©2020 Астана Ақшамы
ӨЗАРА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МЕМОРАНДУМЫ
Елордадағы №2 ауруханада Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-мен бірге жұмысқа орналастыру және халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегерлерін еңбек тәжірибесінен өткізу саласында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Шара барысында қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Айгүл Сегізбаева бұл іс-шараның маңызы мен мәні зор екенін тілге тиек етті. Өйткені, бұл Басқармадағы кадр мұқтаждығына байланысты білікті мамандарды тартудың бір жолы болып табылады екен.
– Біздің алдымызда медициналық қызметтің сапасын көтеру, медицина тәжірибесі мен ғылымы саласына инновацияны енгізу міндеті тұр. Осы міндеттерді жүзеге асыруға бізге «Халықаралық бағдарламалар орталығы» нақты көмектесе алады, – деді А.Сегізбаева.
Денсаулық сақтау басқармасы бастығының айтуынша, соңғы жеті жыл көлемінде Астана қаласында 11 денсаулық нысаны мен 5 емхана, 5 күндізгі аурухана мен қан орталығы пайдалануға берілген. Олардың барлығына да білікті маман кадрлар қажет көрінеді. Басқарма бұл мәселені шешудің барлық мүмкіндіктерін қарастыруда. Тек 2012 жылдың өзінде ғана 2 328 маман жұмысқа алынып, олардың 49-ы алыс, жақын шетелдерге білімдерін жетілдіріп қайтқан. Сондай-ақ, 4 105 медицина қызметкеріне 10 шеберлік дәрісі ұйымдастырылған.
Ал, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Саясат Нұрбек 2012 жылы арнайы «Денсаулық сақтау саласындағы менеджмент» бағдарламасы мен сирек мамандықтағы медицина қызметкерлері үшін «KD GlobalTrainingCenter» компаниясымен, Аджу Университеті жанындағы клиникамен, «Сэм Анянг» госпиталі және «Канвон» ауруханасымен бірге бағдарлама әзірленгенін жеткізді. Осылайша, олар бұған дейін мектеп бітірушілерге арқа сүйеген болсақ, енді тәжірибеден өтуші медицина қызметкерлерінің кіші мамандықтар бойынша біліктілігін көтерумен айналысатын болады. Осы бағытта құрылған мақсатты топтар шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, денсаулық сақтау мекемесінің басқару сапасын арттырумен бірге жоғары білікті мамандар дайындауды қолға алады.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