«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Отыз екінің қырғыны

0 6

Өткен ХХ ғасыр басында Павлодар өңірі Баянауыл ауданының он бесінші ауылында (қазіргі Ақмола облысының Ермейментау ауданындағы Ажы ауылы) 1921 жылы туып, 1990 жылдың желтоқсанында өмірден өткен, бүкіл саналы ғұмырын 1940 жылдан 1978 жылға дейін ұстаздыққа арнаған, Степняк кентіндегі Абай атындағы, Ерейментау ауданындағы Ақсу, ­Бестөбе кентіндегі, Өлеңті ауылындағы орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі, директор қызметін атқарған, өмірінің соңғы жылдарында Целиноград (бүгінгі Нұр-Сұлтан) қаласының Республика даңғылы бойындағы «Қазіргі заман өнері» мұражайының директоры қызметін атқарған марқұм Халел Сұлтанұлы Анафинмен көрші тұрғанымда, ол әйгілі отыз екінші жылғы өз басынан кешкен аштық жылдарын бірде маған сыр қылып айтып берген еді. Соның негізінде «Отыз екінің қырғыны» деген балладалық өлең жазғаныммен, түрлі себептерге байланысты баспасөз бетіне жарияланбай келді. Содан бері қырық жылға жуық уақыт өткенде сарғайған қағаз­дарымды ақтара отырып, тауып алдым. Мына мамырдың 31 жұлдызындағы Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде ұстаздық еңбегі Ленин, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, көптеген медальдармен аталып өтілген, Қазақ КСР еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО оқу ісінің үздігі, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі атанған Халел Сұлтанұлының аруағы әрі ұрпақтары алдындағы өзімнің бір парызым ретінде кеш болса да осы балладаны ортаға салып, қалың оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім.

ULE0w219C943W4pw8s8DU2sLcjmsn2

Қазақ ұлы, қазақ қызы, бауырым,

Білесің бе ата-баба қабірін?

Аруақтарға дұға қылсаң үзілмес,

Туған елдің тағдырынан тамырың.

(Ел аузындағы өлеңнен)

Отыз екі…

Қаңтар айы.

Үскірік.

Екілене борандатқан ысқырып.

Мал қорада мөңірейтін сиыр жоқ,

Оттықта ат тебінбейді пысқырып.

 

Тірлік қашып, ошақта от сөнгелі,

Көп болған-ды үйлерді қар көмгелі.

Кей мұржадан түтін иісі тарайды,

Баянауыл… Ажы жатыр өлгелі.

 

Өлген өлді үй ішінде…

Кім көмер?

Албарларда өлген адам – мүрделер.

Өлмегеннің шығар-шықпас жаны бар…

Ажалына ара тұрар кім келер?

 

Күннен-күнге аштық қысып, меңдетіп,

Қыбырлайды өлмешілер әл кетіп.

Көрші үйдің жас баласы жылады…

Жалғыз иттің үні өшті қаңқ етіп.

 

ОГПУ-дің тұрған кезі жан алып,

Әкем Сұлтан тұтқындалған қамалып.

Осы қыста аштық қысты бізді де,

Қайғымызға және қайғы жамалып.

 

Шешем Ғайныл…

Үш баламыз өзгеміз.

Үйелмелі-сүйелмелі кездеміз.

Жарты қаптай қара тары бар әзір…

Тоқшылықта жүргендейміз көзге біз.

 

Отын қылып пешке жақтық тезекті,

Тары наны жалғап тұрды өзекті.

Қардың суын шай ғып іштік сол күнде…

Бірте-бірте тоқ жүретін кез өтті.

 

Ойсырады қара тары қаптағы,

Аш өзекке күн өтіп, таң атпады.

Көгіс тартты шешем Ғайныл көз алды…

Күрсінусіз бір кеш түзу жатпады.

 

Ана жаны шыр-пыр болып қиналды,

Өлмешідей жан шықпаған күй қалды.

Бірде бізді көрші үйге табыстап,

Ақпан туа ұзақ жолға жиналды.

 

Ажы менен Екібастұз арасы,

Жаяу жанға жеткізбестің шамасы.

Аманаттап үш баласын Құдайға,

Кете барды жасқа толып шарасы.

 

Тірлік қылдық содан бастап талпынып,

Қол диірменге тары тарттық,

нан қылып.

Жас жұбайлы, жас балалы көршіміз,

Ол да кетті ақ жазықты жол қылып.

 

Наурыздың күн шуағы төгіліп,

Көктем туды қар көбесі сөгіліп.

Тары бітті…

Соңғы тары бір уыс,

Қуырып жеп біз отырдық егіліп.

 

Содан бастап ажал құрық ұсынды,

Аяқ пенен дене біткен ісінді.

Жаутаңдайды қос бауырым көрпеден,

Шыбын жаным сонда менің қысылды.

 

Нәр татпадық үшінші күн үш бала,

Тамағыма таялып тұр ұстара.

Сондай шақта шешем Ғайныл оралды,

Оралғандай жылы жақтан құс қана.

 

Әшім ағам – әкеміздің інісі,

Дүкенші-тін сол кездегі жұмысы.

Үш баланың жанын сақтап қалған-ды,

Сарқылмаған соның берген ырысы.

 

Қунап қалдық мына біздер әл кіріп,

Ашыққан ел аласұрды мәңгіріп.

Ит, мысықтан түк қалмады аймақта…

Тұтасқан ел босып кетті қаңғырып.

 

Толған өлік – көшелерде, албарда,

Уа, тірлік-ай, болып кеткен сандалма!

Екібасқа жетсек дедік мына біз,

Қыбырлаған бойда әзір әл барда.

 

Жолда қалды көп жұрт жетпей кенішке,

Сүйек толды жазық пенен еңіске.

Ей, ұрпағым, шындығы бұл аштықтың,

Өз еркіңде, келіс, мейлі, келіспе.

 

Көктем қазір…

Бүршік жарды қыр гүлі.

Халел ағай айтқан сыр бұл бір күні.

Аруағың риза болсын

Жазықсыз құрбандары – отыз екі

қырғыны.

Аманкелді ЖҰМАБЕК,

ардагер журналист

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды