©2020 Астана Ақшамы
ӨЗАРА ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ЕКІ ЖАҚТЫ ПАЙДАЛЫ БОЛМАҚ
Қала әкімдігінде Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Бақыт Есімова елордадағы бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларымен кездесті.
Кездесуге «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Аргументы и факты», «Время», «Экспресс К», «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» газеттері мен «Қазақстан», «Хабар», «Астана», «СТВ», тағы басқа да телеарналар мен мерзімдік басылымдардың өкілдері қатысты.
Осы жауапты жұмыстың тізгінін қолына алғанына тек үш аптаның жүзі ғана болған Ішкі саясат басқармасының басшысы негізгі мақсат жүздесіп, танысу екенін айта келіп, мемлекеттік органдар мен журналистердің өзара қарым-қатынасы екі жақты пайдалы болу керектігіне тоқталды.
«Біздің алдымызда Мемлекет басшысының саясатынан туындайтын, қала әкімі қойып отырған ауқымды да күрделі міндеттер тұр. Осыны біз бірігіп атқарсақ, осы бағатта сіздер бізге көмекші болсаңыздар» деген тілек айтылды.
Елорда әкімдігі мен оған қарасты құрылымдардың жұмысы қашан да көпшіліктің көз алдында. Әлеуметтік салада, мәдениет пен құрылыста немесе инновацияда болсын барлық идеялар әуелі әкімдіктің қабырғасында дүниеге келеді. Әрине, оны журналистердің де алғашқы болып білгісі келетіні заңдылық. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда кейде түрлі лауазым иелері мен БАҚ өкілдері арасында кейбір түсініспеушіліктер болатынын да жоққа шығаруға болмайды.
Кездесуге келген журналистер мемлекеттік органдармен жұмыстың жандана түсіп, ақпарат алу мүмкіндіктері оңайласа деген тілектер айтып, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Бас қосу соңында ішкі саясат басқармасы мемлекеттік этиканы сақтай отырып, БАҚ өкілдерінің сұрау хаттарына мүмкіндігіне қарай жауап беруге келісті. Сондай-ақ, журналистердің де арзан дақпырт қуып, желікпеге салынбай, қайта салмақты сөз өрбітулері сұралды.