©2020 Астана Ақшамы
ОТТЫ ЖЫРЛАР ОҚЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында мәнерлеп оқудан байқау өтті.
Кітапхананың пайдаланушыларға қолдау көрсету қызметі мен Д.Қонаев атындағы колледж және АҚШ елшілігі бірлесіп ұйымдастырған бұл шараға елорданың жиырмадан аса мектебінің оқушылары қатысты.
«Зула, менің жыр-күймем, шабыт жегіп, Жер бетіне ғұмырлы жарық беріп…» деген атпен өткізіліп отырған биылғы байқаудың басты ерекшелігі – сайысшылар Фариза ақын өлеңдерін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде мәнерлеп оқуға мүмкіндік алды. Осы жөнінде кеңінен әңгімелей отырып, Ұлттық академиялық кітапхана бас директорының орынбасары Ғалия Исақанова: «Кітап оқымайтын бала жоқ. Бірақ, соны түсініп оқу деген бар» дей келе, Фариза Оңғарсынова жырлары мейірім мен шуаққа, от-жалынға, рухқа толы екеніне тоқталды. Сондықтан да биыл Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын шығармалары жалпы оқуға таңдалыпты.
Шығармашылық сайысқа қатысушылар ақынның көкіректі тазартып, жанға сәуле құятын, зұлымдықтан бездіріп, ізгілікке шақыратын отты жырларын жатқа айтты. Әсіресе, ақын өлеңін ағылшын тілінде нақышына келтіре мәнерлеп оқыған №50 мектеп-лицейінің оқушысы Әнел Сағындық, №51 мектеп-гимназияның оқушысы Әділет Құдайберген (қазақ тілінде) және №50 мектеп-лицейінің оқушысы Мәдина Ақбет (орыс тілінде) жүлдегер атанса, байқауда өнер көрсеткен басқа да оқушылар «Ерекше үздік мәнерлеп оқу», «Ең жан тебірентетін мәнерлеп оқу», «Артистігі мен үздік сахналық бейнесі үшін» атауларымен марапатталды.
Д.Қонаев атындағы колледждің ағылшын тілі бойынша мамандандырылған пәндер оқытушысы, педагогикалық ғылымдардың магистрі Арман Асанбаев халқының ардақтысына айналған ақын жырларын оқушылардың өздері қалаған тілде жатқа оқуы қазақ поэзиясының ғасырдан-ғасырға жалғаса беретінінің куәсі екенін айтты. Кеш осы оқу орнының студенті Сабыржан Қолжабектің орындауындағы Мұқағали Мақатаевтың «Фаризаға арнау» өлеңімен әсерлі аяқталды.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