ӨЗ ӨНДІРІСІМІЗДІ ӨРІСТЕТУ ӨНЕГЕСІ

0 141

«Қазақстанда жасалған». Бұл тауардың жапсырма қағазында жазылған таңба. Біреу білмес, біреу сенбес. Бірақ, отандық өнімнің өңі кіріп, өрісі кеңейе түскен кез келіп жетті. Мәселен, жақында ғана «Аstana Mall» сауда орталығында «Қазақстанда жасалған» көрме-жәрмеңкесi өтті. ҚР Тұңғыш Президентi күнiне орайластырған шарада 50-ге жуық кәсіпорын өнімдерін ұсынды. Жәрмеңкеге келгендер үйге қажетті бұйымдардан бастап, жұмысқа киетін костюм-шалбарға дейін отандық тауарларды сатып алды. Ұйымдастырушы – «NADLoC» Жергiлiктi қамтуды дамытудың ұлттық агенттiгi.

kostyum_prezident

Бұл қарқынның қашан және қалай қарыштағанын еске түсірейік.

Осы жылдың ақпан айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы «Қазақстанда жасалған» акциясын ұйымдастыруды ұсынған еді. Халық үшін күрделі кезеңде бір-бірімізді демеп, отандық өнімді сатып алуға шақырған болатын. Ірі дүкен желілері бұл акцияны қолдап, сауда сөрелеріне отандық өнімді айшықтайтын түрлі-түсті тақтайшалар жасады. Тұтынушылар да отандық өнімді сатып алып, әр қырынан сараптауға да аянбады. Осы жыл өнімдеріміздің танымалдығы мен таралымы артқан жыл деп айтуға әбден болады. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандық кәсіпкерлік ұлттық экономиканы алға сүйрейтін негізгі күшке айналуы тиіс» деген сөзі еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына арқау болып келеді.

Президентіміз өзінің ойын тек сөзімен емес, ісімен де дәлелдей біледі. Сондықтан болар, отандық костюм мен аяқ киім киеді. Атырауда өткен облыс әкімдерінің кездесуінде Н.Назарбаев өзін мысалға келтіріп, «біздің жеңіл өнеркәсіпті жарнамалаушымын» деген еді. «Үстімдегі костюм Қазақстанда шығарылған» деп, Президент пиджагының астарындағы жапсырма қағазды көрсетті. «Туфлиім де қазақстандық» деп сөзін жалғады. Елбасы жиында Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевті көрсетіп, оның да костюмі өзіміздікі екендігін айтты.

Ал қазан айының соңында Мемлекет басшысы «Қазжеңілөнеркәсіп – Алматы» кәсіпорнында болды. Дәл осы мекемеде Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған киімдер тігілді. Жоғары сапалы маталардан классикалық костюм мен шалбар, 42-өлшемдегі аяқ киім қолдан жасалды. Біріншісі – «Оксфорд» стилінде, яғни бәтіңкелердің бауы байланады, екінші үлгі – «Лофер», баусыз аяқ киім. Кәсіпорын басшысы Айбек Бектұрғановтың айтуынша, Елбасына арналған «Made in Kazakhstan» топтамасын ұсыну үшін бірнеше күн кетті. Өнеркәсіп қызмет етіп келе жатқан 2 жылдың ішінде 55 миллион жұп аяқ киім экспортқа шығарылған.

– Барша қазақстандықтарға өзіміздің отандық тауарларды, соның ішінде «Мade in Kazakhstan» белгісі бар аяқ киімдер мен костюмдерді сатып алу қажеттігін айтқым келеді. Егер жеңіл өнеркәсіп ілгері басатын болса, сала кәсіпорындарында жұмыс істейтіндер еңбекақы алып, мемлекетке салық төлейді. Бұл бәріне тиімді – бюджетке түсім түседі, елде өзіміздің өндірген тауарларымыз пайда болады. Бұл орайда өнім сапасын ұдайы жетілдіріп отырған жөн, – деді Елбасы кездесу барысында.

Өз ісімен айналысам деген адамға екі қолға бір күрек те, қаржыландыру көзі де табылады. Мәселен, «Менің Елбасым» деп аталатын ерлер топтамасының авторы Айжани Нұрланованың ісі бүгінде алға басуда. 2014 жылдың «Ең үздік әйел кәсіпкері» атанған дизайнер – «Алтын адам» фабрикасының Астана қалалық филиалының директоры. Фабрика 2013 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Мата мен сызба үлгі Түркия мен Италиядан әкелінеді, ал оны өзіміздің отандық мамандар тігеді. Бұл бастаманы Елбасы  қолдап, одан әрі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов та костюм-шалбар сатып алды. Фабрика минутына 1, күніне 400 дана костюм дайындайды. Бастапқыда құны 25 мың теңге еді, доллар бағамының көтерілуіне байланысты қазірде оны 45 мың теңгеге сатып алуға болады.

Елбасы БҰҰ-дағы жиынға, Сочидегі президенттердің кездесуіне құны 45 мыңдық осы костюм-шалбарды киді. Оның бұл ісі отандық тауарды қолдағысы келетін барша қазақстандықтарға үлгі болуы тиіс.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − sixteen =