Отырардан басталған жол

0 432

Биыл Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығын тойлағалы жатырмыз. Бұл – еліміз үшін үлкен қуаныш, еліміздің болашағы – жастар үшін тәрбиелік мәні өте зор іс-шара.Десек те, ескерілмей отырған мәселелер бар. Солардың ең бас­тысы – әл-Фараби бабамыздың өмірбаяны әлі күнге дейін дұрыс жазылмай келеді. Әсіресе, әл-Фараби бабамыз­дың өміріндегі Отырар қаласы мен Ұлы Отырар кітапханасының маңызы айтылмай, кеңес өкіметі кезінде еуроцентристік бағытта бұрмаланып жазылған деректер әлі күнге қайталанып жүр.
Ұлы бабамыздың 1150 жылдығын тойлау – «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес еліміздің болашағы – жастарды өз халқының тарихын біліп, жүрегінде өз халқымызға деген мақтаныш сезімін оятып, елін сүюге тәрбие­леу үшін жасалып жатқан маңыз­ды шара.
Сондықтан да әл-Фараби бабамыздың заманында түркі ғылымы мен мәдениетінің өте жоғары болғанын, әл-Фараби бабамыздың осындай терең білімді араб елдерінде емес, ең әуелі өз елімізде, Отырарда алғанын баса көрсету маңызды деп білеміз.
Осы жерде әл-Фараби бабамыз­дың мына сөзі түсінген адамға нақты бағдар десе болады: «Бір кісі Әбу Насыр әл-Фарабиге тамаша болып толыса піскен алманы көрсетіп, сауал қойыпты: «Осы алманың бітім-болмысындағы жақсы қасиет не? Түсі ме, шырыны ма, дәмі ме, әлде бітімі ме?» Сонда әл-Фараби: «Бәрінен де оның ұрығы тамаша. Өйткені осы алманың өзі сол ұрықтан өсіп шыққан және одан бүкіл бақ пайда болды ғой!» деп жауап берген екен.
Осы тамаша сипаттаудағы «Ұрық – түрік нәсілі» десек, Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз «Білім алған бақ» – Ұлы Отырар кітапханасы. Осы бақтан өсіп шыққан ғұламалардың қазіргі біз білетіндерінің саны 33 болды, кейбір деректер 410 болған дейді, тіпті мыңнан асады деп жүргендер де бар. Бағдат халифінің сарайында негізгі уәзірлер қызметін атқарған бізге аты белгісіз отырарлық кеңесшілерді, 32 діннің негіздерін білген Арыстан баб сияқты өз жерімізде қызмет атқарып, бірақ моңғол шапқыншылығынан кейін ұмытылған ғұламаларды ескерсек, Отырардан шыққан ғұламалардың өте көп болғанын, орта ғасырларда Отырар ғылымының өте жоғары деңгейде өркендегенін байқаймыз.
Қазіргі жастар кітаптан гөрі интернетке көбірек жүгінетінін ескерсек, интернеттегі «Уикипедияда» жазылған деректер сын көтермейді.
Әсіресе, қазақша «Уикипедияда» жазылған деректерді түсіну мүмкін емес. Онда «12-16 жасында білім іздеп Бағдатқа кетті» деген біржақты дерек те, өзбек ғалымдары жазған «Орта Азияның Таш, Бұхара, Самарқанд қалаларында оқып, Бағдатқа халиф Мұхтадирдің тұсында келді» деген дерек те және басқа деректер араластырылып, түсініксіз баяндалған.
Ал орысша «Википедияда» «Отырар кітапханасын әл-Фараби жинақтады» деген сияқты күлкілі мәлімет беріліпті. Ондағы ойлары Отырарға білім арабтардан келді дегенді көрсеткісі келетін сияқты.
Фарабитанудың негізін қалаған ғалым Ақжан Машанов өзінің «Әл-Фараби және Абай» атты еңбегінде «…әл-Фарабидің ғылыми өмірбаяны әлі жазылған жоқ» деп көрсетеді. «Әл-Фарабидің өмірбая­ны барлық мәдениетті елдердің энциклопедиясында бар. Ол қазақша энциклопедияға да енді. Біз сол өмірбаянды қаз қалпында көшіруді пайдасыз көрдік. Сонымен қатар ол кісінің кейінгі кезде мирастары зерттелумен қатар бұрынғы түсініктердің ескіргені бар, көп жаңалықтар бар, көп түзетулер қажет» деп жазады.
