Өзекті мәселелер шешімін күтеді

0 61

Алматы ауданының әкімі Бектенбай Есполов 5 ақпан күні тұрғындармен қорытынды кездесу өткізді. Кездесуге қала әкімі Алтай Көлгінов қатысты.

Былтыр ауданда 5 есептік кездесу өткізілген, биыл індетке байланысты оның саны 3-ке қысқартылды және жиналыстың форматы өзгертілді. Оған 1750 адам қатысқан екен. Жыл ішінде әлеуметтік желілер арқылы (Facebook, Instagram) 3000, «IKomek» қызметі арқылы 20500 өтініш түскен. Бұдан бөлек 1411 жазбаша хат келген. Сұрақтардың басым бөлігі (70 пайыз) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа және санитарияға арналған. Сондай-ақ әлеуметтік мазмұн, жол-көлік инфрақұрылымы, абаттандыру жайы жиі көтерілді. Бүгінде өтіп жатқан есептік кездесулер қала жұртшылығын сол бұрынғысынша тұрмыстық мәселелер көп толғандыратынын тағы бір көрсетіп берді. Биылғы екі кездесуде әкімге 218 сұрақ түскен.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «азаматтардың әлеуметтік жағдайының жақсаруы бәрінен бұрын тұрғын үймен байланыс­ты» деген болатын. Өткен жылы тұрғын үйлер көптеп салынды, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар бойынша жүргізілген құрылыстарды («5-10-20», «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «Өз үйім») ерекше атап өткен жөн, – деді Бектенбай Тілектесұлы.
2020 жылы аудан бойынша 697 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді (2019 жылы 288,8 мың ш.м), құрылыс жұмыстарының көлемі 126,8 млрд теңге (2019 жылы 92,7 млрд тг). Ауданды дамытудың басым бағыттарының бірі ретінде «Мыңжылдық» саяжолын жасандырып, оның қос қапталынан әлеуметтік нысандарды, демалыс орындарын, сауда орталықтарын, тұрғын жайларды салу жоспарланған. Болжаммен, бұл үйлерге 86 мың адам қоныстанады деп топшыланып отыр.
Алматы ауданы өнеркәсіп өндірісі бойынша үздік көрсеткішке қол жеткізді, өңір кәсіпорындары жалпы сомасы 745,3 млрд теңгенің өнімін шығарды. Бұл елордадағы жалпы өндірістік өнім көлемінің 71 пайызын құрайды. Көтерме және бөлшек сауда арқылы былтыр 650 млрд теңгенің тауарлары сатылды. Індетке байланысты ол оның алдындағы жылмен салыстырғанда едәуір төмен (2019 жылы 937,4 млрд тг). Өйткені көптеген кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысын тоқтатуына немесе шектеуіне байланысты халықтың сатып алу мүмкіндігі төмендеді.
Дегенмен өткен жылы аудан экономикасына 165,3 млрд теңге инвестиция құйылған, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 62,4 млрд теңгеге артық. Жеке кәсіпкерлерден аудан бюджетіне 51,8 млрд теңге түсті (2019 жылы 58,4 млрд тг). Жеке бизнестің түсімдері жергілікті бюджеттің 51 пайызын құрады.
– Қазіргі қысылтаяң кезеңге қарамастан біз ауданды дамытуға айрықша көңіл бөліп отырмыз. Ойға алған жобаларды іске асыратын уәкілетті органдармен өзара іс-қимылдарды үйлестіріп, қала басқармалары мен коммуналдық кәсіпорындарымен бірлесіп жұмыс істейміз, алдағы жоспарланған жұмыстарымызды толық жүзеге асыруға қажетті іс-шараларды қабылдаймыз, – деді әкім.
Осыдан кейін сұрақ-жауапқа кезек берілді.
