ӨЗБЕКШЕ АКЦЕНТ

0 143

«Өз ағамыз» деп іш тартатын ағайынымыз өзбек соңғы уақыттары сыртқы дүниеге көз тігіп, геосаяси ойындарда айтары барын білдіріп отыр. Еңбек пен саудада үлгі қылатын алашапан көршіміз енді өзінің картадағы орнынан да пайда іздей бастаған сияқты. Әйтеуір ТМД бастамаларынан да, АҚШ-тың ықпалынан да  әдетте саяқ жүретін Өзбекстан бірнеше жылдың ішінде барлық тараптарға кері бұрылып та, құшағын ашып та үлгерді. 

Өзбекстан – өзінің Ауғанстан­мен 100 шақырымнан сәл асатын шекарасын ТМД елдеріне сәтті саудалап келді. «Наша мен экстремизм қақпасын» бітеп отырғаны үшін Өзбекстанның алған саяси-экономикалық жеңілдіктері бөлек зерттеудің тақырыбы. Айталық, 90 жылдары бас көтеріп, біршама жеңіске жеткен тәлібтердің Еуразия аймағына сара жол салып алуы әбден мүмкін еді.

Бұларға, Ауғанстанның баты­сын­дағы үлкен өзбек диаспорасын­ қосыңыз. Ауғанстанның Балх айма­ғын­дағы 2,5 млн адам шын мә­нін­де президент Қарзайдан гөрі,­ өзбек генералы Дустумға бағынады. Ауғанстан сияқты маза­сыз­ елде мұндай саяси көзірдің болуы өзбектердің ТМД ішінде ауған бағыты бойынша өз айтары бар ел болуын қамтамасыз етіп келді.

Дегенмен, бар ауған мәселесінде өзбектің асығы алшысынан түсе берді деуге де болмайды. Ресей ауған тақырыбында о баста Өзбек­стан­ға емес, Тәжікстанға арқа сүйеген болатын. 2000 жылдары Ауғанстанда тәлібтерге қарсы ауғандық Солтүстік Альянс (NATO емес) жеңіске жетіп, оған қоса – Америка бастаған NATO мүшелері Ауғанстанға әскер кіргізе бастаған тұста, Өзбекстанның бейбітшілік миссиясындағы рөлі айтарлықтай төмендеп кетті. Ал кейінгі Әндіжан оқиғалары халықаралық сахнадағы беделді кәдімгідей түсіріп кетіп еді.

Бірақ бүгіндері біз қайтадан, тіпті, басқаша жағдаятты бақылап отырмыз. АҚШ бастаған бейбітшілік миссиясы Ауғанстанды өз қолына тапсырып шыға бастағалы Өзбек­стан­ның геосаяси рөлі қайта ар­тып­ отыр. Бұл үрдіс ақпан айында басталғаннан бері (айталық, Қазақ­стан арқылы Ауғанстандағы италияндық ISAF күштерінің алғашқы легі өтіп те үлгерді), Өзбек­стан да әскери мүлік пен жауын­гер­лер­ді Батысқа өткізуге дәліз беруге­ ықылас білдірді. Білдіріп қана қой­май, қазіргі экономикалық ахуалда өте-мөте тиімді келісімдер де жасады: мысалы, Өзбекстан АҚШ тарапынан 2 мыңнан астам M-ATV, 4 мыңға жуық қалқанды машиналар, 3 мыңдай Humvee әскери джиптарын алып қалуы мүмкін. Бұларға мыңдаған грейдерлер мен ауыр сүйрегіш машиналарды қосыңыз! Бұл не, дәліз сонша қымбат дүние ме,­ әлде АҚШ-тың кенеттен қару-жараққа қарық қыла салуында астар бар ма?

Астар – бар!

АҚШ-тың бұл «дәлізге қару-жарақпен төлеп шығу» ісіне еура­зия­лық Ұжымдық Қауіпсіздік Ұйы­мын­ о баста араластырмағаны бел­гілі. Қызығы сол: мұнша қару­-жарақ аймақтағы әскери күш­тер балансын айтарлықтай өзгер­те­тін­ болса да, ешкімнің келісімі сұрал­ған жоқ. Ал Өзбекстан Ұжым­дық­ Қауіпсіздік Ұйымынан 2012 жылы шығып кеткендіктен (екінші рет!), көршілерге есеп беруіне еш­ негізі болмай отыр. Ендеше, кенеттен болған «қару-жарақ нөсерінің» астарында – Ресейдің ықпалды аймағы болып есептеліп келген еуразия плацдармында АҚШ пен одақтастары бекуді бастады десек болады. Әншейін ғана, мемлекетаралық ресми байланыстар мен қаржылай көмек мониторингі дәл осындай бейнені көрсетіп отыр.

Мысалы, Әндіжан оқиғасынан кейін Өзбекстанның, тіпті, АҚШ-тың «аласталғандар тізіміне» еніп кете жаздағаны белгілі. Еуроодақ Өзбекстанды қысып бақты. Бұл кезде Өзбекстан Ұжымдық Қауіпсіздік Ұйымының қатарынан бір-ақ шыққан еді. Енді саясат сахнасындағы басым­дықтар өзгеріп, жақында Өзбекстанға Еуроодақ өкілдері келіп қайтты. Әлбетте, Зибгнев Бзжезинскийдің «ендігәрі әлемнің саяси акценттер ошағы Еуразия болмақ» дегені көрегендік болып отыр.

