ОТБАСЫНЫҢ ОТЫН ҚАЙТА ЖАҚҚАН БАЛА

0 169

… Ұзын жолда таныс-бейтаныстың талайымен сапарлас, үзеңгілес боласың. «Кемедегінің жаны – бір», тұз-дәмі ортақ, бұрын-соңды бір-бірінің бары-жоғынан бейхабар жандар әр нәрседен сыр тар­та отырады. Сөйте келе, «қалта түбіндегі» әңгіме шертіледі. Таспа жол талай тарихты жазып алып қалып жатыр. Дидарғайып дүние, отарбадан оза бере, ойыңнан шығып үлгеретіндері қаншама!..

Астана – Алматы жүйрік пойызы Шу стансасына тоқтаған кезде купеге ақсары өңді, тұрқы мол пішілген орта жастағы әйел мен кесек денелі балаң жігіт кірді. Жайғасып алған соң жөн сұрады. Әже мен неме­ре болып шықты. Жолымыз да, ат басын тіреп тоқтайтын межеміз де бір екен. Атбасарлық көрінеді. Үлкен кісі «дәулеті төмен отбасының балалары мен мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін қоғамдық қордың директоры­мын» дейді. Аты-жөні Наталья Пешкова екен.

Наталья Николайқызының Шымкент қаласында семинарға қатысып келе жатқан беті екен. Шымқала адамдарының кісілігі мол, жүзі жылы, ілтипаты мен ілкімділігіне таң-тамаша һәм дән риза.

Наталья Николайқызы ата-ана мен балалардың арасындағы ықылас-ілтипатты бағамдау үшін әке-шешелерінің фотосуретіне қарап отырып, мінездеме беруі қажеттігі хақында тапсырма берді. Балалар қуана келіскен. Бірақ, бір бала ғана сол күннен бастап сабаққа келуді доғарды. Бір күні базардан азық-түлік алып жүргенде көптен көрінбей кеткен жеткіншекті анадайдан көзі шалып қалды. Жүдеу. Бұл да оның назарына іліккенін байқады. Баламысың деген, сақа кісіні сан соқтырам деді ме, көрмегенсіп өтіп кетпекке ыңғайланғанда қарсы алдынан қасқайып тұра келді. Бала қашатын жер таппай, тыпырлап қалды.

– Степа, қайда жүрсің? Тапсырманы сен ұмытсаң да, менің жадымнан шыққан жоқ. Күтіп жүрмін.

Баланың жүзі алабұртып, бұрқ етті:

– Жоқ! Қайдағы біреу туралы мен ештеңе айтпаймын.!

– «Қайдағы біреуі» несі? Өз ата-анаң туралы…

– Менің әкем жас әйелге кетіп қалған!

Ұстаз абдырап қалса да, өңін бұзған жоқ. Баланың жүрегін жайлап жібітпекке сабырға шақырды:

– Тіршілікте үлкен кісілердің арасында он­дай-ондай бола береді. Әкеңе өкпелеме. Өзің ержеткенде түсінесің! – дей бергенде бала сөзді шорт үзді:

– Үлкейгеннің тірлігі осы болса, ержеткім келмейді! Анам да, әжем де, бәрі-бәрі осы бір сөзді жаттап алғансыздар! Анам анау, екі көзінен жас кетпейді. Әжем болса, баласының кесірінен жүректің дәрісін тамақ орнына ішетін күйге түсті. Үйде дастарқанға салатын ештеңе қалмады! – деді бала жүзін жасырып.

– Құдай жар болсын. Жабырқама, – деді де, амалсыз бұрылып кетті.

Арада біраз уақыт өтті. Көктем келді. Қоғамдық қордың қолынан іс келетін балалары жалғызілікті қариялардың үйін жинап, аулаларды тазалауға, қараторғайға ұя жасап, ағаштың басына ілуге топталып шықты. Бір кезде Наталья анадайдан таудан тасқа секірген арқардың қозысындай ойнақтап, талпынған балапандай құлашын құстың қанатындай далпылдатып, бұларға қарай жүгіріп келе жатқан Степанды көрді. Бала жарқ-жұрқ.

– Мен сіздерді алыстан көрдім. Тұра тұрыңыздар. Кетіп қалмаңыздар! Киім ауыстырып келейін. Мен бәріңізге, бәріне көмектесемін, – деп, саңқ-саңқ етті.

Тәлімгер бір үлкен жаңалықтың болғанын білді. Сөйтті де,

– Тоқта, Степа! Бұл тірлік сенсіз де бітеді. Сен маған жайыңды айт!

– Наталья Николаевна! Мен әкемді үйге қайтардым ғой.

– Мынауың тамаша екен. Қане, әңгімеңді айт! – дедім.

***

…Атбасардағы зауытта Степанның жасы 40-тан жаңа асқан әкесі қызмет ететін. Күндердің күнінде әкесі бірнеше күн қатарынан үйге келмей қалды. «Папам қайда?». «Алыс қалаға іссапарға кеткен» дейді шешесі мен әжесі жыламсырап. Әкесі «іссапарға» кеткелі үйден береке қашты. Анасы «ауырып жүрмін, жұмысқа жарамаймын» деп, аз күннен кейін ақысыз еңбек демалысын алып, үйде отырып қалды. Күні-түні бүк түсіп жатады да қояды. Жай жатпайды. Екі көзі бұлаудай болып жылап жатады. Тамақ пісіру жайына қалды. Үйдің іші шашылып, шаң басты. Бір ай өтті, екі ай өтті. Ұлы «іссапарға» кеткелі әжесі уһілеп-аһылап әншейінде баса алмайтын аяғын сүйретіп далаға шығуы тіпті қиындады. Иісін мүңкітіп әлдебір сылау майды аяғына жағады да жатады. Жүректің дәрісі шақ келмейтін болды. Сатып алуға ақша бірде табылып, бірде табылмайды. Ол да сыңсып жылай береді. Кейде көршілері бір-бір табақ тамақ әкелмесе, мүлдем аш қалады.

Бір күні Варя деген көрші апай кіріп келіп, әй-шәй жоқ:

– Әй, әлгі байың ойнасынан қашан оралады екен өзі? Хабар жоқ па? –дегенде бала бүкшиіп отырған анасына жалт қарады. Ол сұқ саусағын ерніне апарып, бала отырған тұсты жанарымен нұсқады. Қанша айтқанымен, есі кіріп қалған емес пе, сөздің төркінінен секем алды. Қазбалап сұрап, анығын біліп алды.

Бұлардың сорына Атбасарға Астанадан студент қыз өндірістік тәжірибеден өтуге келіпті. Уыздай. Жиырма-ақ жаста. Қырықтағы еркекті үйіне қайтар жолдан жаңылдырған қылымсығанның қылығы екен…

Анасы да, әжесі де шарасыз. Үйдегі ерқара он екі жасар ұл болып қалды. Көп ойланды. Көп ой­ланды да, әкесінің қызмет орнына баруға бел бай­лады… Жұмыс уақытының тәмамдалар тұсында папасының мәшинесінің жанына барып тұрды. Шамалы уақыттан кейін әке шықты. Иығына басын сүйеген бір жап-жас қыз қолтығына кіріп кете жаздап келе жатыр екен. Өзі үйден кеткелі көрмеген әке ұлына кезіккеніне қуанып кетті. Іле өңі қуарып сала берді. «Ұрлығының» үстінен түскеніне қысылып қалған жайы бар. Жанындағы жас сұлуға:

– Машинаға бара бер! – деп кілтті ұсынды.

Ол бұртиып, бұлқынып, бұлданып, айтқанды тыңдағысы келмеді.

– Бар дедім ғой!!!

Жекігенге жете-қабыл дауыс оны орнынан ыр­шытып жіберді. Ызаланып та кеткен болуы керек, қайқаң-қайқаң, қаздаң-қаздаң жүріп, жіңішке белін бөксе тұсынан бір бұрап жіберіп, жалп етіп, машинаға отырды.

Бала іле, бастырмалатып әкесін сұрақтың астына алды:

– Папа, менің сізді тыңдамаған кезім бар ма? Әлде сабақты нашар оқыдым ба? Мамамның, әжемнің, тілін алмай қойдым ба? Бұзықтық жасап, төбелестім бе? Үй шаруасын жасамадым ба? Неге бізден кетіп қалдыңыз?

– Жо-жоқ, балам, тыңда! Үлкейген кезде түсінесің…

– Жо-о-оқ! Айтпаңыз маған ондайды!!! Одан да бізден не үшін кеткеніңізді тура айтыңыз!

Машинадағы бойжеткен қайта-қайта дабыл белгісін беріп, екі білегін айқастырып, «Сөзді доғарыңдар!»-ды ишаралап, мазасы кетті.

– Балам! Сенің шешең қырықта. Өңінен әр кетті. Бой-басы, дене тұрқы сиықсызданып барады. Көз қуантатын ештеңесі қалған жоқ. Ондай әйелді тастамағанда кәйтемін? Мына қыз жап-жас, тәп-тәтті. Саған сөздің ашығы керек болса, бар мәселе осында!

– Олай болса, папа, сіз де мені мұқият тыңдаңыз. Менің қырықтағы шешемді сиықсыз десеңіз, сіздің алпыстағы анаңыздың қандай екенін айтайын ба? Түрі жаман. Алжа-алжасы шыққан кәрі. Беті әжім-әжім. Тісі жоқ, жалмау­ыз кемпірдің түріндей. Аяғына жаққан дәрісінен үйдің іші түгел сасып кетеді. Біреу демемесе, өздігінен отырып-тұра алмайды. Сіз менің шешемді тастадыңыз. Ондай болса, туған ұлы сізге де керексіз болып қалған кәрі шешеңізді мен де тастаймын!

Қырықтағы еркек енді шыдап тұра алмады. Өкіріп жіберді. Ебіл-дебілі шығып жылады. Ұлы қой демеді, әке қояр болмады. Екеуі де жанынан өтіп бара жатқандардың ешбірінен қысылған жоқ. Қыз түсінді ме, әлде, айтқанына бола қоймағанына қорланды ма, машинаның есігін сер­пе ашып, кілтті бұларға қарай лақтырып жіберіп, кердеңдей жөнелді.

***

– Міне, бар-біткені – осы. Кәзір біздің от­басымыз төрт көзіміз түгел. Үйдің іші таза. Тамағымыз тоқ. Мамам да, әжем де жақсы. Папам бізге бұрынғыдан да ықыласты болып кетті. Мамама «қымбат, сапалы опа-далап алып, тезірек жасаруға тырысыңыз. Сымбатыңызды түзеңіз! Әдемі киініңіз. Шашыңызды өсіресіз бе, қидырасыз ба, әйтеуір, соңғы сән үлгісімен баптаңыз» деп күндіз-түні қылқылдап жүрмін, – деді бала бал-бұл жанып.

Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − fifteen =