ОТБАСЫНЫҢ ТҰРЛАУЫ – СЫЙЛАСТЫҚТА

0 270

«Астана ақшамы» газетінің ұжымы жаңа жобаны қолға алды: «Бәйтерек» түбіндегі басқосу» (оқырмандарға мәлім, редакцияның жаңа қонысы «Бәйтерек» монументінің түбіндегі «Нұрсая-2» ғимаратында). Жоба аясында журналистер түрлі сала мамандарымен бірлесіп, өзекті, түйінді тақырыптарды талқыламақ. Алғашқы отырыс «Отан – отбасынан басталады» деген атпен Отбасы күніне арналды. Жиынды ашқан «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Ерболат Қамен алдымен елордалық басылымның тарихына тоқталып, жаңа жобаның мақсат-мүддесін әңгімеледі. Сонымен қатар, отбасы – қоғамның ең негізгі әлеуметтік құндылығы екенін айтып, сол құндылығымыздың қадасы нығая түсуі үшін өнімді пікір білдіру керектігін сөз етті.

Басқосуға қатысқан ардагер ұстаз, білім беру ісінің үздігі Торғай Құдашева, психолог Алмат Сәбитұлы, «Мирас-А» қайырымдылық қорының президенті Серік Жүзбай және елорда тұрғыны, абзал ана Бақытжамал Кәрібайқызы бала тәрбиесіне, жас отбасылардың жиі ажырасуына, ерлі-зайыптылар арасындағы басқа да проблемаларға қатысты ойларын ортаға салып, пікір бөлісті.

Тілші: Соңғы жылдары некеге тұрған жастардың арасында ажырасқандардың басымдығын растайтын ресми деректер бар. Айталық, азаматтардың хал актілерін тіркеу қызметкерлерінің мәліметінше, биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында жиырма мың алты жүз (!) ерлі-зайыпты айырылысқан. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда ажырасқандар саны 7,3 пайызға артқан. Мұның себебін, салдарын қалай түсіндірер едіңіздер?

Торғай Құдашева: Ең бірінші, отбасындағы ерлі-зайыптының бір-біріне сыйластығы мен сүйіспеншілігі болу керек. Содан кейін бірлігі мен татулығы қатар жүруі тиіс. Сонда ғана ол жанұяның берекесі кіреді, келешегі болады.

«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дейді ғой. Тәрбие мен мінез де керек бұл тұрғыда. Қазыбек бидің мынау нақылы бүгінгілер үлгі тұтарлық:

«Тату болса – ағайын жақын, ақылшы болса – апаң жақын, инабатты болса – келін жақын, бауырмал болса – інің жақын, сыбайлас болса – нағашың жақын, еркелейтін немерең жақын, өз ұрпағың – шөберең жақын, бәрінен де өмірге әкелген анаң жақын». Міне, осындай ғибраттарды біліп, ұғып өскен ұрпақ қана ажырасуға, басқа да келеңсіз қадамдарға бармайды деп ойлаймын.

Алмат Сәбитұлы: Отбасы­ның бұзылуына қоғамдағы жаһандану, шет ел құндылықтарын сіңіру факторлары әсер етеді. Алайда, ажырасушылардың көбісінің айтатыны: «Мінезіміз келіспеді». Яғни, ортақ мәмілеге келулері қиын. Содан кейін көп жас ерлі-зайыптылар бір-бірінің алдарына қойған мақсаттарын түсінбейтін сияқты. Әлгі жаһандану құндылықтары мен қазақи тәрбиенің қарама-қайшылығы да отбасы шырқының бұзылуына әсер етеді. Бұларға әлеуметтік, әлеуметтік-экономикалық жағдайларды қосыңыз. Бұл тұрғыдан айта берсе, әңгіме көп. Өйткені, көпшілігіміз үйсіз-күйсіздікті, тұрмыс тауқыметін, жұмыссыздықты бас­тан кештік, кешіп те жатырмыз… Енді екі жас, ерлі-зайыпты осындай қиындықтарға шыдас берсе, төзімділік танытса, бірлесіп, бір-біріне демеу болса, жарасып кетері сөзсіз.

Мұнда жастарды да кінәлауға болмайды. Себебі, ата-аналар, өзіміз ұл-қыздарымыз қиындық көрмесін деп, алақанға салып мәпелейміз. Мұның да отбасылық өмірде кері әсері зор. Құда-құдағилардың арасындағы қарым-қатынасты да шеткері шығара алмаймыз. Олардың кикілжіңі, талас-тартысы жас отбасының бұзылуына әкеліп соғуы мүмкін.

Менің пікірімше, ажырасу – дүниежүзінде бар нәрсе. Отбасының да не бір түрлері пайда болуда. Айталық, азаматтық неке, бауырласу… Өкініштісі, мұндай жат дүниелер қазаққа сіңісіп барады.

Торғай Құдашева: Мен бір нәрсені қоса кетейін, жастардың жарасып кетуі жұлдыздарына да байланысты кейде. Жұлдыздары қарсы болып жатса, бірге ғұмыр кешулері қиын. Балық Тоқтымен, Тауешкі Мергенмен жұптаса алмауы мүмкін… Әрқайсысының өзіне тән мінез-құлқы, іс-қимылы, ұстанымы бар.

Тілші: Отбасының ең негіз­гі міндеті – бала тәрбиесі. Конституциямыздың 27-бабынан да «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті» деген жолдарды оқимыз. Ал нарықтық замандағы ата-аналардың көбісі жұмысбасты екені бәрімізге аян. Бұл бала тәрбиесіне кедергі болып отырған жоқ па? Немесе мектеп жасындағы бала тосын оқиғаларға ұрына қалған жағдайда неге бірінші мұғалімнен көреміз?

Торғай Құдашева: Әртүрлі мұғалім, әртүрлі ата-ана бар. Бірақ, тәрбиенің бастауы мұғалімде дер едім. Баланы оқытып қана қоймай, тәртібімен, мінезімен айналысқаны дұрыс ұстаздың. Бұл – ата-ана тәрбиеден тысқары деген сөз емес. Олар да баланың болашағына жауапты. Қазір көп ата-аналарда «Мен мұғалімге айтқанымды істетем» деген өркөкіректік бар, бұл – дұрыс емес, мұғалімге сену керек, сыйлау керек, мұғалім мен ата-ана балаға дұрыс тәрбие беру жолында ортақ тіл табысу керек.

«Балаңды бес жасына дейін ханыңдай сыйла, он бес жасына дейін құлыңдай жұмса, он бестен асқаннан кейін сырлас, ақылдас» деген сөзі бар қазақтың. Мұны да ұмытпаған дұрыс.

Алмат Сәбитұлы: Бала тәрбиесі әр отбасында әртүрлі. Бір ата-ана қатал, бір ата-ана бос ұстайды баласын. Меніңше, тәрбие үш ұғымға келіп тірелетін сияқты: ақыл, парасат және ұстамдылық. Осы үш қасиетті бала бойына сіңіре алсақ, жақсы тәрбие сол. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», «Не ексең, соны орасың» дейді ғой. Ата-ананың көрсеткені де, еккені де сол үш қасиет болсын баласына. Қоса айтарым, еңбекке баулу.

Тілші: Қоғамдағы шиеленісті қарым-қатынастарды реттеуде қоғамдық ұйымдардың рөлі зор ғой. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та мұны ескеріп, үкіметтік ұйымдардың жұмысын жетілдіру керектігін жиі айтады. Серік аға, Төлеген Айбергеновтың «Ажырасқандарды жүрегіммен қайта қосып…» деген өлеңіндегідей, сіз басқарып отырған «Мирас-А» қайырымдылық қоры үлкен миссия атқарып отыр. Өйткені, қазір күйеуі жеме-жемге келгенде сенімсіздік танытып, тас­тап кеткен жалғызбасты аналар жетерлік. Солардың сәбиі көбіне перзентханадан балалар үйіне өтіп кетіп жатады. Осындай есептен бүгінде жетімдер де көбейіп отыр. Мұны «әлеуметтік жетімдік» дейді. Осындай әлеуметтік жетімдіктің санын азайтуға септесіп, баланы ата-анасымен қайта табыстырып жүрген ұйымсыздар. Жалпы, жұмыстарыңыздың барысын әңгімелейтін кез келген секілді.

Серік Жүзбай: Иә, жоғарыда сіз айтқандай жағдайларда, ана баласынан бас тартқан мезетте перзентханадан бізге хабар келеді. Тез арада барып, анамен сөйлесеміз. Сонда көпшілігінің айтатыны – «тұрмыс ауыр, асырай алмаймын», «әкесі алдап кетті», «бұл сәбиге әке-шешем қарсы»… Біз басу айтамыз, шығар жол іздейміз, бір жылға дейін қамқорлығымызға шақырамыз… Міне, осындай жұмыстарымыздың нәтижесі, қордың құрылғанына үш жыл болса, әр жыл сайын елуге жуық шаңыраққа сәбилерін табыстап, татуластырдық.