Судың сұрауы сұралғанда

Өзбекстан сырткөзге қисынды-қисынсыз демарштарды молынан жасап келді десек, қателеспейміз. Түрлі күштік ұйымдарға кіре сала шығып кету, шыға сала кіріп кету – өзбек саясатының көрнекі көрінісі. Дегенмен, қазақстандықтар үшін моногенді әрі монолитті боп көрінетін Өзбекстан – шын мәнінде ішкі-сыртқы қайшылықтарға толы мемлекет.

Бастысы, кім ойлапты дейсіз – су мәселесі. Өзбектің диқандық дәстүрін білетін адамға судың маңызын түсіндіріп керегі жоқ шығар. Ендеше, совет кезеңінде Мәскеудің пәрменімен өзбектің пайдасына шешіліп келген Тәжік­стан­дағы Бахш өзені енді саяси қысым құралына айналды.

Мәселе мынада. Совет уақы­тында Тәжікстан өзбектер үшін тау шатқалдарында суды жинаушы­ еді де, суару науқаны кезінде кере­гінше бере қоятын. Одақ ыды­ра­ған­нан кейін тәжіктер бұл жәйттен саяси құрал көре білді. Қазірде Роғун ГЭС-ін салу көзделіп отыр. Бұл дегеніңіз – Өзбекстанның оңтүс­тік­ облыстарының егіндіктері тәжік­тердің көңіл-күйіне байланысты түсім әкеледі деген сөз. Ауызсудан да айтарлықтай қысымшылық бола­ды.­ Ал постсоветтік кеңістіктің ең кедей мемлекеті, әрине, мұндай ықпал құралын құр жібермесі анық.

Жалпы, Өзбекстанның ир­рига­ция­лық саясат жолында көршілерге түсініксіздеу әрекеттері баршылық. Қазақстан үшін Шардара ГЭС-іне Көксарай контррегуляторын салуда Өзбекстанның су реттеу саясатының көрінісі. Жылда суға кететін Қызылорда облысының көктемгі су тасқыны ахуалы да өзбек жағына байланысты боп келді. Қазір Көксарай кешені су тасқыны мәселесін шешіп, Арал теңі­зінің табанын да ылғалдап ұстауға мүмкіндік беріп отыр.

Көксарай сияқты көрнекі құрал­дан кейін, су мәселесінде өзбек жағын қабылдай қою қиын. Әрі, таулы-тасты тәжіктердің көзірдің барлық түрін кәдеге асырып, тырмысуына да түсіністікпен қарауға болады. Осылайша, аймақта жалғыз қалу қаупіне мойынсұнып, кенет Батысқа бет бұрған алашапан ағайындарымыздың әрекеттеріне осы күні жаһан бойынша сұрауы сұрала бастаған су сәуле түсіріп тұр.

Алпауыттар көне ме?

Саясат тағылымында экономи­ка­лық­ одаққа тез кіруге де, шығуға да болады. Бірақ әскери одаққа емес. Себебі, әскери одақ өте-мөте үлкен міндеттерді жүктейді. Айталық, бірге іс-әрекет ету. Бұл жағдайда, ТМД аумағындағы түрлі әскери де, экономикалық та ұйымдарға бірнеше рет кіріп-шығып үлгерген Өзбекстан сенімді әріптес бола ала ма?

Нақты жауап беру қиын әрі әбес­тік те болар еді. Бірақ, бір нәрсе­ анық: мықты поляризацияла­нып, бір жағына шығу керектігі анықталып келе жатқан Еуразия аймағының алпауыттары енді кіресілі-шығасылы мүшелерге қабағы салқындап отыр. Айталық, Ресей мен Қытай үшін Өзбекстан кейпіндегі Батыстың ықпалды аймағы тіпті керек емес. Бұл деген нағыз иек астынан соқ­қы­ болар еді. Айталық, өзбек жері­нен Қытай мен Ресейдің әуе кеңіс­ті­гіндегі әрекеттерді бақылау әбден қолайлы. Бір күні АҚШ Өзбекстанды… Зымыранға Қарсы Қорғаныс Жүйесінің бөлшегі ретінде қарастырса, геосаяси қой­­­ыр­­т­пақ сонда болмақ. Аймақта ақы­ры екі түрлі әлемнің басы түйісуі мүмкін.

Қытай назары әзірге теңіз жақта болғасын, бейтараптық танытып отырғанымен, Ресей жағынан қат­қыл­дау ноталар естіліп келе жатыр. Өзбек экономикасынан қуылған ресейлік компаниялар енді Мәскеудің Ташкентке байланысты ақпараттық келбетін айқындап, Өзбекстанға жалпы теріс көзқарас қалыптастырып отыр. Бұл орайда бүгіндері «досым болмасаң – жауымсың» деген риторикаға жақындап келе жатқан Мәскеудің ендігәрі түрлі ұйымдарда өзбек саясатын блоктап отыруы әбден мүмкін. Ол кезде су ресурс­та­­ры үшін болатын болжалды ойын­да Өзбекстан өзінің кірдім-шықтым саясатымен одақтассыз қалуы мүмкін. Ал доссыз қалу – бүгінгі мазасыз әлемде қауіпті екені барлығымызға аян.

Ерлан ОСПАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 − 2 =