Өз бетінше емделудің де реті бар

Зәуреш Смағұлова, Астана медициналық университетінің доценті, медицина ғылымдарының кандидаты, қалалық модульдік жұқпалы аурулар орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

0 65

Үйде емделетін науқастарға айтарымыз – бірінші кезекте учаскелік терапевтке немесе дәрігерге өз жағдайыңыз туралы хабарлау керек. Өз бетінше ем қабылдауға болмайды. Қазіргі таңда ешқандай емханаға барудың қажеті жоқ. Бәрі онлайн түрде. Қабылдауға да солай жазыласыз. Екіншіден, үйде оқшау­лану керек. Одан әрі гигиеналық шараларды сақтап, маска тағуды ұмытпаймыз, көп мөлшерде сұйықтық ішеміз. Қосымша аурулары бар науқастар сол ауруларды емдейтін препараттарды қабылдауды тоқтатпайды. Егер пневмониясы болса, басқа да ұсынымдарды тағы да дәрігер өзі береді. Маңызды мәселенің бірі – өз бетінше ешқандай антибиотик қабылдамау.Аспиринді тек дәрігер өзі ішуге ұсыныс берсе ғана ішкен жөн. Себебі асқазан жарасы бар адам аспирин ішсе жараның аузы ашылып, қан кетуі мүмкін. Жалпы кез келген дәрінің қауіпті жағы болады. Тіпті кәдімгі аскорбин қышқылының да зияны болуы мүмкін. Мәселен, аскорбин қышқылына аллергиясы бар адамдар ішсе жақпайды. Кейде тіпті ол анафилактикалық шок алуға дейін әкелуі мүмкін. Бүкіл дәріні тек дәрігер тағайындауымен ішу керек. Сонымен қатар зімбір, сарымсақ, қыша сияқты табиғи ем-домдарды пайдаланғанда өз мөлшерінен асырмай ішкен абзал, өйткені бұлар да асқазан, қан, аллергиялық аурулары бар адамдарға ем бола қоймайды. Бізде осыған байланысты бірнеше қиын жағдай болған. Яғни, үйінде зімбір мен сарымсақты шектен тыс қолданып, асқазанын күйдіріп, әбден жағдайын әлсіретіп барып келгендер болды.
Тағы бір жиі кездесетін сұрақ – компьютерлік томографияға қай кезде түсу керек? Егер адамда демікпе пайда болса, ентіге берсе, тыныс алуы қиындаса немесе қатты құрғақ жөтел болса, тыныс алған кезде кеудесі ауырса, дене қызуы ұзақ уақыт түспесе, міне, осы жағдайда КТ-ға түсу қажет. Тағы да қайталап айтамын, осы кеңестердің ішінде ең маңыздысы – ол ең бірінші тек дәрігерге жолығу, кәсіби маман тағайындаған дәріні ғана ішіп, дәрігер бекіткен тәртіпті сақтау.
Сосын маска тағу мәселесі. Қазір вирустың бар екеніне халық сенді ғой. Енді осы маска тағудың маңыздылығын да толық түсінсек. Оны ғимараттың ішінде жүргенде тағу міндет. Мен мысалы, өз басым масканы көшеде де тағып жүремін. Себебі біреу аяқ астынан көшені, қай жерде қандай дүкен барын сұрап қалуы мүмкін. Ол адам вирус тасымалдаушы болса ше?! Оның үстіне адамның сырт келбетінен бойында вирустың бар-жоқтығын білу қиын. Сондықтан деннің саулығы алдымен өзімізге қажет.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen + 5 =