Отыз жылдық белес

0 23

Ұлттық академиялық кітапханада Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығына арналған «Ордалы елге – отыз жыл» атты иллюстративті кітап көрмесі ашылды.

Мазмұнды шараға еліміздің егемендік алғаннан бергі қалыптасуы мен дамуын көркем баяндаған 2000-нан аса құнды кітап қойылды. Көрме бірнеше бөлімнен жасақталған. Айталық, «Бабалар арманы – мәңгілік ел» атты бөлім «Ұлы дала түркілер мекені» мен «Қазақ хандығы – Тәуелсіздік бастауы» деген тақырыптарды қамтиды. Сондай-ақ сан ғасыр бойы айбынды бабаларымыздың дербестік жолында күрескен тарихи кезеңдерге шолу жасалған. Одан кейінгі «Алаш аңсаған азаттық» атты бөлімде ХVІІІ-ХХ ғасырларда қазақ даласында Ресей отаршылдарына қарсы бірнеше ұлт-азаттық қозғалыс­тарды бастаған қаһармандармен, соның ішінде Кенесары Қасымұлы, Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы жайындағы маңызды деректер топтастырылған. Сонымен бірге алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және тағы басқа ұлт зиялыларының кітаптары мен зерттеу еңбектері де төрден орын алған. Ал «Желтоқсан – Тәуелсіздіктің жаңғырығы» деп аталған бөлімде Желтоқсан оқиғасы мен сол бейбіт шеруді қолдаған республиканың әр өңіріндегі белсенділер туралы дерек кітаптар мен суреттер жинақталған.
«Тәуелсіздік – ел тұғыры!» атты бөлімде 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздік жариялауы мен мемлекетіміздің рәміздері туралы баяндалған. Сондай-ақ мәдени шараға атауы берілген «Ордалы елге – отыз жыл» атты бөлім егемен еліміздің тұғырын нықтап, керегесін кеңейтіп, іргесін бекіткен кезеңді айшықты сипаттайды. «Рух. Уақыт. Тұлғалар» бөлімінде биыл айтулы мерейтойлары аталып өтілетін жыр алыбы Жамбыл атамыздан бастап, Әлихан Бөкейханов, Қайым Мұхамедханов, Мұқағали Мақатаев секілді тұғырлы тұлғалардың ғылыми еңбектері мен көркем шығармалары ұсынылған.
Бір сөзбен айтқанда, мазмұнға бай көрмеден қазақ елінің отыз жылдық белесін көңіліңізбен түйіп, көзіңізбен көресіз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 1 =