Ақжан ғұламаның мұны өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жазған. Одан бері біздің тарихымызға қатысты қаншама жаңалықтар ашылды. Ертеде түріктердің өркениеті өте жоғары болғаны, тек еуропалықтар ғана емес, еуропалықтарға ғылымды үйретті деп жүрген арабтардан да түрік өркениеті әлдеқайда жоғары болғаны – қазір мойындалған шындық.
Ал біз әлі күнге пайдаланып жүрген әл-Фараби бабамыздың өмірбаяны – «түріктер өркениетте артта болды» деген еуроцентристік көзқараспен әдейі бұрмаланып жазылған жалған өмірбаян.
Әбу Насыр әл-Фараби
бабамыз­дың 1150 жыл­дық тойын тойлау бас­талғанға дейін ұлы ғұламаның өмірбаяны ғалымдардың талқылауына ұсынылып, интернеттегі деректер түзетілсе деген ұсынысымыз бар. Біздің ойымызша, бұл – кезек күттірмес шара.
Әбу Насыр әл-Фарабиді кім деп білеміз?
1) Ол – араб және Еуропа ғалымдары мойындаған музыканың атасы.
2) Ол – араб ғалымдары мойындаған шығыс философиясының атасы.
3) Ол – замандас Бағдат медиктері мойындаған ұстаз әрі қазір медицинаның атасы саналатын Ибн Сина мойындаған ұстаз.
4) Ол – математика саласында көптеген үлкен жаңалықтар ашқан, астрономия саласында құнды еңбектер жазған, физика, химия, минералогия салалары бойынша күні бүгінге дейін мәнін жоғалтпаған еңбектер жазған ғалым.
5) Ол – алғаш рет ғылымды жіктеген энциклопедист ғалым.
6) Ол – поэзия туралы еңбек жазған ақын.
7) Әбу Насыр бабамыздың Отырарда, Орта Азияда жүргенде жазған еңбектері сақталмаған. «Әт-Тағлим әс-Сани» атты еңбегі де бізге жетпеген. Қазір араб елдерінде жүргенде 164 трактат жазғаны белгілі.
Әбу Насыр әл-Фараби ғұлама араб елдерінде көне грек ғалымдарының ойларын тереңірек түсіну үшін грек ғалымдарынан грек тілінің логикасы мен грамматикасын үйренгенінен басқа барлық білімді Отырарда, Орта Азияда алған.Ғылымға арналған ғұмыр

Қолда бар деректер бойынша ұлы ғұлама 850 жылы Отырар өлкесіндегі Уәсидж (Весидж – қазіргі атауы Оқсыз) шаһарында дүниеге келген. Әкесі Мұхаммед әскер қолбасшысы болатын. Атасының аты Тархан, бабасы Ұзлақ түрік текті әулеттен еді. Оған азан шақырып Мұхаммед деп ат қойды.
«…Көне дәуірден қалған бір деректерге қарағанда, Мауреннахрда балаларды түрлі қолөнер мен ғылымға үйрету, баулу, оқыту олардың бес жасар кезінен басталатын болған» дейді арабтанушы Ә.Дербісәлі.
Мұхаммед жас кезінен зерек, алғыр, білімқұмар, дарынды бала болып өсті. Сонымен қатар түріктердің «әрбір ер азамат – жауынгер» деген өмір салты бойынша, әрі әкесі Мұхаммедтің тәрбиесімен әскери өнерге де жаттықты. «Ер қаруы – бес қаруды» жақсы меңгерді, атқан оғын нысанаға дәл тигізетін.
Оқсыз қаласына жақын, дарияның қарсы бетінде жатқан Отырар қаласы ол кезде ғылым-білімі, өркениеті жоғары дамыған, әлемге әйгілі кітапханасы, әлемнің түкпір-түкпірінен ғұлама, даналар жиналатын орталық болатын. Ұлы Жібек жолы бойымен әрі-бері өтіп жатқан сауда керуендерінің арқасында қаланың табысы артып, халқының тұрмысы бақуатты болатын. Қалада қаншама керуен сарайлар, базарлар, қолөнер шеберханаларымен қатар, оқу орындары да жоғары білімді ұстаздарымен аты шыққан ғылым ордасы болатын. Отырар оқу орындарынан білім алған мамандар көптеген елдердің орталықтарында қызмет етті. Сондай отырарлық мамандар Бағдат халифының сарайында да үлкен қызметтер (уәзірлік) атқаратын.
Осы Отырардың оқу орнын тауысқан дарынды жас Мұхаммедті қадилік қызметке тағайындайды. Бұл қызметті заң ережелерін терең талдай алатын, терең білімді, ары таза азамат қана атқаратыны түсінікті.
Әбу Насырдың қадилік билігінің әділдігі сонша, кесіміне мойын ұсынбайтын кісі болған емес. Ол нені айтса да анық, дәл білетін қырынан көрінеді.
«Бірде жақын туыстарының бірі Фарабиге сақтай тұру үшін көп кітап қалдырып кетеді, соның ішінде Аристотельдің де трактаттары бар екен. Фараби қолы бос кезінде әлгі кітаптарды оқи келе оған беріліп кеткені сондай, өзінің қадилік қызметін тастайды. Осы бір кездейсоқ оқиға оның тағдырына шешуші әсер етті, соның нәтижесінде ол ұлы ғалым атанды» деп жазады ғалым Т.Жұртбай.
Білімқұмар Мұхаммедтің ендігі өмірі Отырардың ұлы кітапханасында жалғасты. Осында көптеген ғұламалармен танысып, білімін дамыта берді.
Жан-жақтан осы кітапханаға жиналатын ғұламалардың арқасында көптеген тілдерді үйренді. Осында түрлі ғылым саласының ұстаздарынан дәріс алып, ғылымның әртүрлі салаларын меңгерді. Ол кезде Отырарда философия, астрономия, математика, жаратылыстану, музыка, медицина және т. б. ғылым саласы өте жоғары деңгейде дамыған болатын.
Әл-Фараби бала кезінен-ақ музыкалық аспаптарда ойнап, өлең айтатын. Отырар тұрғындарының музыкалық қабілеті ертеректен әлемге әйгілі еді. Отырар кітапханасында музыка саласында түркі тілінде терең жазылған еңбектер болатын. Бала Мұхаммедтің музыкаға деген құмарлығы оны осы кітапханадағы музыка жайлы терең жазылған кітаптарды толық оқып шығуға итермеледі. Ол музыканың теориялық жағын терең игерді және ол білімін іс жүзінде пайдаланып, ән салып, музыкалық аспаптарда шебер ойнауды үйренді.
Жас дарын сол сияқты жаратылыстану ғылымдары саласын да терең оқып игерді. Медицина, математика, астрономия, физика салаларында да оқып, үйреніп, білімділігімен көзге түсті.
Ол арабшаға аударылған Арис­тотельдің «Метафизикасымен» танысып, оған түсіндірме жазды. Осы сияқты трактаттары ғалымдардың жақсы бағасын алып, аты кеңге таныла бастады.
Осы кезде жарты әлемді билеген араб халифатының әр жерінде бүліктер шығып, қарматтар, «ізгілікті бауырлар» және т. б. ­ұйымдар құрылып, ислам бірлігіне қауіп төндіре бастайды. Осындай қозғалыстар Саманилер билеген Орта Азияда да орын ала бастаса керек.
…Даналыққа ұмтылушыларға қоя­тын әл-Фарабидің талабы да жоғары. «Кімде-кім даналық ілімінің бастауларына ұмтылса, тіпті тырнағына дейін иманжүзді болып, үлгілі түрде тәрбиеленген, Құран мен заң ғылымын ең алдымен оқып үйренген болуы керек. Ақылға жүгінтіп, ұлағатты, ұятты, шыншыл, арамдықтан алшақ, жүгенсіздіктен, зинақорлықтан, өтіріктен, айлакерліктен безінетін болуға тиіс. Ақыл-ойы күйбің тірлікке тәуелді болмауы керек, заңды талаптарды жүзеге асыру кезінде шариғат пен сүннеттің бірде-бір қағидаларын бұзбауға тиіс…» делінген зерттеуші Әуезхан Шашаев еңбегінде.
Ол кезде Орта Азия мен Қазақстанда Самани нәсілдері билеген. Саманилер өкіметінің негізін Әмір Исмаил ибн Ахмет (874-907 жж.) Бұхара әмірі Нұх Самани әл-Фарабиді шақыртып алып жалпы ғылымдардың негіздері жөнінде кітап жазып бер деп өтінеді. Оның себебі сол кезде шын ғылым мен жалған ғылымдар арасын айыру қиын болып, елді алдау­шы азғырушылар, жалған әулие сәуегейлер, өтірік балгер, жұлдызшылар, алхимиктер көбейіп кеткен-ді. Әл-Фараби сонда «Екінші оқулық» («Тағлим әл-Сани») атты еңбек жазып, Нұхқа сыйлайды.
