ӨЗЕКТІ ӘҢГІМЕ ӨРБІДІ

0 101

АА-11-30

Сарыарқа ауданының әкімі Павел Кулагин кезекті халықпен кездесуін №5 қалалық емханада өткізді. Онда ауданда былтыр атқарылған жұмыстар айтылып, болашақтағы даму жоспары пысықталды.

Кездесуге дәрігерлер қауымы ғана қатысты.Жиында ақ желеңділердің жағдайы, әлеуметтік мәселелері сөз болды. Аудан әкімінің дәрігерлермен кездесуіне қалалық мәслихаттың депутаты, Астана медицина университетінің ректоры Мәжит Шайдаров қатысты. Жүздесуді ашқан да, түйіндеген де осы кісі. Алдымен осындай есеп берудің маңыздылығына тоқталған ол соңында аудан әкімінің жасаған баяндамасына көңілі толғандығын жеткізді. Газетіміздің өткен санында Сарыарқа ауданы әкімдігінің ғимаратында Павел Кулагиннің кәсіпкерлермен кездескенін жазғанбыз. Сонда «Жедел жәрдем зорға жетеді» деген тақырыпшамен берілген түйткіл туралы айтқан едік. Онда бір тұрғын осы қызметтің жұмысына шағымданған болатын. Әріптесіміз науқастың жағдайына салғырт қараған дәрігерлерге шаралар қолданды ма деп сұрады. Бұл сұраққа қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Иван Ли жауап берді. Оның айтуынша, соңғы жылдары жедел жәрдем жұмысында объективті және субъективті сипаттағы түйткілдер пайда болды. «Астана секілді 870 мыңнан астам тұрғыны бар қалада тәулігіне 90 жедел жәрдем көлігі жолға шығуы тиіс. Ал, бізде мұндай 53 көлік қана науқастанғандарға қызмет көрсетеді. Сондықтан кешігіп жетеді. Бұл – объективті  себеп. Субъективті себепке жедел жәрдем қызметкерлерінің тұрмыстық түйткілдерін жатқызамыз. Олардың басында да баспана, балаларына балабақшадағы орын секілді мәселелер бар. Бірақ, таяуда бұл мәселе біраз шешімін таппақ. Жақын күндері тағы 45 жедел жәрдем көлігі алынып, қызметкерлерге 30 пәтер және медицина қызметкерлерінің балаларына 100-ге тарта балабақшада орын берілмек» деді ол. Сондай-ақ, басқарма басшысының орынбасары жедел жәрдем қызметін жаңғыртудың кешенді жоспары жасалғанын, аталған жоспарда көрсетілген жұмыстар атқарылып, алдағы бір жарым ай көлемінде жағдай біраз оңалатынын, мәселен, наурыз айында жедел жәрдемнің науқасқа жету уақыты халықаралық стандарттарға жетіп, 10-15 минутты ғана алатынын жеткізді. Ал, жоғарыда көрсетілген жағдайдағы науқасқа дұрыс көңіл бөлмегендәрігер жұмыстан шығарылғанын мәлімдеді.

ҚАРИЯЛАР ТҮЙТКІЛІНЕ ҚҰЛАҚ ТҮРДІ     

АА-11-30

 

Аудан әкімдерінің есебі кеше түйінделді. Сол күні Сарыарқа ауданының әкімі Павел Кулагин М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында тұрғындармен биылғы қорытынды кездесуін өткізді. Алдындағы кездесуге қарағанда, мұнда халықтың біршама белсенділігі көрінді. Әсіресе, қариялардың тарапынан біраз сұрақ қойылды. Олардың қатарында өтініштер де ұсыныстар да болды.

Ескі ғимараттар жайы ескерілсе

Бөгенбай батыр даңғылындағы 55-үйдің сұры әбден қашқан екен. «Бұл үй 1982 жылы салынған. Қазіргі таңда сыртқы сылағы түсіп, кірпіштері қақырап жатыр. Тұрып жатқан үйімді қаланың қасбеттерді жөндеу бағдарламасына қосуды сұраймын» деді бір зейнеткер ағамыз. Оған әкім: «Тиісті сұранысты жіберіңіз. Сәйкес бағдарламаға қосып, биыл үйді жөндеу ісін қарастырамыз» деп жауап берді.

Өзін Әсел Маңғытаева деп таныстырған қарындасымыз Сарыарқа аудандық ішкі істер басқармасының ғимаратын жөндеуді өтінді. «Өтінішіңіз орынды. Бұл қаладағы ең ескі ғимараттардың бірі 1949 жылы салынған екен. Жөндеуді қажет етіп тұрғаны анық. Оны да қарастырамыз» деді Павел Кулагин.

«Мен Станиславский емеспін, бірақ сенбеймін»

«Слободка» ауданында орналасқан екі үйдің тұрғыны апатты жағдайдағы ескі үйлерді сүру бағдарламасы бойынша сұрақтарды қойды. Бұл мәселе 10 жылдан бері дұрыс шешімін таппай келе жатқанын айтқан бір кейуана мен Борис Павлов есімді зейнеткер ашына сөйледі. Әжей маңайды қардан тазарту жұмысына да көңілі толмайтынын жеткізді. Кенесары көшесінің аумағында тұратынын айтқан ол осы көшенің бойында орнатылған қоршау жүргіншілер жолын жартылай жауап тастап, үйіне жетуін қиындатқанын қынжыла әңгімеледі. «Мәселеңіздің шешімін табамыз» деген әкімнің сөзіне «Мен Станиславский емеспін, бірақ сенбеймін» деген сыңайын танытты. Ал, Борис Павлов келесі аптада аудан әкімінің қабылдауына баратын болды.

