«ӨЗДЕРІҢ БІЛЕР – НАРТАЙМЫН!»

0 238

Қазақ ұлттық өнер университетінің Жамбыл атындағы концерт залында «Өздерің білер – Нартаймын» атты әнші, жыршылардың І республикалық конкурсы өтті. Бұл өнер жарысын ҚР Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым министрліктері, Қызылорда облысы Шиелі ауданының әкімдігі, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті, Қорқыт атындағы өнертану ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырған.

Елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасымен зор мәнге ие болған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында өткізілген аталмыш шара мақсаты – Нартай Бекежанұлының шығармашылығын насихаттау. Жамбылдан кейін қазақ өнерінің Мәскеудегі екінші онкүндігін бастап барған Нартайдай нар тұлғаның халқына қалдырған мол мұрасы ел жадында. Оның өзгеше өнер туындылары қазақ мәдениетінің мәйегіне айналып отыр. Байқаудың басты мақсаты да Нартайдың азаматтық, өнерпаздық бірегей тұлғасын жас ұрпақтың санасында жаңғырту. Дәстүрлі әннің өркендеуіне ерекше ықылас қойып, серпін беру. Байқау бағдарламасының талабына сәйкес әрбір қатысушы Нартай Бекежанұлының және оның замандастары Тайжан, Шашубай, Майра, Кенен секілді саңлақтардың шығармаларын орындады.

Нартай өзінің алдындағы аға буын Бұдабай Қабылұлы және туған ағасы Мәнсүр ақындарды ұстаз тұтқан. Он жеті жасынан жыр төгіп, ән салған. Нартай мектебі шәкірттерінің айту мәнері күллі қазақ арасында өзгеше, дара.
Нартай 1890 жылы Сыр елінде, осы күнгі Қызылорда облысының Шиелі ауданында, Қаратаудың бітер тұсына жақын Бестам жерінде дүниеге келген. Ол жасында Сыр сүлейлері Балқы Базар, Әбубәкір Кердері, Мұрат Мөңкеұлы, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Бұдабай, ағасы Мәнсүр өлең-жырларын жаттап өскен. Көрші Ұлытаудан Сыр бойына қыдырып келген Тайжан ақыннан бата алған. Жастайынан өнерпаздық дарынымен көзге түсіп, ел ішінде әйгілі әнші, сері ақын атанған. Ақын-сазгердің «Нартай әні», «Өздерің білер – Нартаймын», «Алтын көкем», «Толқын», «Серпін», «Базарым өтіп бара ма?», «Бейбітшілік», «Жеңіс жыры», «Жаса, Қазақстаным!» сынды бірқатар әндері қазақ жұртшылығы арасында кеңінен танымал.

«Нартай ақынның 120 жылдығын Шиелі ауданында лайықты деңгейде атап өткен едік. Сол кезден бастау алған байқау еді. Енді осы шараны Мәдениет және ақпарат министрлігі осылайша республикалық шеңберде өткізіп тұрса, нұр үстіне нұр демекпіз. Біз қашанда мұндай елдік маңызы бар дүниені қолдауға дайынбыз»,– деп өзінің ақжарма тілегін жеткізді осы байқаудың басы-қасында жүрген Шиелінің әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Сонымен, жиырмаға жуық жыршылардың арасынан суырылып мәреге бұрын жеткендерін санамалайық. Сахнаға Мырзатай Жолдасбеков шығып, байқаудың мән-маңызы туралы ізгі лебізін білдірді. «Байқау өтіп жатқан күндері осы залға жүз жасаған Жамбыл бабамыздың есімі беріліп отыр. Бұл да бір қуаныш. Аппақ залдың іші аппақ көңілге толы болсын!» деп аталмыш университет ректоры Айман Мұсақожаеваға риясыз алғысын білдірді. Жүлдегерлерді марапаттау үшін қазылар алқасының төрағасы ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚР Халық әртісі, Парасат орденінің иегері Қайрат Байбосынов сахнаға көтерілді.

Бірқатар дипломанттардың аты аталып, арнаулы сыйлықтар табысталды. Төрегелді Бейсенбек, Мұхаметжан Рүстемов атындағы арнайы сыйлықтың иегері атанды.

Олар Ақмарал Ноғайбаева, Жақсыгелді Маясаров, Айзат Қарабекова. Екінші орынға Мерей Кәрімов пен Талғат Әбуғазин ілікті. Бірінші орынды Күнсұлу Түрікпенова жеңіп алды. Ал, ақын Фариза Оңғарсынованың қолынан автокөліктің кілтін алған бас жүлдегер Клара Төленбаева болды.

Үшінші орынды үш бірдей дүлдүл жыршы бөлісті. Олар Ақмарал Ноғайбаева, Жақсыгелді Маясаров, Айзат Қарабекова. Екінші орынға Мерей Кәрімов пен Талғат Әбуғазин ілікті. Бірінші орынды Күнсұлу Түрікпенова жеңіп алды. Ал, ақын Фариза Оңғарсынованың қолынан автокөліктің кілтін алған бас жүлдегер Клара Төленбаева болды.

Ең бастысы, Қызылорда мен Алматыда көшеге аты берілген Нартай Бекежановқа елордамызда да ірі көшенің аты бұйырса деген игі тілек айтылды жерлестері тарапынан.
Қарға тамырлы қазақтың қанын қыздырар дәстүрлі әнге сусап отырған ел-жұрт осы байқау өзінің жалғасын табуы тиіс деген оймен тарасты.

 Шынар ӘБІЛДА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − eight =