©2020 Астана Ақшамы
Оулудың оңды өнегесі
Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев Финляндияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Микко Кивикоскимен кездесті деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Әсет Исекешев елшіні тағайындалуымен құттықтап және Қазақстан мен Финляндия арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі кеңейіп, нығая беретініне сенім білдірді.
Кездесу барысында тараптар, екі мемлекет лидерлерінің тығыз ынтымақтастығының арқасында, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастарды дамытуға барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
Елорда әкімінің айтуынша, Астана ең танымал «Smart City» Оулу қаласымен тығыз байланыста. Мысалы, BusinessOulu тәжірибесінде еліміздің бас қаласында «Astana Innovations» АҚ-ы құрылып, «Smart Astana» жобасы іске асырылуда.
«Біз қала тұрғындары мен қонақтарының күнделікті өміріне қазіргі заманғы технологияларды интеграциялауға және дамытуға үлкен мән береміз. Астана әлемнің ТОП 21 зияткерлік қоғамына енгізілген. Мемлекет басшысы алға қойған Астананы әлемнің «ақылды» қалалар қатарына қосу міндетін «Смарт-Астана» бірыңғай тұжырымдама шеңберінде көлік, білім беру мен денсаулық сақтау салаларында іске асыру қолға алынған» деді Әсет Исекешев.
Астанада тегін пайдалануға болатын «OpenWI-FI» атты бірыңғай интернет-желісін құру идеясы Оулу қаласынан алынған. Осы орайда қала әкімі Әсет Исекешев Астананың Оулумен одан әрі тәжірибе алмасуға мүдделі екендігін айта келе, Финляндияның өзге де
қалаларымен білім беру саласында, сондай-ақ инновациялық және ақылды технологияларды дамыту және енгізу бойынша достық қарым-қатынас құруға әзір екенін айтты.