Статистика деректеріне сүйенсек, Қазақстанда мыңнан аса тастанды бала бар екен. Астананың өзінде жүзді шамалайды. Біз өз жұмысымызда перзентханадан қанатымыздың астына алған сәбиге азан шақырып, ат қоямыз, қырқынан шығарамыз, бесікке саламыз, тұсауын кесеміз… Қазақы рәсімдердің бәрін-дерлік жасаймыз.

Бұл айтылғандармен қатар, осындай жайттардың алдын алу шараларын да қолға алғанбыз. Оқу орындары студенттеріне «Тәрбие – тағдырым» қойылымын көрсетеміз. Жасанды түсікті азайту, отбасын сақтап қалу мақсатында психолог мамандарымыз арнайы дәрістер оқиды. «Мирас-насихат» атты газетіміз арқылы да насихат жұмыстарын жүргіземіз. «Шаңырақ» атты танысу бұрышымыз тағы бар, екі жартыны бір бүтін қылуды мұрат еткен бұрыштың маңызы зор. Сүр бойдақтар мен кәрі қыздардың санын азайтуға септеседі еліміздегі. Қуантатыны, «Шаңырақтың» аясында бас құрап, ажырасып кеткендер кездескен жоқ әлі.
Тілші: Кез келген отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Осындай жағдайларда, басқа да түсініспеушіліктерде отбасылардың психологтарға жүгінуі қаншалықты? Алмат аға, алдымен сіздің пікіріңізге құлақ түрсек.

Алмат Сәбитұлы: Бұл мәселе біздің елімізде үрдіске айналды деуге келмейді. Қатты күйзеліске ұшырап, шарасыз қалғандар ғана келіп жатады, бірақ өте сирек. Бізде орын алған тағы бір үрдіс, «өзім білемдік пен өзім шешемдік» кең етек алған арамызда. Оның үстіне, мықты, тәжірибелі психолог мамандар да аз Қазақстанда.

Серік ағамыздың бастаған жұмыстарына сүйсініп отырмын. Расында, бір шаңырақты шайқалудан сақтап қалу, бір сәбидің басынан жетімдікті ысырып тастау – менің ойымша, үлкен ерлік. Біз осындай іргелі істерді бағалай алмаймыз, үкімет тарапынан қолдай алмаймыз.

Тілші: Рас, «Мирас-А» қоры сияқты ұйымдардың арқасында қайта табысқан, сәбиімен қауышқан отбасылардан ұлттың маңдайына басар тұлға, ел ағасы, азаматы шығуы да мүмкін ғой. Қазір отбасы мәселесімен айналысатын көп ұйым, психологтар бір жақты ғана, көбіне әйел жағын қорғаштап, қазақ қоғамындағы әйелдердің рөлін кемсітушілікке балап жатады. Бұл да табыстырудан гөрі араздастыруға апаратын сияқты…

Серік Жүзбай: Өз тәжірибемнен айта кетейін, ажырасқалы жатқан көп отбасы мүшелерінен «не болды?» деп сұрасаңыз, «ұрысып қалдық» дейді. Болмашы нәрсе ғой. Біз мынаны түсіндіруге тырысамыз, мәселен, бір алақанмен шапалақ ұра алмаймыз, екі алақан біріккенде ғана үн шығады. Отбасында да солай, қазақтың сөзімен айтсақ, «бас екеу болмай, мал екеу болмайды». Ал, қандастарымыз психологтарға жүгінуге келгенде, «жынды емеспін ғой» дейді. Яғни, жындылар ғана психологқа баратын сияқты… қоғамда психолог мамандығының маңызын жетілдіру керек іспетті.

Алмат Сәбитұлы: Отбасын құрған адамдар отау тіккен күннен бір-біріне бейімделу керек. Бұл екі кезеңге бөлінеді. Біріншісі, алғашқы бір-екі жылда бір-бірінің кемшіліктерін көрмеу, сыйлау, түсінісу. Екінші кезеңі екі жылдан кейін басталады, яғни, бір-бірінің бойынан мін іздеу, қателіктерін көре қалу, кінәлау. Мұның өзі бес жылға созылады. Сол бес жылда бір-бірінің әлгіндей кемшіліктеріне шыдас беріп, төзімділік танытқан, бейімделе білген отбасы ғана қатарға қосылып кетеді де, көбісі «мінезіміз жараспады» деп кетіп қалатыны содан. Статистикаға көз салсақ, ажырасушылардың дені үйленгеніне бес жыл болмағандар ғой, одан кейінгілер арасында сирек. Сол сирек ажырасушылардың ішінде «біреу тойып секіредінің» кері де бар. Өйткені, «қазақ байыса…» белгілі. Бірақ, біздің қоғам бірнеше әйел алуға да ерік беріп қойған.