Фарабидің «Мұғаллим әс-Сәни», яғни (екінші ұстаз) атануы дәл осы жағдаймен байланыс­тырылады. «Әт-Тағлим әс-Сани» кітабы Исфаһанның «Сиуан әл-Хикма» кітап­ханасында сақталған екен. Ибн Сина философия мәселелерін осы кітаптан оқыған, содан тағылым алған.
Фарабитанушы Әнел Әзімхан «Ибн Синаның «Арылу кітабы» (Книга исцеления), («Китаб аль-Шифа») әл-Фарабидің осы «Екінші ілім» деген энциклопедия­лық еңбегінің қысқартылып, өңделген нұсқасы болып табылады» дейді. Әл-Фарабидің сол кітабы талай ғалымдардың көзін ашса керек.
«Осы кітап біздің қолымызға әлі түскен жоқ. Оның дүниеде бар-жоғы да белгісіз» деп өкінішпен жазады А.Машанов.
Әл-Фараби бабамыз Отырарда жүргенде үйленіп, отбасылы болған. Бір ұлының аты Насыр болғанын білеміз. Содан бастап Әбу Насыр атанады.
Бұл кезде Отырар ғұламаларының атағы кеңге тарап, Отырар – Фарабтан шыққан ғалымдар араб халифатының түкпір-түкпірінде қызмет атқаратын. Сондай Отырардан шықан ғұламалардың біразы Бағдат халифінде уәзірлік қызметтер атқарған. Сол уәзірлер арқылы «Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр ғұламаның атағы Бағдат халифіне де жеткен сияқты. Ислам әлеміне атағы кең тараған «Екінші ұстазды» Бағдатқа шақыртқан. Ислам әлемінің әкімшілік әрі рухани орталығы Бағдат бұл кезде халифаттың түкпір-түкпірінен ғалымдарды жинаған ғылым ордасы болатын.
Оның халық арасында үлкен беделі бар екендігін білген араб патшасы кеңесші етіп алғысы келеді. Содан ол әл-Фарабиге сыйлық ретінде теріге ораған алтын жіберіп, өзінің халифатына шақырады.
Әл-Фараби бабамыз ислам әлемінің орталығы әрі халифаттағы ең үлкен ғылым ордасы орналасқан Бағдатқа аттаныпты.
М.Хайруллаев бастаған өзбек ғалымдары «Орта Азиядан кетпей тұрғанда, әл-Фараби Шаш пен Самарқанға соғып, біраз уақыт Бұхарада оқып, жұмыс істегені туралы әдебиетте деректер бар. Ол Бағдатқа барар жолда Иранның көптеген қалаларында: Исфахан, Хамадан, Рей (Тегеран) және т. б.
болады. Фарабидің саяхатқа шығып, Бағдатқа келген уақыты белгісіз. Кейбір деректерде ол Бағдатқа Халиф әл-Мұхтадирдің тұсында (908-932 жж.) келгені туралы айтылады» дейді.
Осы сапары кезінде әл-Фараби бабамыз Соғд қаласында самар­қандық сағди, Хуләйс ибн Ауас есімді адаммен танысып, ол жасаған шаһруд аспабында ойнауды игереді. Ол туралы былай дейді: «…араб империясында кеңінен таралған аспап – «шаһруд». Ол біздің заманымызда жасалып, бұрын танымал болмаған. Мұны бірінші болып тауып жасаған самарқандық сағди, Хуләйс ибн Ауас есімді адам болған. Ол бұл аспапты хижра жылымен 306 ж. (918-919 жж.) тау бөктеріндегі әл-Мах елінде жасаған. Кейін ол оны Соғд қаласына алып келеді.
Соғд қаласының шығысы мен батысында орналасқан ел тұрғындарының ешқайсысына «шаһруд» аспабы жат болмай, Месопотамияға алып келінді. Бұл кезде елдерді арабтардың ұлы басшылары басқаратын еді. Сосын Бағдатқа келді. Бұл қала да оның дыбысын естіді, кейін Египет пен көрші елдерге өтті. Алжир мен Сирияға жетті. Бұл аспапта осы алуан түрлі елдерде өмір сүрген халықтардың жаңа-ескі әуендері сылдырлап, аспап дыбыстарының ешбірі олардың құлақтарына жат келмеді.
Әбу Насыр бабамыздың арабтардың көңіл күйін баурап алатын, бір күймен күлдіріп, бір күйімен жылататын, Сайф ат Дауланың сарайында арабтарды ұйықтатып кететін музыкалық аспабы – осы шаһруд аспабы.
Бір деректерде Әбу Насыр бабамызды «цитраға ұқсас құрал шығарған, үстіне интервал бөлімдерін өлшеп, әуендердің кемел түрін анықтайтын кескіндері бар сызғыш қойған» музыкалық аспапты ойлап тапқаны туралы жазады. Ол аспап осы шаһруд аспабы болуы керек.
«Түріктің кім білмейді музыкасын,Фараби тоғыз шекті домбырасын» деп жырлаған Мағжан Жұмабаев та осы аспапты меңзеген. «Түріктің кім білмейді музыкасын» деген сөйлем түріктердің музыкасы қашаннан әлемге әйгілі болғанын білдіріп тұр.
Бағдатқа келген алғашқы кезде әл-Фараби өзін ақын, әнші-күйші, музыкант ретінде танытқан.
Бағдатта оның достары, шәкірттері көп болды. Оның музыкалық мектебі бүкіл араб еліне әйгілі болды.
Әл-Фарабидің музыкалық қабілеті туралы арабтар неше түрлі аңыз таратады. Бір аңыз бойынша «әл-Фараби бір күйді орындаса арабтарды жылатып, екінші күйді орындағанда арабтарды күлдіреді» екен дейді. Былайша айтқанда, «музыкасымен адамдардың көңіл күйін жаулап алады» дейді.
Бір мәліметтер әл-Фарабидің 70 тіл білгендігін айтады. Ұлы ғұлама өте сирек қолданылатын, кейде тіпті құпиялық үшін қолданатын тілдерді де өте жақсы білген. Араб жеріне келгеннен кейінгі отыз жыл ішінде 164 трактат жазып қалдыр­ған. Ұлы ғұламаның жазып қалдыр­ған еңбектерін Әбу Әли ибн Сина (Авиценна), Абу Райхан Бируни, Әбу әл-Уаха, ибн Бадж, ибн Туфайл, ибн Рушд, Омар Хайам ­сияқты шығыс ғұламаларымен қатар Роджер, Бэкон, Леонардо да Винчи және т. б. Еуропа ғалымдары да көп пайдаланған.
«Немістің белгілі тарихшы ғалымы Ф.Даннеман өзінің «Табиғаттану тарихы» атты еңбегінде «…Ал Еуропаға кең тараған астрономия-­астрология ғылымы, алхимия салалары тікелей әл-Фарабиден алынғаны» жайлы жазған.
«…Стамбул университетінің профессоры Ахмед Аташтың тізімінде әл-Фарабидің математикалық еңбегі Уппсала (Швеция) университетінің кітапханасында сақтаулы деген мәлімет бар болатын.
…Біз дереу Уппсалаға хат жазып, сыйлық жіберіп, өзіміздің қолданып келген әдісімізді істедік. Бірнеше айдан соң микрофильм келіп те қалды, ол тезінен кітап та болып шықты.
Математика ғылымының тарихында бұл бір үлкен жаңалық болды. Бұрын басқа адамдардікі деп жүрген көп теоремалар, қағидалар әл-Фарабидікі болып шықты» дейді А.Машанов.
Әл-Фарабидің ашқан кейбір жаңалықтары Еуропа ғылымына XVII ғасырда ғана мәлім болған. Және ең негізгісі ұлы ғұлама бұл еңбектерінің барлығын тек араб тілінде жазған. Себебі араб халифаты бұл кезде Азия, Африка, Еуропаның өте көп жерін алып жатқан. Араб тілі көп қолданылатын тіл болатын.
Әл-Фараби Бағдатқа келген соң дәріс алған деп үш ғалымның аты аталады.
1. Қарт христиан дәрігері, логиканың білгірі Әбу Бишр Матта ибн Юнустан логикадан дәріс алады, кейін ұстазынан асып түседі.
