ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ КӨРСЕТКIШТЕРI ЕСЕЛI

0 102
DSC_40161
Сәбилә Мұстафина,
Есіл ауданының әкімі

Есептік кездесу сіздерге аудан тұрғыны ретінде мазалайтын маңызды сұрақтарыңызға жауап алуға және күнделікті қажеттіліктеріңіздің қалалық құрылымдардың жоспарлары мен сәйкестігін салыстыруға мүмкіндік береді.

Өткен жылғы есептік кездесулерде тұрғындардан 60-қа жуық өтініш пен ұсыныс келіп түсті. Сұрақтардың дені аулаларды абаттандыру, жол жөндеу, тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің қызметі, білім беру және денсаулық сақтау нысандарын салу мен олардың жұмысы туралы болды. Көтерілген мәселелердің 28-і шешімін тапты, 26-сының жай-күйі тұрғындарға егжей-тегжейлі түсіндірілді,  ал, қалған алтауы қосымша қаржыландыру мен уақытты талап етеді.

Биыл ел алдында еңсеретін талай міндеттер тұр, сондықтан уақытымыздың әр сәті алтынға баланады. Конституциямыз бен Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдық мерейтойының бір-бірімен тұспа-тұс келуі – құқықтық мемлекет салтанат құрған еліміздің бейбіт ғұмыры достық, тұрақтылық пен ұлтаралық, конфессияаралық келісім деген берік ұстындармен сабақтасып жатқанын аңғартатыны анық.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы  Қазақ хандығының 550 жылдығы және Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 70 жылдығы аталып өтеді. Аталған мерекелердің баршасы әр азаматымыздың  кеудесінде отаншылдық сезімін оятатынына   күмәніміз жоқ.

Қазіргі уақыттағы ең басты міндеттердің бірі – астанамызды, соның ішінде біздің ауданды көркейтетін «ЕХРО–2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін жоғары деңгейде ұйымдастыру. Осы үлкен шараға дайындық барысында  шаһарымызда жаңа мәдениет, ғылым-зерттеу ошақтары және тұрғындардың демалыс орындары, сауда орталықтары пайда болады.

Біздің бар жұмысымыз Елбасы Жолдауын іске асыруға негізделе жүргізіледі. Өздеріңіз білетіндей, 2014 жылдың 11 қарашасында Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын жариялады. Жолдауда экономиканы  одан әрі дамытудың, оның ішінде көлік-логистика, энергетика, индустрия, кәсіпкерлік салаларын жан-жақты қолдау және халықтың хал-ахуалын жақсартудың ең басты басымдықтары айқындалды.

«Өткенге – салауат, келешекке – аманат» деген жақсы сөз бар халқымызда. Осыны ескере отырып, сөзіміздің басында қаламыздың соңғы оншақты жылда бой көтерген жаңа бөлігі еншісіне тиген Есіл аудандағы былтырғы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге тоқталып өтейік.

Өткен есептік кезеңде аудан тұрғындарының саны 125,8 мыңға жетті (яғни, аудан  құрылғалы бері халық саны 30% өсті).

Аудан кәсіпорындарының негізгі капиталға жұмсаған сомасы 274,8 млрд теңгені (Астанамыздың жалпы инвестициялар көлемінің 45%-ын) құрайды. Құрылыс пен күрделі жөндеуге бағытталған инвестиция-лар 174,8 млрд теңге шамасында.

2015 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, Есіл аудандық салық басқармасында 60 643 салық төлеуші тіркелген. Олардан жыл бойы жалпы сомасы 338,4 млрд теңге салық жиналған. Бұрнағы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, салықтық түсімдер көрсеткіші 50% өскенін жақсылыққа балап жеткізгім келеді.

Бюджет жөнінде

Әкімшілік бағдарламаларды іске асыру үшін ауданның бюджетінде 2014 жылға 12,2 млрд теңге қарастырылып, ол толығымен игерілді. Аудан аумағының әжептәуір  кеңейгенін ескерсек, бұл көрсеткіш 2013 жылға қарағанда 4,5 пайызға өскенін  атап өтуге тиіспіз.

Аудандағы іске асырылып жатқан бағдарламалардың басымдылығын 2013 жылмен салыстырғанда қаржыландырудың келесідей өсу көрсеткіштерінен байқауға болады:

– көшелерді жарықтандыру – 17,3 пайызға;

– көшелердің санитариялық тазалығын қамтамасыз ету – 11,9 пайызға;

– елдімекендерді абаттандыру және көгалдандыру 10 пайызға артты.

Ағымдық күтіп ұстау

Бұл тұрғыда абаттандыру бағдарламаларының бірқатар мәселелеріне тоқталып өткім  келеді.

Ауданның санитариялық тазалығы тиісті деңгейде қамтамасыз ету мақсатында 8 учаскеге бөлініп, 24 мердігерлік мекеме жүктелді. Ол жұмысқа тұрақты түрде 496 бірлік арнайы техника мен 736 жол жұмыскері жұмылдырылады.

2014 жылы қызыл суға қарсы іс-қимыл шарасы аясында аудан аумағында 137 қар суының жиналу орындары анықталып, су басып кету қаупінің алдын алып, 1 131 740 мың текше метр қар шығарылды және оған қоса 55 су сорғы машиналары дамылсыз жұмыс істеді.

Сонымен қатар, қамыс пен арам шөптерді ору жұмыстары жүргізіліп, 1850 мың текше метр қураған ағаштар жиналды. Санитариялық тазалықты қамтамасыз ету үшін сенбіліктер белсенді ұйымдастырылады. Жыл бойы мау­сым аралықтарында жүргізілген сенбіліктерге 18 мыңнан астам адам қатысып, нәтижесінде қала сыртындағы полигонға 5 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.

Одан басқа рұқсат етілмеген жерлерде қоқыс тастау мәселесі айрықша қадағаланды. Оның дәлелі ретінде, рұқсат етілмеген 35 жерде қоқыс төгіндісі   анықталғанын, әсіресе, саяжай мен тұрғын алаптардың аумағында, қаланың шеткері, бос алаңқайларында тұрмыстық және құрылыстық қалдықтардың 108 қоқыс үйіндісі күреліп тасталғанын, соның салдарынан коммуналдық техникаға қосымша жүк түсіп, 7086 тонна қоқыс сыртқа шығарылғанын айта кеткім келеді.

Ардақты ағайын!

Туған қаламыздың тұнық ауасы мен тұма табиғатына, мұнтаздай көркіне баршамыздың жауапты екенімізді қаперлеріңізге салғым келеді. Өйткені, тазалық бірді-екілі айлықпен бітпейді, ол күнделікті ғадетке айналу керек. Күл-қоқыс әрбір үйден күнде шығады. Сондықтан айналаны ұқыпты ұстау, өз ортасының тазалығына ожар қарағандарға қоғамда сынай қарау біздің салтымызға енетін ғадет болса игі.

Аумақты абаттандыру 

Бағдарламаға сәйкес, ауданда 2014 жылы барлығы 13 аула абаттандырылды. Ішкі ауланы абаттандыру жұмыстары жобаларға негізделе отырып жүргізілді, сапалы, сертификатталған, жарақаттан сақтайтын шағын архитектуралық формалар, спорттық жабдықтар орнатылды.

Асфальт, резина, кеспе тас жабындылары төселіп, жиектеастар мен гидрооқшаулаушы материалдар ауыстырылды. Қоршаулар орнатылып, спорт және ойын алаңдарының құрылыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, жөндеу және қайта қалпына келтіру жұмыстары аясында келесі  мекенжайлар бойынша 1 футбол алаңы  және 2 әмбебап спорт алаңы орнатылды:

  1. Сауран көш, 5 үй – 1 футбол алаңы;
  2. Сауран көш,7 үй – 1 әмбебап спорт алаңы;
  3. Сауран көш, 9 үй – 1 әмбебап спорт алаңы.

Ағымдағы жылда тағы сондай 10 мекенжай бойынша аула абаттандыру жұмыстары атқарылады.

Көгалдандыру 

Есіл ауданы бойынша саябақтар және саяжайлардың жалпы ауданы 739,9 мың шаршы метрді құрайды. Көгалдандыру бағдарламасы аясында – 6 069 мың қылқан жапырақты ағаш, 4566 мың погон метр тал-шілік, 89 409 мың шаршы метр гүлбақтар мен 11 696 мың шаршы метр көгалдар күтіп-бапталады. Сондай-ақ,  жалпы көлемі 2 505 897 шаршы метр көгалды алаңдарға қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

«Шұбар», «Пригородный», «Заречный» тұрғын алаптары, Қабанбай батыр даңғылы (Астана әуежайына дейінгі тас жол), Қосшы, Қорғалжын бағытындағы  тас жол бойындағы 1411 ағаштың ұштығы қиылды.

Су бұрқақты кешендер

Есіл ауданында 16 субұрқақты кешен орналасқан. Осының ішінде 8 субұрқақта сәнді жарықтандыру құрылғылары бар. Кешендерді қалпына келтіру мақсатында мынадай жұмыстар жүргізілді: 96 электр насостары  орнатылды, 596 субұрқақ бөлшектері, 1785 су асты жарықтандырғыш құрылғылары және 15 электр есептеуіш құрылғылары ауыстырылды. Су бұрқақтарының науасы арнайы сорғылармен күнделікті тазартылып отырады.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару

Аудан аумағында 1280 дана контейнер орналасқан, 289 контейнер алаңдары бар, аудан бойынша 575 қоқыс жәшіктері қойылған.

2014 жылы ескі контейнерлер және қоқыс жәшіктерін ауыстыру мақсатында қосымша 221 контейнер мен 560 қоқыс жәшіктері сатып алынды.

Аудан аумағынан орта есеппен күніне 100-110 тоннадан астам қоқыс шығарылады.

Сонымен қатар ағымдағы жылда жаңадан 10  контейнер орнатылып, 120 контейнер алаңы жөнделіп, сырланды. 16 контейнер алаңына сырғыма құрылғылар орнатылды және 25 контейнер алаңының маңайына инертті материалдар төселді.

Жарықтандыру

Аудандағы тіршілікті қамтамасыз ететін қызметтердің қатарында   көшелерді, саябақтар мен саяжайларды жарықтандыруға айрықша маңыз артылады.

Қазіргі уақытта 11,5 мыңнан аса көшелік және 9,4 мың  саябақ жарықшамдары іске қосылып тұр. Сонымен бірге, көше шамдарын бірте-бірте электр қуатын үнемдеуші шамдармен алмастыру қолға алынды.

2014 жылы 11 нысан бойынша жарықтандыру құрылғылары орнатылды. Аудан бойынша 141 ғимарат пен нысанға  қызмет көрсетіледі.

Көлік және жол инфрақұрылымы

Жаңа жолдардың салынуы және қолданыстағы жолдарды жөндеу аудан инфрақұрылымының дамуына айтарлықтай әсер етеді. 2014 жылы жол-көлік инфрақұрылымының дамуы келесі бағыттарды қамтыды:

  1. Жаңа жолдарды салу және ескі жолдарды қалпына келтіру жұмыстары;
  2. Тұрғын алаптарға инженерлік желілерді қосу және жол құрылысы жұмыстары;

Аудан бойынша 5 нысанға 1,7 шақырым көлемінде толыққанды жол жөндеу және құрылыс жұмыстары жүргізілді. Атап айтсақ, олар:

– «Ханшатыр» ОСО жерасты өткелі (0,2 км);

– Нормандия-Неман көшелері қиылысы (0,2 км.);

– Жауқазын көшесі (0,4 км.);

– № 3, № 4, № 5, № 6 медициналық кластерлерге өту жолдары (0,9 км.);

– Тұран даңғылынан «Рубеж» бекетіне дейінгі учаскеде Қорғалжын тас жолын қайта жөндеу;

– № 31 көшесінен Тұран даңғылы және Қабанбай батыр даңғылына дейінгі жол құрылысы (0,8 км);

Бүгінгі таңда ауданның тұрғын алаптары бойынша жалпы ұзындығы 6,13 км құрайтын 14 көше салынды: «Комсомольский» т.а. (3 көше-1,13 км.), «Тельман» т.а. (3 көше-0,6 км.), «Заречный» т.а. (8 көше-4,4 км.).

Әлбетте, жол инфрақұрылымының дамуы қоғамдық көліктердің қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда аудан бойынша 21 автобус бағдары қызмет етеді.

2013 жылдың 27 қарашасында Қазақстан Республикасы Үкіметі BRT (Bus Rapid Transit – жылдам жүретін автобус) жобасының бірінші кезегін іске асыруды  мақұлдағанын білесіздер. Арнайы бөлінген жолақтармен сыйымдылығы мол, жүрдек автобус­тармен тасымалдайтын қоғамдық көліктің бұл түрі 2016 жылға дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Бастапқы кезде «BRT» жобасы Астана қаласының халықаралық әуежайын, «ЕХРО-2017» нысандарын, «Абу-Даби Плаза» кешенін және жаңа теміржол вокзалын өзара қосатын болады. Бірінші  бағдардың жалпы ұзындығы 22,4 шақырым құрайды.

Құрылыс

Есіл ауданында бірқатар маңызды нысандардың құрылысы жүргізіліп жатыр.  Соның ішінде көп функционалды  «Абу –Даби Плаза» кешені, жаңа қонақ үйлер, спорттық кешендер, денсаулық сақтау мекемелері, ботаникалық саябақ, жаңа теміржол вокзалы, сондай-ақ, әлгінде айтқан жүрдек автобус жолының құрылысы басталып кеткенін айта кету керек.

Дамылсыз жүріп жатқан құрылыс қарқынын аңғартатын мынадай мәліметтермен бөліссек те жеткілікті шығар. Айталық,  2014 жылы 15  тұрғын үй пайдалануға берілді. Олар: «Лазурный квартал» ТК (6 кезек), «Өркен De Luxe-3» ТК, «Жағалау» ТК (9, 10 бөлік-секция), «Well House» ТК (2 кезек), «Саранда» ТК, «Грация» ТК (А, А* бөлік), «Бавария» ТК, «Триумфальный» ТК (4, 10, 15, 24 бөліктер), «Академия» ТК, «Viva Plaza» ТК, «Арабика» ТК, «Әсем Тас» ТК, «АСИ» ТК, «Комсомольский» тұрғын алабы, Ұмай Ана көшесі және Сығанақ көшесі  мекенжайлары бойынша орналасқан, ішінде кеңсе бөлмелері және көлік тұрақтары  бар  шағын тұрғын кешендері.

Сонымен қатар, Назарбаев университетінің студенттері мен оқытушылар құрамына арналған жатақханалар (616 бөлме, 318 пәтер), «Bi Village comfort» және «Bi Village De Luxe» коттедж кенттері, ҚР Қорғаныс университетінің бірінші кезеңі (11 бөлім, жатақхана) ел игілігіне берілді.

Жыл соңына дейін №35 және №24 көшелердің қиылысындағы Есіл аудандық ішкі істер басқармасының әкімшілік ғимарат құрылысы аяқталады деп күтілуде.

Тұрмыс-тіршілікті қамтамасыз ету

Ауданның тұрғын үй қоры 217 көп қабатты үйлерден тұрады, оларға 61 пәтер иелерінің кооператив ұйымдары қызмет көрсетеді. Одан басқа аудан аумағында 41 саяжай қоғамы бар (4600 үй).

2008 жылдан 2014 жылға дейінгі кезеңде ауданда тұрғын үй қорының жоғары динамикалық өсуі (69%) байқалады, сәйкесінше оларға қызмет көрсету ұйымдардың саны да айтарлықтай (70%) артты.

Соның нәтижесінде ауданда орталықтандырылған жылу жабдықтау жүйесіне қосылған тұрғын үйлер саны өсті. Қазіргі уақытта олардың саны  – 185.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы аясында 2014 жылы арнайы жұмыс түрлері бойынша жөндеулер жүргізілді («Пригородный» тұрғын алабы,  Жаңа әуежай көшесіндегі 110 және 112-үйлердің шатырына жөндеу жұмыстары).

Тұрмыс-тіршілікті қамтамасыз ету саласы бойынша аудан тұрғындары көбінесе мынадай мәселелер бойынша шағымданып, көмек сұрайды:

  1. Құдықтардың ашық қалуы;
  2. Пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы;
  3. Сапасыз салынған құрылыстар;
  4. Ескі және апаттық жағдайдағы үйлерді, сонымен қатар саяжай учаскелерін бұзу;
  5. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы, соның ішінде ғимараттардың қасбет бөлігін қалпына келтіру;
  6. Орталықтандырылған жылу жүйелеріне қосылу;
  7. Жылу жүйесі жабдықтарындағы ақаулықтар.

Мұндай мазмұндағы сұрақтар тұрғындар тарапынан қала және аудан әкімінің сайтына да жиі жолданады. Барлық сұрақтар 3 күн ішінде қарастырылып, тиісті шаралар қолданылады. Алдағы уақытта  тұрғындар сауалдарына бұдан да бетер жедел жауап беріп, шұғыл шара қабылдау жұмыстарын жетілдіре беретін боламыз.

Кәсіпкерлік

Шағын және орта бизнестің қарқын ала түсуі аудан экономикасына айтарлықтай демеу екені сөзсіз.

Салық басқармасының 2015 жылдың 1 дерегі бойынша ауданда 12 мың 707 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген екен. Шағын және орта бизнес субъектілерінен бюджетке түскен түсім 67 млрд теңгеден асты.

Бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған негізгі міндеттің бірі – ҚР «Жарнама туралы» заңын сақтау мақсатында кәсіпкерлік нысандарының кіреберіс және маңдайшасындағы безендірілуді қадағалау, сонымен бірге түнгі жарықтандырудың үздіксіздігін қамтамасыз ету.

Осы тұрғыдан алсақ, 2014 жылы 187 кәсіпкерлік нысанынан заңсыз орнатылған жарнамалар (59 маңдайша және 128 банер) алынып тасталды.  Мобильді топтың күшімен 12 заңсыз сауда нүктелері тоқтатылды.

Әлеуметтік сала

Есепті жылда 258 адамға әлеуметтік көмек көрсетілді. Сондай-ақ, 624 отбасына кәмелетке толмаған балалар үшін жәрдемақы және 341 отбасыға  атаулы көмек көрсетілді.

740 тұрғынға, оның ішінде 668 зейнеткерге, 72 мүгедекке қыс мерзімінде отын алуға арнайы жәрдемеақы төленді.

«Отбасың үйелменді-сүйелменді болсын» деген жақсы тілек тілейтін халықпыз. Ауданда 28 көп балалы ана «Алтын алқамен» және «Күміс алқамен» марапатталғанын мақтанышпен жеткіземіз.

2013 жылдан бері Есіл ауданы әкімдігінде мүгедектерге, қарттарға және мүгедек балаларға үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін бөлімше жұмыс істейді. Қазіргі уақытта ондағы әлеуметтік көмекшілер мүмкіндігі шектеулі 70 балаға және 6 қарт адамға қызмет көрсетеді. Оларға үй ішінде  жәрдем беріліп қана қоймайды, сондай-ақ үйден тыс мәдени, әлеуметтік оңалту іс-шаралары, иппотерапия және гидротерапия жаттығулары, табиғатқа шығу, қала бойынша экскурсиялар, т.б шаралар ұйымдастырылады.

Ұрпақтар сабақтастығы мен егде адамдардың уақытын қызықты өткізуді ұйымдастыруда аудандық ардагерлер ұйымының орны ерекше. Ардагерлердің аудандық кеңесінде 10100 зейнеткер тіркелген, олар 95 бастауыш ардагерлік ұйымға бірігеді. Сондай-ақ, ауданымызда Ұлы Отан соғысына қатысқан 19 ардагер, 430 тыл еңбеккері, 103 саяси қуғын-сүргін құрбаны тұрады.

Білім беру саласы

Бүгінгі таңда ауданда 12 мемлекеттік балабақша және 1 шағын орталық, 14 мектеп, 2  колледж және 3 жоғары оқу орны бар.

2014 жылы жалпы жобалық қуаты 240 орындық 1 балабақша және жалпы сыйымдылығы 3600 оқушыға есептелген  3 мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар,  жиыны 480 балаға шақталған  2 балабақшаның құрылысы аяқталды.

Жақында «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ салған 240 орындық 1 балабақша ашылады.

Өткен жылда аудан аумағына қосылған көрнекі ғимараттардың ішінде екі Назарбаев зияткерлік мектебі мен Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті – Ұлт көшбасшысы атындағы Ұлттық қорғаныс университетін айрықша атауға болады.

Әлемдегі бізге де салқыны тиіп жатқан экономикалық қиындықтарға қарамастан, Қазақстан өзінің әлеуметтік бағыттағы бағдарламаларын жалғастыра беретінін Президент айтқан болатын. Соның дәлелі ретінде  қазіргі уақытта ауданда келесі мекенжайлар бойынша әрқайсысының жалпы жобалық қуаты 1400 орын болатын 6 балабақшаның құрылысы жалғастырылып жатқанын қуанышпен жеткізгім келеді. Олар:

  • Сауран және № 24 көшелерінің қиылысында;
  • Түркістан – Орынбор, №25 және № 26 көшелерінің қиылысында;
  • Сығанақ көшесінің оңтүстігінде;
  • Сығанақ көшесінде;
  • № 23 көше, Орынбор және №36 көшелерінің қиылысында;
  • «Үркер» шағын ауданында.

Сонымен қатар, биыл мына мекенжайлар бойынша жалпы жобалық қуаты 5600 орындық 4 мектеп құрылысы жүргізіледі және біреуіне жапсарлас ғимарат салынады деп жоспарлануда:

  • «Комсомольский» тұрғын алабы;
  • №19 көшесінен оңға қарай, 4-шағын аудан;
  • «Батығай» ТК аумағы;
  • № 26, 37, 38 және Хусейн бен Талал көшелерінің аумағы;
  • № 17 мектепке жалғай салынған ғимарат.

