ОТБАСЫҢ – ҚҰТХАНАҢ

0 134

ZAH_9321

– Адамға бақытты болу үшін асқан дәулеттің де, даңқтың да керегі жоқ. Өзіне жарды жаңылмай тапса, күнкөріс көзіне айналар кәсібін дұрыс таңдаса, жетіп жатыр. Биыл өткен «Ме­рейлі отбасы» байқауының же­ңімпазы Кендай Ахметов әңгімесін осылай бастады.

Кендай және Күлән Ахметовтер Астанаға 2000 жылы көшіп келген. Өздері бұрынырақ сары даласы балық «сасыған», әс­­­­кери по­лигоны бар, темір жолы бо­йы­мен сақырлап анда-мында по­йыздар зулап жататын Сарышағанда тұрған екен. Елордаға жұмыс бабымен қоныс аударған. «Астана электр­мен жабдықтау дистанциясына». Содан бері, міне, он төрт жыл өтіп, осы уақыт ішінде елорданың қалай өсіп-өркендегеніне куә болған астаналықтарға айналып үлгерді.
Бұл отбасы Гүлнәр, Ғалия, Ай­гөлек есімді үш қыз бен Серік деген ұл тәрбиелеп өсірген. Бүгінде олардан Әдилә, Әділет, Аяжан, Дамир, Абылай, Әлтайыр деген немерелер сүйіп отыр.

Алғаш кездесіп, шүйіркелесе бастағаннан:

– «Мерейлі отбасы» байқауында өзге отбасылардан қалай озып, немен ерекшелендік деп ойлайсыз? – деп сұрадым.

Егдерген ерлі-зайыптылар бі­рінің сөзін бірі жалғай отырып, «әулетімізбен бір салада қызмет етіп келе жатырмыз» деп жауап берді.

Расында да, Ахметовтер әулетінде қазірге дейін төрт буын темір жол бойында қызмет етіп келеді екен. Ахмет, Шәкен, Жолтүс, Жөкіш, Төлеухан – Кендай Ахметовтің аталары болса, солардың ішінен үш адам теміржолшыларға берілетін ең үлкен марапат «Құрметті темір­жолшы» атағына қол жеткізген. Олардың қатарында біздің кейіп­ке­ріміз Кендай Төлеуханұлы да бар.

– Кез келген кәсіптің жетік маманы болу үшін мамандық ұрпақтан ұрпаққа өтуі керек деп ойлаймын. Сонда отбасылық тәжірибе молайып, кейінгі ұрпақ сол саладағы қызметін ширата түседі, – деді осы орайда Күлән апайымыз.

Санап қараса, бұл әулеттегі адам­дардың жалпы еңбек өтілі 1264 жылды құрайды екен. Бұл санды отағасы мақтанышпен мәлімдеді.

Айтпақшы, Күлән апайымыз да сол салада қызмет етеді. Талай жылдан бері темір жол стансаларында техникалық бөлімде еңбек етіп, бейнетінің зейнетін көріп келеді.

Заман басқа болса, заң да басқа. Темір жол бойында ақ жүзіне қара май жұқтырып, сақыр-сұқыр дауыстарға шыдап, кім жүргісі келсін?

– Балаларыңызды қалай ең­бек­ке баулыдыңыздар? Темір жол саласында қызмет етуге қалай қызық­тыр­дыңыздар? – дедік біз.

Кендай ағамыз:

– Бұл – ата кәсібіміз, – деп жауап берді. – Балаларымызды кіш­кен­тайынан жанымызда алып жүр­дік. Жұмысқа да ертіп апаратынбыз. Сонда көрді. Қызықтырған болуымыз керек. Қазір енді бір қызымыз бен бір ұлымыз осы теміржол саласында қызмет етеді. Екі баламыз басқа сала­ларға кет­кенімен, екі баламыз біздің маман­дығымызды төңіректеп жүр…

Дастарқанынан дәм татып, әң­гімесіне құлақ түрген жарты са­ғаттың өзінде Кендай ағамыз бен Күлән апамыздың әңгімесінен көп мәлімет алдым деп айта аламын. Олар үш қыз, бір ұл өсіріпті. Бұл жағынан ұқсастығымыз да бар. Сүйсіндік те, «мерейлі отбасы» болып, елдің өне­гелі, ардақты азаматтарына айналып отырған аға-апамыздың жолын тіледік. Содан соң… әрине, осылай абыройлы, бақытты өмір сүрудің шартын сұрадық.

