Қазақстан есігі қандастарға әрдайым ашық

0 51

Қазақстан тәуелсіздік ала салып, әлемнің 40 шақты еліндегі қандастарын қарашаңырақтың астына шақырды. Содан бері бір миллионнан астам қандасымыз атамекеніне оралып, тәуелсіз елдің туының түбіне жиналғанымен, шетелде әлі де 6 миллион қазақ өмір сүріп жатыр. Қазір олар қарны тоқ, киімі көк, уайымы жоқ өмір өткізіп жатқан сияқтанғанымен, дін мен тілінен барған сайын алыстап, басқа ұлттарға сіңіп кету қаупі күн санап күшейіп келеді. Әрине, Қазақстанда да қазақ тілі ұшпаққа шығып тұрмаса да, «орнында бар оңалар» деген үмітпен, «Өз елін жағалағанның өзегі талмайды» (өзенді өз еліме ауыстырғаныма ғафу өтінем) деп шетелдегі бар қазақты бір тудың астына шақырудың мәні бөлек екені айтпаса да түсінікті.«Қазақстан әлемдегі өз қандасын тарихи Отанына шақырған 3 елдің бірі» деп ауыз толтырып айтқанымызбен, көштің жолындағы кедергі, қандастардың қадамына тұсау, көңіліне қаяу салып жүрген келеңсіздіктер де жоқ емес. «Елім» деп еміреніп келіп, еліміздегі қағазбастылық пен бармақ басты, көз қыстылықтан шаршап, «Қазақстан емес, қағазстан екен» деп қайта көшіп кеткен қазақтар да бар. «Бірдің кесапаты мыңға тиеді» дегендей, бір ауылдан көшкен 100 отбасы бір өңірдің көшін қозғай алмаса да, қайта көшіп барған сол бір отбасының Қазақстанға көшкелі дайын отырған 1000 отбасына тоқтау болатынын да көзіміз көрді. Қазақстанға келіп, азаматтық ала алмай, табанынан тозып, тарығып жүрген туысқандар мәселесі БАҚ беттерінде әр күні болмаса да, ай сайын айтылып жүр. Әрине, Елбасының, Мемлекет басшысының қандастар мәселесіне қайта-қайта назар аударып, өздері қадағалап, тапсырмалар беруінің нәтижесінде шешімін тауып жатқан мәселелер де, жасалып жатқан игіліктер де аз емес. Азаматтық алу мәселесін жеңілдету, қандастарға жасалатын қамқорлықты күшейту жөнінде Ақордада жаңа жоба-жоспарлар да жасалып жатыр. Сол жаңалықтың біразын біз елордада «Отандастар» қоры мен Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдас­тыруымен өткен «Отандастар. Болашаққа бағдар» атты халықаралық дөңгелек үстел мәжілісінен естідік.

Елбасының көшін Тоқаев тоқтатпайды

1991 жылы 18 қарашада Қазақстан Үкіметі «Басқа рес­публикалардан және шет елдерден селолық жерлерге жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанға қоныстандыру тәртібі мен шарттар туралы» заң қабылдады. Мұны қазақ көшінің басталуының заңдық негізі десек, бір айдан кейін жаңа жыл қарсаңында Н.Назарбаев күллі қазақты жаңа жылмен құттықтап, алыстағы ағайынды атажұртқа шақыр­ғанын ұлы көштің дабылы қағылған күн деп түсінген дұрыс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Елбасының сол ұстанымын үзбей, ұтымды жолдармен жалғастыруға күш салуда. «Шетелдегі қандастарымызды атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің парызымыз» деп кесіп айт­қаны соның айғағы. Мемлекет басшысының бұл сөзі «Назарбаевтан кейін көш тоқтап қала ма, алдымен Қазақстандағы қазақты жарылқап алмай, шетелдегі қазаққа жалпылдап не керек деп кері толғайтындар көшке көлденең бола ма» деген күдікті біржолата сейілтті.
Қандастар мәселесі қаузалған халықаралық дөңгелек үстелде Мемлекеттік хатшы, «Отандастар қоры» КЕАҚ қамқорлық кеңесінің төрағасы Қырымбек ­Көшербаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атамекенді аңсап келген ағайындар мәселесін мұқият қарап, қосымша іс-шаралар қабылдау туралы Үкіметке, Президент Әкімшілігіне нақты тапсырмалар бергенін жеткізді.
Мемлекеттік хатшы көш кемшіліктерінің алдағы уақытта түзелетініне тоқталып, шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында қазақ диаспорасы өкілдері үшін Қазақстанның жоғары оқу орындарында бакалавриаттың білім беру бағдарламалары бойынша квота көлемі 4 пайызға көтерілгенін, білім алушылардың 2747-ге жеткенін атап өтті. «Бұдан басқа қандастарымызды баспанамен және жұмыспен қамту мәселесі 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында өз шешімін тауып отыр. Шетелден келген ағайындарға құжатты ресімдеуде көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру, шетелдегі отандастарды мемлекеттік тұрғыда қолдау туралы заңнамалық тетіктерді енгізу жөнінде де маңызды шаралар қолға алынады» деді ол. Мемлекеттік хатшы сөз соңында келесі жылы елімізде «Отандастар» халықаралық форумы өткізілетінін мәлім етті.