2. Лингвистикалық ғылымдарды жетік меңгеруді қалаған әл-Фараби грамматика саласының маманы Әбу Бәкір ибн әс Сирадждан грамматикадан дәріс алады.
3. Әли Юхан ибн Хайланнан да логика саласынан дәріс алады. Әл-Фараби «Дәлелдеме» кітабымен осы Хайлан үйінде танысқанын айт­қан.
Әл-Фарабидің бұл ұстаздары Иса пайғамбарды «Құдайдың баласы» демей, «пайғамбар» деп таныған несториандық христиандар болған. Олардың ата-бабалары Византиядан қудаланған соң Таяу Шығыс пен Орта Азияны паналаған. Араб елі бұларға зор құрмет көрсетіп, ғылым жасауға пайдаланған. Ежелгі грек ғылымы мен араб ғылымының арасын қосқан осылар еді.
Әл-Фараби бұл грекиялық ғалымдардан логика мен грамматикадан дәріс алғаннан кейін ежелгі грек ғалымдарының еңбектерін өз бетінше оқып, талдап, түсіндірмелер жазып, ары қарай дамытқан, трактаттар жазған.
Ол шамамен Аристотельдің барлық кітаптарына түсініктеме берген.
Ол Птоломейдің «Альмагестіне» және Порфирийдің «Эйсогесіне» түсініктеме жазды. Эвклидтің гео­метрия жайындағы кітаптарын терең зерттеп, Платонның күллі кітаптарын оқиды.
Бұған қоса әл-Фарабидің логика, философия және т. б. салаларға қатысты жазған өзінің еңбектері де көп.
Байқап отырсаңыздар, ұлы ғұлама грек ғалымдарынан дәріс алғаннан кейін ежелгі грек ғалымдарының еңбектерін зерттеу­мен шұғылданыпты.
Бағдатта оның достары, шәкірттері көп болды. …Бағдатта атақты ғалым-астроном әл-Баттаниға еріп астрономия обсерваториясында көп істеген. Сол астрономия ғылымына байланысты және соны қолдану үшін әл-Фараби тағы бірнеше ғылымдар саласына атсалысады.
Алдымен ол астрономиялық аспаптар жасауға кіріседі: астролобияны қайта жасайды. Екінші жағынан ол оптикалық аспаптар жасайды, ойыс – парабола айна жасайды. Көптеген бақылаулар жүргізеді; уақыт өлшеу үшін күн сағатын жасайды. Осылардың теориясын беру үшін ол математикалық әдіске көшіп, сфералық – тригонометрия негізін жазды.
Оптика заңдарын геометриялық әдіспен дәлелдеудің шебер әдіс­терін ойлап шығарады, яғни геометриялық оптика негізін береді. Сонымен байланысты архитектуралық құрылыстарға негіз салады. Астрономия – архитектура – музыка – осы үш саланы бірдей, бір әдіспен зерттеу негізін қалайды…
Осылармен қатар ол табиғаттану саласында көп еңбек етеді. Соның ішінде алхимия, физика, медицина салаларында зерттеулер жүргізді.
Оны Бағдат дәрігерлері өздерінің басшы адамы санайды.
Ұлы ғұламаны қатты құрметтеген халиф Жафар әл-Мұхтадирдің билігінің соңында Бағдат халифатында билікке талас басталып, халифаттың берекесі кете бастайды. 13 жасында таққа отырып, халифатты 24 жыл басқарған Жафар әл-Мұхтадир 932 жылы 37 жасында өлтіріледі. Одан кейін Бағдат халифатының басына билікке келгендердің биліктері қысқа болып, 14 жылда 5 халиф ауысып, 946 жылы халиф болып Әбілқасым әл-Мути отырады. Әл-Мутидің кезінде аббасид әулеті биліктен толық айырылып, билік шииттік топтың қолына өтеді. Әл-Мути қолында еш билігі жоқ қуыршақ халифке айналады.
Бағдатта осындай берекесіздік орын алан кезде ұлы ғұлама Бағдаттан кетіп, Мысыр, Алжирге сапар шегеді.