С.Сейфуллин көшесі 4/2 мекенжайында тұратын Ерлан Ешмұхамбетов дейтін тұрғын аудан әкімдігінің сайты біраздан бері жаңартылмағанының себебін, үйінің аумағында қарды тазалаумен қай кәсіпорын айналысатынын сұрады. Оған сайт бойынша жұмыс жүргізіліп жатқаны, наурыз айында мәселе шешілетінін, ал қарды тазалауды «Ақмола Водсервис» ұйымы мойнына алғаны айтылды.

ПИК: Күнгей мен көлеңке

«Гранд Алатау» тұрғын үй кешенінің тұрғыны Айна Мырзабекова бір топ көршілерінің атынан ПИК-тің бұрынғы төрайымы Гүлнәр Мұқашеваның әрекетіне шағымданды. Оның айтуынша, бұрынғы басшы бірқатар былықтарға жол берген. Соны анықтаған тұрғандар басқа төрағаны сайлады. Алайда, Гүлнәр Мұқашева ПИК құжаттарын тапсырудан бас тартты. Сондықтан үйдің тұрғындары аудан әкімдігінде мұны тексеретін комиссия құруды сұрайтынын жеткізді шағымданушы. Оған Павел Кулагин мәселе тексерілетінін айтты.

«Мұнайшы» ПИК өкілі керісінше аудан әкіміне көрсетіп келе жатқан қолдауы үшін алғысын жеткізді. Сондай-ақ, маңайды абаттандыру мен Әлихан Бөкейханов көшесіндегі жолды жөндеуін сұрады. Бұған әкім сәйкес өтініш қаралатынын жеткізді.

Жылу құбырын   «бомждар» жағалайды

«Астана Энергосбыт» ЖШС өткен жылдың желтоқсанында жылу энергиясын қайта есептеуін жүргізді. Тұрғындардың біразы бұл жұмыс неге сүйеніп жүргізілгенін сұрады. Компания өкілі бұл ақпарат бірнеше БАҚ-та жарияланғанын айтқанда Павел Кулагин оған қанағаттанбай, тағы осы жолмен тұрғындарға жеткізуін тапсырды.

Абай 9-мекенжайының тұрғыны тұрып жатқан үйі №35 мектеп-лицей аумағымен жапсарлас орналасқанын, сондықтан үй маңайына көлік толатынын, бұл жайт балалар өміріне қауіп тудыратынын айтып, үй маңайына шлагбаум орнатуды сұрады. Сондай-ақ, үйдің жанында жылу құбыры орналасқанын, сол маңайда тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдар жиі жиналатынына арызданды. Ауланы абаттандыруды да сұрады. Оған жауап бергенде әкім шлагбаум орнату үшін тиісті нормалар барын, соған сай келсе орнатуға болатынын жеткізді. Ауланы абаттандыру жайы қарастырылатынын да айтып өтті. Ал, «бомждар» бойынша таяуда ғана құрылған жергілікті полиция жұмыс істейтінін айтты.

Баспана кезек бойынша беріледі

Жетпісті алқымдаған бір әжеміз елордада 15 жылдан бері тұрса да, бір баспанаға қол жеткізе алмағанына налыды. «Мен 1945 жылы дүниеге келдім. Өзім 8 баланың анасымын. Жұбайым 1979 жылы қайтыс болып, оларды жалғыз өсіріп, жетілдірдім. Бірнеше жыл бұрын әкімдікке баспана жөнінде арыз бергенімде сізде Талдықорғанда үйіңіз бар деген жауап келді. Содан былтыр тағы арыздандым. Баспананы қашанға дейін күтем, осылай пәтер жалдап жүруім керек пе?» деген сұрақты қойды ол. Оған жауап берген қалалық Тұрғын үй басқармасының басшысы Руслан Ахметов «Сіз былтыр ғана өтініш берген екенсіз. Ал баспана кезекке сәйкес беріледі» деді. Оған наразылық танытқан әжейге «басқармаға келіңіз, сонда бәрін түсіндіреміз» деген сөзін айтты.

«Емханаға апарар жол жөнделсе…»

Сондай-ақ, Есіл өзені жағалауында жаз мезгіліндегі бейберекет сауданы тоқтату туралы өтініш айтылды. Оған жауап берген әкім қалада сауда жүргізуге  200-ден астам орын белгіленгенін, қалғаны заңсыз болып саналатынын жеткізді.

Жүргіншілер жолы болмағандықтан, Абай-Күмісбеков және Абай-Кенесары бойынан №4 қалалық емханаға аяқты былғамай жету қиындық тудырып отырғаны көтерілді. Бұған әкім сол аумақты абаттандыру жоспары жасалғанын, соған сәйкес тас жол мен жүргіншілер жолы салынатынын айтты. Сөзінің соңында баршаны алдағы Парламент Мәжілісі мен мәслихат сайлауына белсенді қатысуға шақырды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

         

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + fourteen =