Көргені көп, сөйлесе, өнегелі әңгіме, ғибратты сөздер айтып, ұйытып әкететін Кендай ағамыз өткеніне ой жіберіп, естелік шом­ғандай болды:

– Жас күнімізде біз де түк білмедік қой. Бірақ, қай жағынан да өзіміз дұрыс таңдау жасадық деп ойлай­мын… Мына апайың Күләнді кезік­тіргенде ол маған қарамай қой­ған. Соңынан бір жыл жүгірдім. Ол бізге жаңадан қызметке келіп жатқан еді. Барсам, қарамайды. Үнемі кітап оқып отырады. Әй­теуір, өзім көр­генде қолынан Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббаты» түспейтін. Сонда да қоймай, бара бердім. Ақыры, үйленіп, ша­­ңырақ көтердік. Біз отау құрғанда дымымыз бол­ған жоқ. Айдалада, темір жол стансасында тұрдық. Темір жолдың бойын­да. Ай­нала он шақырымға дейін кісі мекендемейді. Біз стансадағы жалғыз үйде тұ­ра­тынбыз. Темір төсек пен жұ­мыстан берілген көрпе-жастықтан басқа дүниеміз жоқ. Ал нанды аптасына бір рет автолавкамен жеткізіп береді. Сонда да біз мойымадық. Өмір­ге құлшынысымыз күшті болды.

Осылай әңгімелесіп отырғанда Күлән апайымыз қазіргі жастардың атүсті үйленіп, тез ажырасып жататынына алаңдаушылығын білдірді.

– Бұл отбасын құндылық деп сана­­мағандықтан. Жастардың бір-біріне кешіріммен қарауға тырыс­пай­тын­дығынан. «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» дейді, сол ақылды же­текшілікке алмайтындығынан, – дейді ол.

Ал Кендай ағамыз дерекпен сөй­лейтін әдетінен жаңылмады:

– Мен өткенде бір жерден оқыдым. Бізде бір жылда 70 мың отбасы құ­рылса, 30 мың отбасы ажырасып жа­тады екен. Бұл – өте қорқынышты нәрсе. Мемлекет мықты болуы үшін ондағы отбасы құндылығы мықты болуы керек. Әрбір отбасы діңгегі мықты шаңыраққа айналып, ондағы тәрбиеге баса мән беруі қажет… Бірақ, мен осы ажырасудың ең бас­ты себебі қаражат жетіспеушілігі деп ойлаймын. Мұндай сынақтарға жастар сабырмен қараса игі еді.

Сынақ демекші, Ахметовтер отбасына да тағдырдың сынағы аз беріл­меген. Кендай ағамыздың күн-түн демей жұмыс істейтінін, төрт жыл бойы жапан түздегі темір жол бойында тұрғандарын, 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысып, қан-жоса болып, артынан біраз уақыт бойы тергеуге алынып, қыспаққа түскенін, тағы басқа қиындықтарды айтпағанда, бес жыл бойы сал болып жатқан екен. Иә, қырыққа таяғанда омыртқасына шершеу шығып, аяғын баса алмай қалады. Жан жары сүйеп, арқалап, емдеу орындарына апарады. Осылайша жарымжан күйдегі азапты тіршілік бес жылға созылады.

– Оның бәрі, құдайға шүкір, артта қалды ғой… Менің ойымша, адамның өмірі аққан өзен сияқты. Өзен ылғи түп-түзу болып, бір қалыпта ақпайды ғой. Оның да арнасы бұрылып отырады. Біресе жыңғыл, тоғай арасымен, біресе жазық даламен ағып отырады. Біз де сондай тіршілік кешіп келеміз. Бірақ, Аллаға тәубе дейміз. Өміріміздегі ең басты байлығымыз – балаларымыз аман-есен. Әрқайсысы отау тігіп, үбірлі-шүбірлі болып, абыройлы өмір сүріп келеді…

Кендай ағамыз бен Күлән апайымыз, расында, аз уақыттың ішінде көп ой салды бізге. «Мерейлі отбасы болу үшін, өнегелі ұрпақ тәрбиелеу үшін ең алдымен өзің өнегелі іс істе» деді Күлән апайымыз. Ал, Кендай ағамыз бүгінгі күні балаларды компьютер мен те­ледидар алдына телміртіп, жалпы тәрбиені экранға тапсыра салудың дұрыс еместігін айтып күйінді. «Баланы бос қалдырмау керек. Жақсы-жайсаң жүрген жерге ертіп ала бару қажет. Сабақтан тыс уақыты болса, спорттық үйірмелерге беру керек. Әр баланың тәрбиесі мен адамдық болмысы үшін ең жауапты тұлға – ата-ана. Сондықтан, біз балаларымызды қоғамдық ортаның, теледидар мен интернет көздерінің кері тәрбиесінен арашалап, уысымыздан шығармауға ұмтылуымыз қажет».

P.S. Белгілі ақын Күләш Ахметова айтпақшы, «отбасы – әр адамның құтханасы». Құт­ханасын қастерлеп, қа­дірлеп ұстаған адам ғана шынайы отбасылық бақытқа қол жеткізбек.
Біз Кендай Ахметовтің отбасымен танысып шыққан сәтте Күләш ақынның сөзінің растығына көз жеткізе түс­кендей болдық.

Нәзира БАЙЫРБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × one =