Тілші: Еуропа елдерінде отбасын құруды жоспарлағандар алдымен профилактикалық тексеруден өтетін көрінеді. Яғни, ер мен әйел медицина мекемелерінде арнайы қаралады, бедеулік, белсіздік ауруларының бар-жоғын анықтап алады, психологтармен кеңеседі. Ал, біздің елімізде бұл мәселе елеусіз қалған, немқұрайды қараймыз, ұят көреміз. Бәлкім, Қазақстанға да сондай үрдіс немесе заң керек шығар?..

Алмат Сәбитұлы: Шаңырақ көтергелі жатқан ер мен әйелдің психолог алдына келіп, мінездерін, бір-бірімен қарым-қатынасын біліп, ниеттерін өзгерткендер осы уақытқа дейін болды. Бұның алып-қашпа, алдамшы сезімнен арылтып, ақылға, парасатқа жүгіндіретіні сөзсіз. Меніңше, мұндай әрекеттерді қазақыландыру керек сияқты, мұсылманшылықпен шатастырмайық. Шет елдерде өйтіпті, бүйтіпті деп еліктемей, өзіміздің салт-санамызға негіздегеніміз дұрыс бұл үрдісті. Сонда ғана жақсы нәтижесін көре аламыз.

Серік Жүзбай: Жан-жақтан көп ақпарат ала берудің де зияны болады. Мысалы, балаға тәттіні берсек, ол үйреніп кетеді де, тілін уылтады ғой. Сол сияқты өзгенің қаңсығына жармаса бергеніміз, бірде болмаса бірде заһарын төге салады. Ең бастысы, біз өзіміздің қанымызға сіңген әдетпен, салтпен санасқанымыз жөн. Сол арқылы іргемізді бекітіп, керегемізді кеңейте аламыз. Десе де, мен болашақ ерлі-зайыптылардың медициналық тексеруден өтіп, денсаулықтарын бүге-шүгесіне дейін тексертіп алғанын қолдаймын. Бұған заңдық тұрғыдан да қолдау болса деймін. Бұл да көп шаңырақтың шайқалмауының кепілі.

Тілші: Жігіттердің жауапсыздығынан, перзентханада жалғыз босанған қыз сәбиін не істейді? Тұрмыстық ахуалы төмендігін айтып, жетімдер үйіне өткізеді дедік, иә. Мұны «Әлеуметтік жетімдік» дейді. Осындай әлеуметтік жетімдікті болдырмаудың, жоюдың қандай жолдары бар?

Торғай Құдашева: Бұл үшін әке-шеше әу бастан қамдануы тиіс. «Ұрпақты қалай сақтаймыз, болашағымызды қалай жасаймыз?» деген сауалдардың төркініне, байыбына барғаны жөн. Ар-намыс алдында өздерін биік ұстасын. «Үйлену – оңай, үй болу – қиын». Қал-қадірлерінше байыпты қадам жасаса, жетімдік те жойылады.

Тілші: Кеңес өкіметі тұсында көп балалыларды қызметте өсіру, әлеуметтік жәрдемдесу, отбасылық кикілжіңдерде жолдастық кездесу, жиналысқа салу сынды шаралар болатын. Бәлкім, бізге де сондай бір әрекеттер керек шығар?.. Бәлкім, сондай әрекеттер әлеуметтік жетімдікті азайтар?..

Серік Жүзбай: Бізде босанған аналарға берілетін біржолғы жәрдемақы қырық мың теңге болса, ай сайынғы жөргекпұлы – тоғыз мың теңге. Әрине, мардымсыз ғана қаражат, түкке жеткізгісіз. Осындай жәрдемақылардың мөлшерін ұлғайтып, босануға ынталандыру шараларын жетілдірсек, әлгі проблеманың да салмағы азаяр еді. Ресей, Қытай сияқты мемлекеттерде демографияға ат салысқан отбасыларға жоғары деңгейде қолдау көрсетеді. Сондықтан болар, шет елдерге барып, босанып жүрген қаракөздеріміз бар арамызда. Бір қарындастың Ресейдің азаматтығын алып, сонда босанып, қомақты ақшасын алғанына өзім куә болдым.

Тағы айта кетейін дегенім, өзге елдерде, мәселен, Түркияда ажырасуға арыз тастаған ерлі-зайыптыларға сот бес (!) жылға дейін ойлануға уақыт береді екен. Бұл да отбасының амандығына, бірлігіне, ынтымағына мүдделі елдің тірлігі. Ал, бізде бар-жоғы алты-ақ ай, ары кеткенде.

Тілші: Ішкі істер саласының қызметкерлері жасөспірімдер қылмысының азаймай тұрғанын айтып, жиі дабыл қағады. Осы орайда, бізге балаларымызды имани тұрғыда тәрбиелеу жетіспей жатқан болар? Өйткені, шариғат заңдарын біліп жетілген өспірім жаман әдеттерден аулақ болады дейді мамандар.

Бақытжамал Кәрібайқызы: Біз имандылыққа көп назар аударғанымыз жөн. Сонда бәріміз айтып отырған – баланы тастау да, ажырасу да, қыз балаларымыздың сан соғып қалмауы да болмас еді. Осы орайда айтайын, Алланың ең ұнатпайтыны – ерлі-зайыптылардың ажырасуы екен. Отбасында ең бірінші имандылық тәрбиесі керек. Осылай ғана ата-ананы сыйлаймыз, жат қылықтарға бой алдырмаймыз, Алладан қорқамыз .

Қазіргі жастардың қате басып, ұрынуларына біздер кінәліміз. Өйткені, ол бала отбасынан шықты. Балаға ештеңені үйретіп қажеті жоқ, ата-ана не істейді, бала соны қайталайды. Сондықтан, тәрбиені өзіміздің әрекетімізбен, ісімізбен беруіміз керек.

Серік Жүзбай: Осы жерде Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисін айта кетейін. Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) бір сахаба баласын жетектеп келіп, «Менің балам тәттіні өте көп жейді, қойдырып беріңізші» деген екен. Пайғамбар (с.ғ.с.) баланың басынан сипап, «Қырық күннен кейін алып кел» деп қайтарып жіберіпті. Межелі уақытта қайта келеді әлгі сахаба, пайғамбар (с.ғ.с.) тағы да баланың басынан сипап, «тәттіні көп жей берме» депті де, «қайта беріңіз» деген көрінеді. Сонда сахаба тұрып, «Уа, Алланың Елшісі (с.ғ.с.) қырық күннен кейін кел дегендегі жасаған амалыңыз осы ғана ма?» десе, Мұхаммед (с.ғ.с.) «Қырық күн бұрын мен де тәттіні жақсы көретін едім. Оны балаға қалай қой деп айтам. Ал енді тәттіден өзімді тыйып, балаға тәттіні көп жеме деп айттым, бұл сөзім өтеді оған» деген екен. Міне, кейінгі буын жақсы тәрбиеленсін, өнегелі болсын десек, алдымен өзіміз үлгі таныталық.

Тілші: «Отбасы бақыты» дегеніміз не, қалай түсінеміз? Осының аясында бүгінгі отбасындағы ең негізгі мәселені де алға тартсаңыздар.

Торғай Құдашева: Жас ерлі-зайыптылар бақытты боламын десе, оларда алдымен бірлік, татулық, кісілік, сыйластық және кешірімді болу керек. «Мен білемдікке» салынбай, әке-шешелердің тәлімін бойларына сіңіргендері жөн. Содан кейін, білімділік. Білім: өмірде – жолдас, қайғыда – дос, күресте – құрал.
Алмат Сәбитұлы: Меніңше, отбасы мүшелерінің өзара түсіністігі, сол арқылы бір-біріне ақыл, парасатпен қорған болуы – басты мәселе. Бақытқа да осылармен жол табады.

Серік Жүзбай: Бізге сабырлық жетпейді. «Сабыр түбі – сары алтын» дейді. Сабырдан айнымаған барлық сыннан сүрінбей өтеді. «Ойлан, достым, ойланбасқа болмайды, ойланбаста жатқан жоқ па бар қайғы» деген екен бір ағамыз. Әр қадамымызды ойлана бассақ, қателіктер де аз болады-ау.

«Бәйтерек» түбіндегі басқосудың» алғашқы отырысында көп ой, орынды пікірлер, ұсыныстар айтылды. Көкейге қонымды мәселелер де көтерілмей қалған жоқ. Түйгеніміз, отбасы тыныштығы сыйластықта, білімділікте, татулықта, кешірімділікте, имандылықта және төзімділікте жатыр екен. Бала тәрбиесінде де ата-ананың махаббаты мен мейіріміне, құштарлығына, имандылық шарттарына сүйенгеніміз жөн. «Отан – отбасынан басталады» деген сөздің төркініне үңілсек те, өз жақындарыңды қалай сүйсең, Отанға деген махаббатыңның соншалықты екенін көреміз.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − nineteen =