«ӨЗ ҮЙІМ — ӨЛЕҢ ТӨСЕГІМ»

0 560

Бас қалада қарқынды дамып келе жатқан саланың бірі — тұрғын үй құрылысы. Тойдан тойға дейінгі уақытты айтар болсақ, нәтиже жаман емес. Тек өткен жылы елордада 1 400 000 шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Биылғы жыл да астаналықтар үшін мереке һәм берекемен басталды. Себебі, қаңтар айында жүзден астам отбасы ұзақ уақыт бойы сарғайып күткен баспанасын алып, жылды қоныстоймен бастады. Соңғы үш жылда Астанада тұрғындардың қолына 13 мың пәтердің кілті табысталды. Пайдалануға берілген пәтерлер мемлекеттік бағдарламаның қатысушылары мен мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін баспананың кезегінде тұрғандарға арналып салынды.

Биыл бұл жұмыс жалғасын тауып, талай жан басыбайлы баспананың қожайыны атанары анық. Бұл ретте Елбасының биылғы Жолдауын айтпай кете алмаймыз. Себебі онда, еліміздегі, оның ішінде елордадағы баспана құрылысының алдағы жоспары туралы нақты айтылған.

≪Біз жаңа тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асы уға кірісіп кеттік. Елімізде жыл сайын 6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуде. Алайда, біз жарты миллионнан астам жас отбасын жеке баспанамен қамтамасыз етуге тиіспіз≫ делінген Жолдауда Қазақстанның алдағы 2020 жылға дейінгі тұрғын үй саясаты ≪Қолжетімді баспана-2020≫ мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген.

Соған сәйкес, жарты миллионнан астам жас отбасын жеке баспанамен қамтамасыз етуге және жалға берілетін тұрғын үй алаңын 1 миллион шаршы метрге жеткізу жоспарда бар. Осы ретте айта кететіні, жыл басындағы Жолдаудан кейін арнайы бағдарлама қабылданды. Әрі сол бағдарламаның орындалу механизмдері де жүйелене бастады. Айталық, алты бағыттан тұратын бағдарлама кезең-кезең бойынша жүзеге асырылады. Бүгінде ел Үкіметі тұрғын үй қатынастарын реттейтін заңдарға толықтырулар енгізуді қолға алды.

Айта кетерлігі, ≪Қолжетімді баспананың≫ шеңберінде салынатын пәтерлердің басым бөлігі Астана қаласының еншісінде болмақ.

Соңғы үш жылда үш мыңға жуық пәтер қожайынымен қауышты. Десе де, мемлекеттік қор есебінен берілетін баспана кезегінде 20 мыңнан астам адам кезекте тұр. Олар – әлеуметтік топқа жататын зейнеткерлер, мүгедектер, әскери қызметкерлер және тағы басқалары. ≪Қолжетімді баспана – 2020≫ бағдарламасы қаладағы тұрғын үйге деген күштемені азайтатын бірден-бір жоба болады.

Елорда басшылығы биылғы жылдың соңына дейін 2005-2007 және 2008-2010 жылдардағы тұрғын үй құрылысын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде салынып жатқан пәтерлерді тапсыруды көздеп отыр.

Бұған қоса, ≪Тұрғынүйқұрылысыжинақ банкі≫ АҚ есепшот ашу арқылы жүзеге асырылатын 2011-2014 жылдарға арналған бағдарламасы тағы бар. Бұдан шығатын қорытынды, Астанада баспана құрылысы қарқын алмаса, бәсеңсімейді.

Елорданың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінің бірі – тұрғын үй құрылысының көбеюі десек қателеспейміз. Жыл сайын бас қаланың экономикасында өсім байқалып, халықтың әл-ауқаты жақсарып келеді. Ендеше, ≪қашанғы көшіп жүреміз?≫ деген сауалмен бас қатырған халық үйлі һәм күйлі болады деп үміттенеміз…

Айнұр ШОШАЕВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 2 =