Өзбектің өз жолы бар

Көрші ақысы

0 50

Өзбекстан Республикасы Әмудария мен Сырдария өзендерінің арасында орналасқан және 448,9 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Солтүстік және Солтүстік-шығыс аумағы Қазақстанмен шығыс және Оңтүстік-шығыс – Қырғызстан мен Тәжікстан, батыста – бірге Түркіменстан, оңтүстікте – Ауғанстанмен шектеседі. Халқының саны – 34860170 адам.

Өзбекстан Республикасы өз тәуелсіздігі қарсаңында Ташкентте жаңа саябақ ашылып, оған «Янги Узбекистон» деген ат берді. Отыз белестен өткен көрші өзбек елінде соңғы жылдары ауқымды реформалар іске қосылды, оның басты мақсаты – кеңестік экономикалық мұраның қалдықтарынан құтылу, экономиканы толығымен ырықтандыру және елге шетелдік инвесторларды тарту болатын. Әлі де талай атқарар іс бар, бірақ алғашқы нәтиже де көп күттірген жоқ.

Ымыртта шыққан күн

Үстіміздегі жылдың маусымында «J.P.Morgan» инвес­тициялық банкі Өзбекстан Республикасына арналған «Uzbekistan: Soum’er Solstice» (Ымыртта шыққан күн) сараптамалық есебін жариялады. Оның айтуынша, соңғы 20 жылда Өзбекстан Орталық Азия, Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс және Африка (SEEMEA) елдері арасында жоғары және тұрақты өсу қарқынына қол жеткізе алған санаулы елдердің біріне айналды. Сонымен бірге «J.P.Morgan» бұл елдің инвестициялық мүмкіндігін айта келе, «соңғы онжылдықта респуб­лика экономикасы жылына орта есеппен 6 пайызға өсті, осылайша көптеген елдердің «қызығушылығын» ие болды» деп жазады.
1991 жылы Кеңестер Одағы құлаған кезде өзбектерге де мемлекетті басқару жүйесін өз қолына алып, жаңа мемлекеттік басқару жүйесінің іргетасын бекіту әлемдегі күрделі саяси жағдаймен әлеуметтік, ұлт­аралық мәселелермен тұспа-тұс келді. Соған қарамастан, Өзбекстан басшылығы елдің даму стратегиясын қалыптастырып, жүзеге асыра алды. Оның мәні өзін-өзі қамтамасыз ететін экономика мен егеменді мемлекет құру болды. Сол кезеңде КСРО елдерінің көпшілігінде орын алған «шок терапиясы» арқылы олигархиялық капитализм құрудан бас тартты. Өзбектер өз жолын таңдады. Реформалардың экономикалық мазмұны тұрғысынан алғанда, 90-шы жылдардың ортасында отандық өндірушілерді дамытуға және қолдауға, сондай-ақ экономиканың белгілі бір тұйықталуына назар аударуды көздейтін импорт алмастыру моделін енгізу басталды. Бірқатар сарапшылардың айтуынша, республика көптеген елдер үшін «ашық» бола қойған жоқ. Тіпті, аймақтық және аймақтан тыс деңгейдегі жекелеген мәселелер бойынша өз мүддесі биік, өзінің қатаң ұстанымына ие екендігінен танбайтынын көрсете білді. Қазақстан мүше болған көп Одақтардан бойын аулақ салды. Бұл Өзбекстан мемлекеттіліктің және жаңа нарықтық экономиканың қалыптасуының бірінші кезеңіндегі міндеттерін орындауда, бұл «оқшаулану» белгілі бір дәрежеде тиімділігін көрсетсе де, алыс-берісі болмайтын жердің байымайтынына да көздері жетті.

Төрткүл дүниеге төрін көрсетті

Бұл күндері республика «оқшаулану» кезеңінен өтті. Өзбек ағайындар 2019 жылы әлемнің қырық елінен жүзге тарта блогерді шақырып, бес күн қонақ етті. Олар Бұхара, Самарқанд, Хиуа мен Шахрисабз сияқты ЮНЕСКО-ның тізіміне кірген қалаларының көне орталықтарында болып туризм нысандарын паш етті. Мұның алдында екі жылдай бұрын елде құрылыс қарқындап, 300-ге тарта қонақүй салынған болатын. Қызды-қыздымен ел президенті Шавкат Мирзиёев блогерлермен селфи жасап, өзбектердің дос көңілін көрсетті. Осылайша республика туризм саласында қуатты қарқынға ие болуда, бұл жақын арада елдің осы саладағы әлемдік көшбасшылардың бірі болуына мүмкіндік береді.
2016 жылдың желтоқсанында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің сайлауы тәуелсіз Өзбекстанның мемлекеттігінің, елдің ішкі және сыртқы саясатының дамуындағы принципті жаңа кезең болды. Мемлекет басшысы мемлекеттің тәуелсіздігі мен егемендігін нығайтуға, оның халықаралық жүйеде алатын орны мен рөлін нығайтуға, бүкіл елде қауіпсіздік пен тұрақтылық белдеуін құруға, Өзбекстанның сыртқы экономикалық саясатының тиімді парадигмасын әзірлеуге байланысты ауқымды міндеттер қойды.
Кәсіпкерлікті дамытудағы осындай тәсілдің арқасында Өзбекстан Дүниежүзілік банктің «Doing Business» халықаралық рейтингінде бес жыл ішінде 141-ден 69-орынға көтерілді. Экономикалық реформаларға келетін болсақ, сарапшылардың айтуынша, елдің жаңа басшылығы импортты алмастыру моделінен бас тартты, ал экономикалық өсудің экспортқа бағдарланған моделіне көшу басталды. Алайда соңғы жылдары алтын жеткізілімінің ұлғаюын қоспағанда, экспорт құрылымында айтарлықтай өзгерістер болмағанын айтады.

Оңынан келген «дафтар»

Соңғы жылдары елде халықтың табысының өсуіне, бақуатты өмір кешуіне жағдайлар жасалып, оң өзгерістерге қол жеткізуде. Елдегі әлеуметтік мәселелерді шешудің оңтайлы әдісі табылды деуге болады. Ол – «дафтар» қағидасы. Осы мақсатта әр отбасы мен махалла жағдайында «темір дәптер», «әйелдер дәптері», «жастар дәптері», «мейірімділік дәптері» қағидаты бойынша мақсатты жұмыс әдістері енгізілуде. Яғни, жұмыссыз жастар мен әйелдерді жұмыспен қамтамасыз ету, оларды сұранысқа ие кәсіптер мен кәсіпкерлікке үйрету тәртібін енгізу, содан кейін кәсіп құруға қаржылық қолдау көрсету тапсырылды. Қоршаған ортаны абаттандыру мәселесі де жиі көтеріліп, тек «Обод ауыл» және «Обод махалла» бағдарламалары шеңберінде 8 мыңға жуық ауыл мен махаллада жалпы сомасы 20 триллион сомаға жөндеу-құрылыс жұмыстары мен абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Экологиялық ахуал да жақсарды. 1989 жылдан бастап, жалпы алғанда, республикада атмосфераға ластаушы заттардың шығарылуы 2 есеге, ластанған ағынды сулардың ағызылуы 8 есе азайды. Пестицидтерді ауыл шаруашылығында қолдану соңғы жиырма жылда 4 есеге азайды. Егістік алқаптар құрылымында мақта егісінің қысқаруы есебінен дәнді және бұршақ дақылдарының, көкөніс­тердің, бақша дақылдарының және картоптың үлесін ұлғайтудың айқын тенденциясы анықталды. Мақта егу қазір айтарлықтай қысқарды және дақыл құрылымының бар-жоғы 40,6 пайызын құрайды. Ұлттық қорықтар, саябақтар, жабайы табиғат қорықтары, экология­лық орталықтар және басқа қорғалатын табиғи аумақтар дамуда. Халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету бүгінде 82,5 пайызға, ал табиғи газбен 83,5 пайызға жетті. Денсаулық сақтауды түбегейлі реформалау мен дамытуға, аса қауіпті жұқпалы ауруларды жоюға және айтарлықтай төмендетуге шешуші қадамдар жасалды.

Қытаймен шарт жасасты

Осыдан бес-алты жыл бұрын Өзбекстан – Қытайға тәуелділігі аз Орталық Азиядағы мемлекет болып саналды. Бүгінде бұл тәуелділік күшейіп келеді. Алға қойған асқақ реформаларды жүзеге асыруда мемлекетке қытайлық инвестициялар мен несиелерсіз қол жеткізу қиынға соғуда. Соңғы мәліметтер бойынша, Өзбекстанның мемлекеттік сыртқы қарызының 20%-дан астамы Қытайға тиесілі.
Сауда-экономикалық сала Өзбекстан мен Қытай арасындағы әріптестікті кеңейтудің драйвері болып табылады. Қытай Өзбекстанның ірі сауда серіктесіне айналды және бұл позицияны ұстанады.
Ашық ақпарат көздеріндегі мәлімет бойынша 2021 жылғы қаңтар-шілдеде Өзбекстанның сыртқы сауда айналымы 21,6 миллиард долларды құрады, онда Қытай – 4 миллиард доллармен (жалпы көлемнің 18,7%) бірінші орында. 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Қытаймен тауар айналымы 16,9% -ға немесе 581,2 миллион долларға өсті.
Өзбекстанның Қытайға экспорты кеңейіп келеді, бірақ әзірге негізгі үлес стратегиялық шикізаттан тұрады: табиғи газ, уран, мыс, мақта және минералды тыңайтқыштар. Бұл тауарлардың ішіндегі ең маңыздысы – табиғи газ, оны ҚХР-ге жеткізу 2011 жылғы екіжақты табиғи газды сатып алу-сату келісіміне сәйкес 25 жылға есептелген.
Осылайша Қытай өзбектердің ежелгі серіктесі Ресей сауда айналымымен айтарлықтай артта қалдырды – екі жақты тауар айналымының көлемі 5,6 миллиард долларды құрады. Көршілік қақысы бар, біздің ел 3 миллиард доллармен үшінші орында тұр.

Көлігімен көш бастады

Сарапшылардың айтуына қарағанда, өзбектер қазақтың көлік нарығынан ресейліктерді ығыстыра бастапты. Елдегі «АвтоВАЗ» өз шебінен құлдырай бастаған секілді. 2021 жылдың қаңтар-мамыр аралығында қазақстандықтар 2573 жаңа Lada автокөлігін сатып алды. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52%-ға аз. Салыстыру үшін: Өзбекстандағы «Узавтосаноат» зауытының Chevrolet көліктері әлдеқайда жақсы сатылуда – 2021 жылдың алғашқы бес айында қазақстандықтар 12 мыңға жуық автокөлікті сатып алған. Ravon қосалқы брендін ескере отырып, сатылым 4,5 есе өсті.
Көршілердің көлік бизнесін сырттай шолғанымызда, бірнеше ірі көлік компанияларының осы елде шоғырланып, тек жеңіл көлік емес, пикаптар, мини-жүк машинасы, минивэндер, жол талғамайтын көліктер мен электромобильдер тағы тракторлар жиналмақшы екен. 2021-2023 жылдардағы инвестициялық бағдарламаларға сәйкес, бұл іске қарқын берілгелі отыр. Көлік компанияларын санамалап берсек, Navoi-Motors жеке компаниясының австрия­лық Parsalpine Management Gmbн көмегімен жобасының ауқымы жылына 12 мың көлік шығарып, 12 млн долларды игеру жоспарланған. Manas Avto-sanoat түріктің Manas Savunma AS компаниясымен бірге жылына үш мыңдай жүк машинасын шығаруды шамалап отыр. Жобаның құны – 10 млн доллар. Namangan Changan Motors Қытайдың Сhangan брендімен кішігірім жүк көліктерін шығарады.
Шетелдегі отандастар жобасы аясында шағын жүк көліктері өндірісі іске қосылады. Өндіріске барлығы 5,8 миллион доллар инвестиция салынған. Бұл соңғы 10 жылда БАӘ-де тұратын намангандық кәсіпкер Жобирхон Хамидовтың қатысуымен болып отыр. Жизақта ADM-Jizzakh LADA және Renault көліктері жинамақшы. Инвестициялық бағдарламаға сәйкес, жобалық қуаттылығы жылына 100 мың көлік құрайтын болады. Жоба 60,9 миллион долларға бағаланған, оның 33,3 миллион доллары 2021 жылы жұмсалады деп жоспарланған.