– «Интернациональный» кентінің тұрғыны Гүлзат Төребаева тұрғын үй алабындағы бірнеше мәселені бір-ақ көтерді: мектептің ескілігін әрі тарлығын, орталықтанған ауызсу, кәріз жүйесінің жоқтығын, аумақта спорт кешені салынбағанын және интернеттің баяулығын жеткізді. «Астанада тұрып ішетін ауызсуымызды баклашкалармен тасу деген не масқара?!» деді арызданушы.
«Интернациональный» тұрғын алабының проблемаларын жақсы білемін. Шешілмей жатқан бірнеше мәселелер бар. Жол жөндеуді биылғы жоспарға енгізіп отырмыз. Жарықтандыру мәселесі де бақылауымызда. Дегенмен былтырғы есеп беру кездесуінен кейін бірқатар көшеге жарықтандыру жүргізілді. Сол сияқты интернет мәселесі бо­йынша да жұмыс жүріп жатыр. Ал өзекті мәселелердің бірі – кәрізсу торабы. Ол бойынша да жобалар әзірленуде. Ал енді мектептің оқушыларға таршылық ететіні туралы бірінші рет естіп тұрмын. Бір-екі күнде «Интернациональныйға» арнайы барып, барлық проблемаларды көзбен көрейік, сол бойынша тез арада шешім қабылдауға сөз береміз, – деді аудан әкімі Бектенбай Есполов.
Қанай Айтбаев «Южный» тұрғын үй кешенінің жанындағы гараждардың жайын айтты: «Былтыр гараждарды бұзу басталған, бірақ бұл жұмыстар ортан беліне келгенде тоқтап қалды. Гараждарды сүріп тастау жалғаса ма? Ол жағдайда нысан иелеріне қанша ақша төленеді?» деп сұрады ол.
«Гараждар толығымен сүріледі, бұл жұмыстардың неге тоқтатылғанын анықтау керек. Өйткені бұл құрылыстар қаланың бас жоспарына сай келмейді. Инвесторлар тарапынан сол жерге тұрғын үй кешені салынуы керек. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы да әлеуметтік нысандар бой көтереді деп жоспарлап отырмыз. Ал енді бағаға келсек, әр гараждың өзіндік құны бар. Оны сарапшылар бағалайды. Сіздерге тиесілі өтемақы беріледі» деді қала әкімі Алтай Көлгінов.
Айгүл Бердиева:
– Мен көпбалалы анамын. 5 баламның үшеуі мектепте оқиды. Сол үш баламды тегін үйірмелерге бергім келіп еді. Сіздер қандай да бір көмек көрсете аласыздар ма? – деген сұрақ қойды.
Алтай Көлгінов:
– Айгүл ханым, әлбетте, көмектесе аламыз. Бізде ондай мүмкіндік бар. Балаларыңызды қосымша білім беру мекемелерінде білімдерін жетілдіруге, тегін үйірмелерге қатысуға жағдай жасаймыз. Бектенбай Тілектесұлы, Білім басқармасымен бірлесіп осы мәселені бүгіннен ертеңге қалдыр­май шешіңіз, – деп аудан әкіміне тапсырма берді.
Айдын Асқар ауданда газдандыру жобасы қалай жүріп жатқанын сұрады.
– Алматы ауданында газдандыру жобасы жүйелі жүргізілуде. «Теміржолшылар» тұрғын алабында желілер құрылысы 100 пайызға аяқталды. Үйлерге газ беру 2020 жылдың 14 қарашасында басталды. «Промышленный» тұрғын алабы да 100 пайыз қамтылды. Ал «Оңтүстік-Шығыс», «Интернациональный», «Күйгенжар», «Мичурин» тұрғын алаптарында тамыз айында аяқталады. Біз өз тарапымыздан көмек көрсетеміз. Қазіргі уақытта газ тарту бағасы жабдықты есептемегенде 120-150 теңге көлемінде. Оның бұрынғы бағасы 200 мың теңгеден аса болған. Егер қосымша сұрақтар мен өтініштер болса, Жабаев, 12; Шалкөде, 3 мекенжайларындағы фронт-кеңселерге баруға болады, – деді қала басшысы.
Алтай Көлгінов есептік кездесулерде тұрғындар өзекті мәселелерді көтергенін айта келіп, қойын дәптеріне солардың 24-ін түртіп алғанын айтты. «Сіздердің ешбір сұрақтарыңыз қараусыз қалмайды» деп сендірді елорда әкімі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 + sixteen =