкі көші-қон есебінен Астана халқының жылдан жылға өсуіне байланысты алғашқы медициналық санитарлық көмек ісіне артылатын жүк аз емес. Мәселен, қазіргі таңда жалпы практика дәрігерлері отырған бір учаскеде орташа есеппен алғанда 2154 адам тіркелген. Ал Денсаулық сақтауды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес бұл көрсеткішті 1500 адамға азайту жоспарлануда. Бұл аурухана, емханалардың санын көбейту жолымен жүзеге аспақ.

«Мемлекет жекеменшік әріптес­тік шеңберінде «Өндіріс» тұрғын алабында дәрігерлік амбулатория салу мәселесі қарастыры­лу­да. Бұйыртса, бұл нысан келесі жылдың аяғына қарай бой көтереді. Қазіргі таңда алты алғашқы медициналық санитарлық көмек ныса­ны­ның құрылысын жүргізу мәселесін шешіп жатырмыз» деген Қамалжан Талғатұлы түйткілді мәселелерді де қозғап өтті. Соның бірі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы болды.

Оның сөзінше, амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің жетіспеушілігі алғашқы ме­дициналық санитарлық көмек саласының дамуын тежеумен қатар халықтың наразылығын, стационарға науқастардың шамадан тыс көп түсуін тудыруда. Биылдан бастап мектеп медицинасы денсаулық сақтау саласының қарауына берілді. Бір оқушының денсаулығына 350 теңгеден кем емес қаржы бөлінуі керек болса, нақты 100 теңге ғана бөлінген. Оның өзі 5 айға кешіктірілген. Бұл тұрғыдан алғанда, бөлінетін қаржының аздығы байқалып тұр.

Қала әкімі аппараты басшысының орынбасары Азамат Ахмеджанов «Астана қаласының құрметті азаматы» атағына ұсынылған адамдардың тізімін жариялады. Олардың қатарында «Ардагерлер ұйы­мы» республикалық қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалы мен қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сансызбай Есілов, мемлекет қайраткері Жәнібек Кәрібжанов, «Концерн «Цесна-Астық» ЖШС басқарма төрағасы Николай Мещеряков, профессор, жазушы, Франция Мемлекеттік кеңесінің құрметті мүшесі Жак Аттали есімдері аталды. Қалалық мәслихат депутаттары бұл тұлғалардың ұсынылған атаққа бірауыздан лайық деп тапты. Атақты тапсырудың салтанаты Астана күні мерекесіне қарай атқарылады.

Аманғали Қалжанов

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven − 3 =