Қысқаша қайырғанда…

Ташкентте жаңа жерүсті метросының алғашқы бөлігі пайдалануға берілді.
Ұзындығы 52 шақырымдық жерүсті жолы Өзбекстан астанасындағы халық тығыз қоныс­танған 8 ауданның аумағынан өтеді. Аяқталған бөлігінің көлемі – 11 шақырым. Оның бойында жеті станса салынған. Оның бәрі ұлттық нақышпен безендірілген, перрон бес вагонға лайықталған. Поездар сағатына 60 км жылдамдықпен әрбір 4 минут сайын жүйткіп отырады. Жобаның жалпы құны – 422,3 млн доллар, ұзындығы – 52,1 шақырым, 35 стансадан тұратын болады.
***
2018 жылдан бері мұсылман елдерінен елге келген турис­тердің саны артқан. Мысалы, Индонезиядан – келетіндер саны 70, Малайзиядан – 58 пайызға, Түркиядан – 54 пайыз­ға, БАӘ 53 пайызға артқан. Бұл «Pilgrim visa» яғни, елдің діни-рухани, мәдени тарихын білмекке зия­рат етіп келушілерге арналған визаны алудың көп жеңілдеуі де себеп болды. Мемлекеттік туризм комитетінің айтуынша, зияратшылар жолына кеткен қаражатты ескермегенде орташа есеппен 160 долларға дейін жұмсайды. Зияратшы-туристер Өзбекстанға саяхаттап келетіндердің 5-7 пайызын құрайды.
***
Тоқыма және киім-кешек өнеркәсібі – ел экономикасы үшін стратегиялық маңызды сала. Бұл салалар жалпы өнеркәсіп өндірісінің 12 пайызын және өңдеу өнеркәсібінің 15 пайы­зын құрайды. Өнеркәсіптер 365 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Өткен жылы экспорт көлемі 3 жылда екі есеге жуық өсті және 1,6 миллиард долларды құрады. Ел мақта өндіруші ірі елдердің бірі болып табылады, осы салаларды одан әрі дамытуға, экспортты ұлғайтуға және 3 миллионнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етуге пайдаланылмаған үлкен әлеует бар.
***
Өзбекстан Ауғанстанмен шекарада айналымы 500 миллион доллар болатын Термез халықаралық сауда орталығын салады. Орталық арқылы 192 миллион доллар экспорттайды, ол үшін Термез ауданынан 26 гектар жер бөлінді. Оның жалпы құны – 75 миллион доллар. Кешенде 1800 сауда нүктесі, сыйымдылығы 50 000 логистикалық орталық, 400 орындық екі қонақүй, ауруханалар мен автокөліктерге қызмет көрсету пункттері болады. Орталық 2022 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
***
Тағы бір «Афросиаб» пойы­зы Өзбекстанға жеткізіледі. Жүк тиелген кеме қазіргі күні Санкт-Петербургте тұр. Бүгінгі күнде алты испандық «Афросиаб» өзбек жерінде мына бағытпен екі ортада қатынап тұр: Ташкент – Самарқанд – Жизак – Навои – Бұхара және Қаршы.
Көрші елмен қазақтардың да байланысы жақсарды. Үстіміздегі жылдың 21 маусымнан бастап Қазақстанның Fly Arystan әуе компаниясының «Түркістан – Ташкент» бағытында аптасына 2 рейспен (аптаның 1 және 4 күні) ұшатыны келісілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + 12 =