Өтініштер ескерусіз қалмайды

0 47

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының VІІ шақырылым депутаттары сайлау өте салысымен жұмысқа белсенді кірісті. Екі айдан аса уақыт ішінде қала тіршілігіне қатысты әралуан мәселелерді қарап, сессияларда бірқатар маңызды құжаттарды бекітті. Сайлаушылармен тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында «ашық мәслихат» жобасы басталды. Қалалық мәслихаттың ресми сайтында «Депутатқа сұрақ қой» айдары ашылды.

– «Депутатқа сұрақ қой» айдары арқылы сайлаушылар кез келген депутатқа хат жазып, мәселесін жеткізе алады. Бұл хатқа қосымша құжаттарды да тіркеуге болады. Мұның бәрі депутаттың электронды поштасына түседі. Содан соң хат иесіне жауап беріледі, – дейді қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов.
Бұдан басқа депутаттардың сайлаушыларды дәстүрлі қабылдау шаралары да өтіп жатыр. Қазіргі жағдайға байланысты мұндай шаралар онлайн форматта да, халықпен тікелей кездесу жолымен де ұйымдастырылуда.
Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимовтың алғашқы онлайн-қабылдауына алты адам қатысты. Олардың арасында Күлтегін тұйық көшесінің тұрғындары да болды. Барлық айтылған мәселелер жауапты мемлекеттік органдардың өкілдерін тарта отырып, бірден қаралды. Өтініш айтқан азаматтарға тұрғын үй мәселелерін шешу бойынша түсініктеме берілді. Бір айта кетерлігі, мәслихат хатшысы әр бейсенбі сайын сағат 16.00-де пандемияға байланысты азаматтарды онлайн форматта қабылдап жатыр.
Ал қалалық мәслихат хатшысының осы қызметке кіріскелі тұрғындарды бірінші тікелей қабылдауы Nur Otan партиясы қалалық филиалының қоғамдық қабылдауында ұйымдастырылды. Қабылдауға жазылған 10 адам ПИК пен қоғамдық көлік жұмысына шағымдарды, қала тынысына байланысты өзге де өзекті проблемаларды жеткізіп, елордадағы газдандыруға байланысты мәселелерді көтерген. Көптеген мәселелер жедел түрде шешілді. Қалғандары бақылауға алынды. Мәслихат хатшысы олардың таяу уақытта шешілетінін айтты.
Өзге де депутаттар өздеріне бекітілген сайлау учаскелеріндегі сайлаушылармен кездесіп жатыр. Мәслихат депутаты Ерлан Дәкенов өткен демалыстарда «Агроқалашық» тұрғын алабына барып, Қарасай батыр көшесі тұрғындарымен жүздесті. Онда да ПИК-ке қатысты мәселелер көтерілді. «Мұнда қарапайым қоқыс салатын жәшіктер дұрыс қойылмаған. Сонымен қатар Сарыбұлақ каналына күл, тұрмыстық қалдықтарды төгу жағдайлары кездеседі екен. Мұның салдарынан қоршаған ортаға зиян келіп жатыр. Бұған қатысты тұрғындардың алаңдаушылығы өте орынды. Қар тазалау, жиналған суды сору жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр екен. Бұл үдеріс – әкімдіктің бақылауында» дейді депутат.
«Үркер» тұрғын алабына бекітілген депутат Назгүл Мақжановаға осы елді мекендегі ұялы және интернет байланысының нашарлығына қатысты шағым келіп түсті. Сондай-ақ ата-аналардан «Кирпичный» тұрғын алабында аула клубын ашу өтініші айтылды. Депутат осы мәселелерге жауапты мекемелерге хат жолдап, жуырда жауап алды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + eleven =