Тегі түркі болып табылатын баһадүр қолбасшы Мұхаммед Ихшид ибн Тұғыт Әмір ислам жолын бұзған «қармат» елін талқандаған соң, Әбу Насыр әл-Фарабимен кездеседі. Меккеге барар жолды кесіп қажылық жасауға мұрша бермеген қарматтардың жеңілгеніне қуан­ған Әбу Насыр әл-Фараби іштей қажылық етуге ниет етіп, араб халифының саид-задаларымен әңгімелеседі. Осы әңгімеде ғалым «ислам бірлігін сақтау үшін мазһаб­тар арасын жақындастыру керек» деген ой айтып, өзінің «араб, парсы және түркі нәсілдері арасындағы алауыздықтарды жоюға күш салып жүргендігін мәлімдейді. «Бабалардан қалған өсиетте түркі халқы әділетшіл делінген еді. Сол сөздің ақиқаттығы мен әділеттілігіне енді көз жеткізіп отырмыз» деп саид-задалар Әбу Насыр әл-Фарабидің қолын құрметпен қысады.

Әл-Фарабидің еңбектері артып, танымал болған шағында әмірші Сәйф әд-Дәулә оны Дамаск шаһарына шақыртып, құрмет көрсетеді. Оған өзінің сарайынан қызмет береді. …әл-Фараби Египетке 337 хижра жылында(948 ж) кетіп, кейін Дамаскіге оралған.»

Ақжан Машанов «Әл-Фараби және Абай» атты еңбегінде былай деп жазады: «Сен маған музыка жөнінде қолдануға жарарлық бір кітап құрастыруды тапсырған едің. Мен оны тез-ақ орындармын деп ойлағанмын. Ондағы ойым музыка жөніндегі бұрынғылардың жазғандары бар ғой, соларды жөндеп, құрастырып, сол жазғандардың атын сақтап, сонымен орындармын деген едім, ол ойым болмай шықты, өйткені музыка жөніндегі жазылған арабша еңбектердің дәрежесі өте төмен болды. Ерте замандарда, әлбетте, музыка жөніндегі ірі еңбектер болған ғой. Бірақ арабша аудармалар нашар ма, немесе ертедегі еңбектер бізге жетпей жоғалған ба, әйтеуір, сенің тапсырмаңа жарарлық ештеңе таба алмадым. Сол себептен бұл мәселені тыңнан жазуға тура келді. Сенің тапсырмаңды көп кешіктіріп орындаған себебім осы».
«Ертедегілердің осы өнер жайындағы кемеліне жеткен кітаптары жоғалып немесе араб тіліне толықтай аударылмаған болуы мүмкін.»
Ұлы Ұстаздың осындағы: «Ерте замандарда, әлбетте, музыка жөніндегі ірі еңбектер болған ғой.» деген сөзі ерекше ойландырады. Сонда ол еңбектер қайда болған?
Бағдат халифатына қарасты араб елдерінде болмағаны даусыз. Оны өзі де айтып тұр ғой. Әрі, ондай еңбектер бар болса қайтадан жаздырмас еді ғой. Ол кезде «араб халифаты» Алдыңғы және Кіші Азияны, солтүстік Африканы, батыс Еуропаны(Испания жеріндегі Кордова халифаты) қамтитын.
Бұл деректерден музыка туралы бұндай құнды еңбектердің бұл кезде араб халифатына қарайтын Александрия кітапханасында да жоқ екенін байқаймыз.
Еуропада да жоқ екені айтпаса да белгілі. Европаның өркениеті ол кезде арабтардан да төмен деңгейде болатын.
Сонда қалатыны Түріктер мекені – Ұлы Дала мен Орта Азия және Қытай елі.
Музыка жөнінде осындай ірі еңбектер болғанын ұлы ұстаз білгеніне қарағанда ондай еңбектер Отырарда болған. Әл-Фараби бабамыз ол еңбектермен бұрыннан таныс болған(оқыған).
Әл-Фараби бабамыздың бұл кітабы «Китаб аль – Музыка аль – Кабир» (Музыка туралы үлкен кітап) деп аталады.
Арабтар оның музыкалық шығармаларын күні бүгінге дейін пайдалануда.
«Даусыз, әл-Фараби музыка өнерінің қолданбалы саласының жетік білгірі, әрі осы өнердің теориялық негіздерінің барлық мәліметтерін білген. Оның осы ғылымдағы кітабы үлкен салмаққа ие болды, себебі ислам әлемі орнағалы бері араб дүниесінде мұндай орасан еңбек бұрын да, кейін де жазылмаған»,-деп мойындайды еуропа ғалымдары да.