Қажет құжат екі есеге қысқарады

Қағазбастылықты азайтып, қандастарымыздың қысқа мерзім ішінде Қазақ­стан азаматы атануына мүмкіндік жасау үшін қандастардан талап етілетін құжат саны алдағы уақытта 46-дан 20-ға дейін қысқартылады. Бұл туралы халықаралық дөңгелек үстелде Ақпарат және қоғамдық даму минис­трі Дәурен Абаев мәлім етті.
«Біз шетелдегі қандастарды қолдаудың жаңа тетігін кешенді түрде пысықтап жатырмыз. Ол – халықаралық тәжірибеге негізделген механизм. Екіншіден, министрлік этникалық қазақтардың елімізге көшу рәсімін оңтайландыруға бағытталған жүйе­лі шаралар әзірлеу бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Біз ағайындардың «қандас» мәртебесін алуға өтініш беруінен бастап Қазақстан төлқұжатын алғанға дейінгі барлық үдерісті талдап, қандастардан сұралатын құжат санын 46-дан 20-ға дейін қысқартамыз» деді министр.
Дәурен Абаев құжат рәсімдеу бойынша барлық қызмет тек бір жерден – халыққа қыз­мет көрсету орталығында «Бір терезе» арқылы жүргізілетінін, уақыт және қаражат жағынан тиімді болуы үшін шетелдегі қазақтар кейбір өтініштерді Қазақстанның сол елдегі елшіліктеріне өтініш ету арқылы да алуға болатынын айтты.
Қазақстан шетелдегі қандастарын құшақ ашып шақырғанымен, азаматтық алудың «ауы мен бауы» кім-кімді де діңкелетіп жіберетіні шындық. Отыз жылда қырық құбылған заң да бір қалыпқа түспей, Қазақстан азаматтығын алу мерзімі 5 жылға дейін ұзарып кеткен кездері болды. Абырой болғанда, «халық қаласа хан түйе­сін сояды» дегендей, қандастардың өтінішіне құлақ асқан құзырлы орындар Қазақстан азаматтығын алу мерзімін бір жылға, одан 6 айға қысқартқан еді. Минис­трдің айтуынша, енді қандастарымыздың 3 ай ішінде Қазақстан азаматтығын алуына мүмкіндік жасалмақ. «Біз бұл туралы арнаулы жол картасын әзірледік. Сол жобаға сай, барлық мемлекеттік орган қажетті құқықтық және ұйымдастыру шараларын қабылдауы тиіс. Бұл бір терезе әдісі 2020 жылдың үшінші тоқсанының соңында толық күшіне енеді» деді Д.Абаев.

Шетелдерде «Қазақ үйі» ашылады

Шетелдегі қазақтармен мәдени қарым-қатынасты күшейту мақсатында қазақ диаспорасы көп елдерде «Қазақ үйлері» ашылатыны да халықаралық дөңгелек үстелдегі үлкен жаңалықтың бірі болды. «Шетелдегі қандастардың тарихи Отанымен мәдени-гуманитарлық байланысты дамытқысы келетінін білеміз. Сондықтан біз «Отандастар» қорымен бірлесіп, қазақ диаспорасы көп елдерде «Қазақ үйі» қазақ мәдени-іскерлік үйін ашу жөнінде ұсыныс бердік. Қазақ үйі осы елдердегі белсенді қазақ мәдени бірлестіктерінің басын қосып, біріктірсе дейміз» деп министр Дәурен Абаев айтқандай, бұйырса, шетелдерден ашылатын «Қазақ үйлері» сондағы қандастарымыз бен Қазақстанды байланыстыратын алтын көпірге айналмақ.
Қысқасы, көк туы желбіреген Қазақстан барда, шетелдегі қандастар ешқашан ескерусіз қалмайды. Есесіне, оларға жасалатын қамқорлық пен тиімділік арта түседі. Тек қалың қазақ жұдырықтай жұмылып, «Күн сөнгенше сөнбейтін» қарашаңырақ – Қазақстанымыз­дың іргесін берік ұстасақ болғаны!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды