ОТҚА САЛСА ЖАНБАЙТЫН ОҒЛАНДАР

0 102

kbb_0793-asliБүгінгінің суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын батырлары деп төтенше жағдай туа қалса, жеделдетіп жетіп келетін тісқаққан мамандарды айтуға болады. Батыр майданда шынығады дегендей, мұндай азаматтардың «майданы» – өрт сөндіру-құтқару спорты. Осы спорт түрі бойынша Астанадағы «Құтқарушы» спорт кешенінде екі күнге созылған Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.

Еліміздің әр өңірінен келген құт­қарушылар құрамасы бұл біріншілікте ерлер, әйелдер және жасөспірімдер болып бөлініп бақ сынады. Осымен ерлер арасындағы қысқы чемпионат 25-інші рет, әйелдер арасында 3-інші рет, жасөспірімдер арасында 2-нші рет ұйымдастырылып отыр. Бұрын бұл салада тек ерлер ерекшеленсе, кейінгі жылдары әйелдер мен жасөспірімдер де бой көрсете бастады.
– Кейінгі кезде мұндай біріншіліктердің жиі ұйымдастырылуы төтенше жағдайлар саласының сапасын көтеретіні сөзсіз. Ел ішіндегі жарыстардың бәрі әлем чемпионаттарына іріктеу сайысы болып саналады. Осындай сындарда үздік шыққан кіл жүйріктер халықаралық турнирлерде ел намысын қорғайды. Қазақстанда өрт сөндіру-құтқару спортының даму қарқынын қыздарымыз бен жасөспірімдеріміздің белсенділігінен байқауға болады. Тәуелсіздік алғалы тек ерлер арасындағы чемпионат өткізіліп келді. Енді оған әйелдер мен жас буындар қосылды. Бұл спорт түрінің екі қыры бар: дене шынықтыру әрі дер кезінде көмекке келу. Сондықтан да бұл мамандыққа қызығушылық көп. Балалары болашақта құтқарушы болуын қалайтын жұрттар кішкентайынан осы салаға бейімдейді, – деді Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар спорт федерациясының басшысы Дәурен Данаев.
Астанада салтанат құрған бұл турнирге әр өңірден 19 ерлер командасы, 12 әйелдер командасы және 12 жасөспірімдер командасы келді. Жарыстар екі спорт түріне негізделді: бірі саты арқылы 2 және 4-қабаттарға көтерілу болса, екіншісі – кедергілері бар 100 метрлік жолақты бағындыру.
Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Барат Дұзақбаев барлығы 335 адам сайысқа түсіп жатқанын, мұндай жарыстардың жиі ұйымдастырылуы мамандардың дайындығын пысықтауға мол септігін тигізетінін, жазда өткен біріншілікте жеңіске жеткен елордалық команданың бұл турнирде чемпиондық атағын қорғап қалуы маңызды екенін жеткізді.
Жарыстың алғашқы күнінде қатысу­шылар өрт шыққан жағдайда шапшаң қимылдап жоғары қабаттарға қалай көтерілетіндерін көрсетті. Осыған әбден машыққан батыл жігіттер төртінші қабатқа дейін көтерілсе, қыздар жағы оқу-жаттығу мұнарасының екінші қабатын еңсерді. Көзге кәдімгідей биік көрінетін қабаттарды сайдың сақа тасындай мамандар көз ілеспес жылдамдықпен бағындырды.
Осындай саланың ыстық-суығына күйіп жүрген құтқарушы арулардың бірі Лаура Құлахметова Астанадағы ТЖД-да радиотелефоншы болып жұмыс істейді екен. Бұл салаға келгеніне бүгінде төрт жыл болыпты. Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша жарыстарға 2014 жылдан бастап қатысып келеді. Алғаш қатысқан жылы бірінші орын, одан кейінгі жылы екінші орын, ал 2016 жылы қайтадан бірінші орын алыпты. Ол жетекшілік ететін астаналық әйелдер командасында сегіз қызметкер бар.

Орынбек Өтемұрат

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three − 1 =