«Расында да музыка саласында әл-Фарабиге теңдес адам бұрын да, онан кейін де болмаса керек.» (Фрацуз бароны Барон де Ерланже)
Араб музыкасының жалпы тарихын жазған белгілі ғалым Г.Фармер былай дейді: «Барлық ғылымдар саласында әл-Фараби «Екінші Ұстаз».Ал музыка саласын алатын болсақ, ол әл-Фараби бір өзі ғана бас король болып табылады. Басқаша айтқанда музыка саласында әл-Фарабиге үлгі боларлық, бірінші ұстаз боларлық адам болмаған»
«Әл-Фараби өмірінің соңғы жылдарын Шамның Халаб қаласында өткізді. Осы Халабтың билеушісі Сайф ад-Дауланың сарайында күн кешкен. Бірақ ұзақ тұрмаған. Сайф ад-Даула өз сарайына сол замандағы аса дарындыларды жинаған еді.
1944 жылы Каирде әдебиетші ғалым Аббас Махмұд әл-Аккадтың (1889-1964) «Әл-Фарабиани» атты зерттеуі жарық көрді.
Автор онда жерлесіміздің фәлсафалық толғаулары туралы айта келіп, ұлағатты ұстаздың поэзиямен де айналысқанына баса назар аударады. «Сайф ад-Дауланың сарайына жиналған даңқойлар мен ақындар аптаның әр күні әдемі, әуезді, бұлбұлды баққа барып, мүшайраға түсетін. Әбу Насыр әл-Фараби де оған қатысатын. Ол өзгелердей емес Сайф ад-Дауланың өзімен келіп, әмірдің жанына отыратын. Білімпаз әмірші әл-Фарабидің фәлсафалық тұжырымдарын да, өлеңдерін де ұнататын, тыңдайтын. Мұндай санаткерлік сынға араб-парсы ақындарының сайыпқырандары ғана қатысатын» дей келе Отырардан шыққан ойшылдың бірер өлең жолдарын келтіреді:
Қайтейін мен көкжиек көңілімді,
Келер күнге үмітпен жол ашамын,
Қос шөлмекпен өткіздім өмірімді,
Сенім артып тұр соған болашағым.
Бір шөлмекте көк сия толып тұрса,
Екіншіде шарап бар жәйі мәлім.
Даналықты сиямен молықтырсам,
Шараппенен шерімнен айығамын.
(Ауд. Аян Нысанәлин)
Аббас Махмұд оның өлеңді араб тілінен басқа парсыша да жазғанын айтады.
Иә, сөйтіп ол тек ғұлама ғалымдығымен ғана емес, жыр пырағын ерттеп мінген ақындығымен де дараланған. Оның әдебиет пен тілдің өзекті мәселелеріне байланысты айтқан тұжырымдары топ жарған талай-талайларды тамсандырған.
Әбу Насырдың «Өлең туралы трактат» жазғаны белгілі.
948-жылы Сайф ад-Даула сарайына араб әдебиетінің классигі, жауынгер ақын Ахмед әл-Мүтәнабби келеді. Сарайдағы ақындар мен фәлсафашылардың ұстазы, әрі атақтысы да әл-Фараби болғандықтан, әл-Мүтәнабби оны өзіне ұстаз тұтады.
Арада көп уақыт өтпей-ақ олардың атағы алысқа кетеді. Сонымен қатар бақталастары да көбейе түседі. Осы бақталастардың өсегіне иланған Сайф ад-Даула бірте-бірте әл-Мүтәнаббиге қырын қабақ таныта бастайды.
Бірде әмірші алдында парсы текті әдебиетші Ибн Халауайх пен әл-Мүтәнабби жанжалдасып қалады. Ибн Халауайх ауыр кілтпен әл-Мүтәнаббидің басынан ұрады. Ал жанжалдың басы-қасында болған Сайф ад-Даула ләм деп аузын ашпайды.
Әл-Фараби бұған қатты қапаланады. Әл-Мүтәнаббиге жасалған қиянат оны торықтырады. Ақыры әмірші сарайын тастап, Халабтан әл-Мүтәнабби секілді ол да кетіп қалады.
Ақыры әмірші сарайынан кетіп қалған Әбу Насыр қай жерде болсын аса қанағатшыл болыпты. Оның артынан Сайф ад-Даула жіберіп тұрған төрт дирһемді ең зәру қажетіне жаратып, қалғанын жарлы-жақыбайларға үлестіріп отырған.»

Бекжан БЕЙСЕНБАЙ,
отырартанушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × one =