Отызбен тепеңдеп жүреміз бе?

0 69

Жақында бір топ жас белсенді ірі қалаларда көлік жылдамдығын сағатына 30 км-ге дейін шектеуді ұсынды. Ұсыныста «Қазіргі уақытта коронавирус жұқтырған науқастарды таситын көліктердің жүктемесі 90 пайыздан асатын қалаларда автокөлік жылдамдығын сағатына 30 шақырымға дейін төмендетуді және мұның камера арқылы қадағалануын ұсынамыз. Бұл – Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары үшін аса қажет шара, себебі тұрғындар медициналық көмекті уақытында алуы тиіс» делінген.

Сонымен қатар, қоғам белсенділері әлемнің көптеген қалаларында эпидемияға байланысты рұқсат етілген жылдамдық шегі өзгертілгенін айтып, «Вашингтонда 2020 жылдың 1 маусымынан бастап жылдамдық сағатына 20 миляға (32,19 км/сағ) шектелді. Жаңа Зеландияның Окленд қаласында көлік жылдамдығы 30 км/сағ-қа дейін төмендетілді. Парижде де осы мәселе қарастырылып жатыр» деген мысал келтіріпті. Ең қызығы, әлеуметтік желіні ақтарып отырып, белсенділер мысалға келтірген қалалардың көлік жылдамдығын төмендетуі індеттің таралуына қатыссыз екенін байқадық.
Жас белсенділер де ұсыныс айтқанның жөні осы деп қаладағы көлік қозғалысы жағдайына үйлес­пейтін мәселені көтеріп отырғандай. Біріншіден, қалада көлік қозғалысы қарқынын қалыптан тыс төмендету онсыз да иін тіресіп тұратын көлік кептелісін тіпті көбейтеді. Екіншіден, көліктердің ортаға залалды жарақсыз газды ығыстыру мөлшерін арттырады. Үшіншіден, экономикалық тұрғыдан алғанда өнімділікті төмендетеді. Жүргіншілер баратын жеріне уақытында жетуі үшін бір сағат бұрын жолға шығады. Оның үстіне, жеңіл машинаның жылдамдығымен қатар автобустардың да жылдамдығын төмендетсе, онда жүргіншілердің көлікте отыратын уақыты ұзарады да, індет жұғу мүмкіндігі де артады. Ал автобустың қарқыны баяғы қалпында қалса, онда «өгіз аяңмен жүретін» жеңіл машинадан автобус тез болады да, қоғамдық көлікте жолаушы шоғыры молаяды. Демек, бұл шараның індеттің алдын алуға түк те пайдасы тимейді, керісінше, үдетеді.
Көлік жылдамдығын сағатына 30 км-ге шектеу карантин кезінде қоржыны өспей қалған бюджеттің бір бұрышын толтырудан басқа ештеңе емес секілді. Егер белсенділер шынымен де індет таралуының алдын алуға пайдалы ұсыныс тастағысы келсе, Қытай мен Еуропаның ірі қалаларында велосипедпен жүретіндердің күрт көбейгенін неге айтпайды?! Өкінерлігі, ортаға залалсыз, денсаулыққа пайдалы, кептеліске ұшырамайтын осы көлік түрі Қазақстанда кеңінен қолданысқа енбей тұр. Ендеше биылғыдай жағдайда қоғамдық көліктердегі адам шоғырын азайту үшін великпен жүруді неге насихаттамасқа?! Ақылы велосипедтерді қаңтарып қойғанша, биыл бір жыл жүргіншілерге арзанға немесе тегін пайдалануына берсе, індеттің қаупін сәл де болса азайтар еді. Жұрттың да велосипедпен жүруге бойы үйренер еді…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + 17 =