Дәл қазіргі уақытта қосымша 4 мектеп және 3 балабақша құрылысын қамтамасыз ететін жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып жатыр.

Денсаулық сақтау саласы

Қазіргі уақытта ауданда барлығы 16 медициналық мекеме жұмыс істейді, оның ішінде алтауы Ұлттық медициналық холдингтің құрамына кіреді.

2014 жылы 2 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталды: 200 төсек-орынға есептелген ҚР Ішкі істер министрлігінің  госпиталі және  ауысымына 250 науқас қабылдай алатын емхана, ҚР Президентінің іс басқармасына қарасты  медициналық орталықтың  клиникалық оңалту кешені.

Ауданда құрылысы ағымдағы жылда аяқталатын 3 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жалғасуда:

  • «Шығыс Ильинка» тұрғын алабында орналасқан ауысымына 15 науқас қабылдай алатын алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталығы;
  • 250 төсек орындық әлеуметтік-медициналық оңалту орталығы және ауысымына 15 науқас қабылдайтын емхана;
  • 250 төсек орынға есептелген балаларға арналған жұқпалы аурулар емханасы.

Ауысымына 500 сырқатқа еркін қызмет көрсете алатын амбулаторлық- ауруханалық кешеннің ғимаратын тапсыру ағымдағы жылдың ақпан айына жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, абаттандыру секілді ұсақ-түйек жұмыстар кезеңіне көшті.

Денсаулық сақтау нысандарының жетіспеушілігін оңтайлы шешу мәселесіне келсек, біздің аудан тұрғындарына №1 перинаталдық орталықтың базасында орналасқан №4 қалалық «Шипагер» жанұялық емханасы қызмет көрсетеді. «Шығыс Ильинка» тұрғын алабының тұрғындарына жергілікті жерде тегін медициналық қызмет көрсету мақсатында мемлекеттік тапсырыс бойынша орналастырылған «Салауатты Астана» ЖШС жеке емханасы ашылды.

Мәдениет, спорт

Ауданның мәдениет және спорт нысандарымен қамтылуы жоғары деңгейде. Аудандағы 16 спорттық нысан, соның ішінде 4 үлкен спорттық кешенмен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасай отырып,  тұрғындардың және жастардың әлеуметтік жағынан аз қорғалған тобына  бағаның бәсең болуына айрықша назар аударамыз.

Мәдениет саласындағы маңызды оқиғаларға тоқталсақ, былтыр Назарбаев орталығының ғимаратында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысының кітапханасы ашылды. Кітапхананың қорында мемлекет басшысының 40 мыңға жуық еңбегі, сонымен қатар жеке топтамасынан 500 экспонат  қойылған.

Ақпараттық-насихат жұмыстары

Құрамында 30 коммуникаторы бар 5 ақпараттық-насихат тобы ауданның еңбек ұжымдарымен қойын-қолтық жұмыс істеп, халық арасында насихат жұмыстарын жүргізуде. Еңбек ұжымдарында тұрақты түрде түрлі іс-шаралар: семинарлар, дөңгелек үстелдер, конференциялар, жиындар, шығармашылық кештер  өткізіліп тұрады.

Сонымен қатар, Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050»: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауындағы маңызды міндеттерді насихаттау мақсатында жыл бойына 80-ге тарта кездесу және мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын талқылау және насихаттау бойынша 23 кездесу ұйымдастырылды.

Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің  депутаттары мен орталық атқарушы органдардың басшыларының қатысуымен кең көлемдегі  11 кездесу өткізілгенін атап кеткен жөн.

Мүлікті жария ету

«Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ыхтиярхаты бар адамдарға мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» 2014 жылғы 30 шілдедегі Қазақстан Республикасының №213-V ҚРЗ Заңы 2014 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне еніп, оны іске асыру бойынша жүйелі де жоспарлы жұмыс жүргізілгенін барлығыңыз білесіздер.

Ауданға қатысты мәліметтерге тоқталсақ, 2014 жылдың 2 қыркүйегінен бастап 31 желтоқсан  аралығында мүлікті (ақшадан басқа) жария етуді қарастыратын комиссияға 1001 өтініш келіп түсті, оның ішінде:

  • жылжымайтын мүлік бойынша – 988;
  • басқа нысандар бойынша – 13 .

Осы уақыт аралығында, жылжымайтын мүлік бойынша жалпы сомасы 1 469,5 млн теңгені құрайтын 228 нысана заңдастырылды.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − thirteen =