«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ӨТКЕН ЖЫЛҒА ӨКПЕМІЗ ЖОҚ

0 138

Күрішбаев маслихат мақала

Күні кеше ғана өте шыққан арғымақ жыл біз үшін жетістіксіз болды деуге болмайды. Қай салада болса да қол жеткізген табыстар мен айтулы жеңістеріміз де жетерлік.

Астана қалалық мәслихатының депутаты ретінде 2014 жылды қорытындылайтын болсам, өз сайлаушыларым ұсынған  және сеніп тапсырған  жұмыстарды толық орындадым деп айта аламын. Жыл бойына  депутат ретінде қоғамдық қабылдау  жүргізіп, сайлаушылармен  кездестім, әр­қайсысының пікіріне құлақ асып, қолымнан келгенше  жәрдем еттім. Сайлаушылардың көкейкесті мәсе­лелері  бойынша мемлекеттік және уәкілетті органдарға депутаттық  75 сауал  жолданды. Оның ішінде  43 сауал бойынша оң шешім қабылданып,  70 сауал шешімі  проблема орын алған нысандарда  қарастырылды.

Мен сайланған Астана қаласының №6 сайлау округі құрамына № 23, 24, 26, 44, 156, 184 сайлау учаскелері кіреді. Онда жалпы саны 14 мыңнан астам халық тұрады. Ал әртүрлі бағыттағы мәселелер бойынша жалпы қабыл­даудың есепті кезеңіне 100 өтініш түсті, соның 59-ы ауызша сауал. Қоғамдық қабылдауымда 95 адам болды.

Өзім №1 қалалық аурухана, №2 қалалық балалар аурухана, онкологиялық диспансер және т.б. денсаулық сақтау мекемелері  емделушілермен кез­десіп, емдеу мекемелерінің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысып, туындаған мәселелердің уақтылы шешілуіне ықпал еттім.

Осы округ аумағында орналасқан және өзім басшылық ететін    С.Сей­фуллин атындағы Қазақ агро­тех­никалық университетінде  сту­денттердің әлеуметтік  қорғалуына байланысты бірқатар кешенді жұмыстар атқарылды. Әлемдегі озық 800 жетекші оқу орындары мен отандық жоғары білім беру саласы көшбасшыларының қатарында саналатын  университетімізде алпыс жылға тарта уақытта еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің түрлі саласына 50 мыңға жуық жоғары білікті маман даярланды.

ҚР Президентінің тапсырмасына орай біз халықаралық деңгейдегі аграрлық зерттеу университетін құруға әзірлік жұмыстарын кешенді жүргізудеміз. Әріптестеріміз қата­рында әлемге танымал жетекші зерттеу университеттері мен ғылыми орталықтар бар. С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ бүгінде тек еліміздің білім-ғылым саласында ғана емес, шетелдік білім кеңістігінде де  жоғары беделге ие. Ресей, АҚШ, Германия, Франция, Түркия, Италия, Израиль, Қытай, Моңғолия, Малайзия және т.б. елдердің бірқатар білім және ғылым орталықтарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Университетіміз көптеген көрсет­кіштер бойынша елорданың  ғана емес, жалпы еліміздің білім ордалары арасында көшбасшы болып табылады және ол еліміздің отыз техникалық оқу орындарының арасында үздік үштіктің қатарында.

Университет студенттеріне ар­нал­ған республикалық бюджет қаржысы есебінен 1000 орынды жатақхананың,  оқытушылар мен қызметкерлер үшін 117 пәтерлі шағын отбасылық жатақхананың құрылысы жүргізілуде.

Әрқашан әлеуметтік жағынан көбірек қамтамасыз етуді қажет ететін студенттер қауымы ешқашан университет басшылығының  қам­қорлығынан  сырт қалған емес. Өткен жылдан бастап студенттерге медициналық тегін көмек көрсететін  10 мың адамдық   емхана ойдағыдай жұмыс істеуде. Онда профилактикалық тексерістен толық өту үшін барлық жағдайлар қарастырылған. Терапевт, кардиолог, невропатолог, психолог қабылдау өткізіп, ем-дом жасайтын кешенді кабинеттер үздіксіз жұмыс жасауда. Сонымен қатар,  қажетті дәрі-дәрмектерді  төмен бағамен сататын студенттік дәріхана ашылған.

Студент қалашығында  Астана­мызда тұңғыш ашылған «Студент» атты әлеуметтік  әмбебап дүкен  жұмыс істейді. Азық-түліктердің бағасы мұнда әдеттегі нарық бәсінен 10-20 пайызға төмен бағамен сатылады.

2015 жыл – шығыс дәстүрінде тыныштық пен ырыс-құттың белгісі саналатын Қой жылы. Олай болса, Жаңа жыл еліміз бен елордамыз  үшін қарымды да қарышты, толайым табысты болсын!

 

Ақылбек Күрішбаев, Астана  қалалық мәслихатының  депутаты,

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды